Виртуалды әлемдегі дода
Елімізде киберспорт қарқынды дамып келеді. Әлем жұрты бет бұрған осы спортқа қызығушылар көп. Әсіресе, жастар. Жақында Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында «ALAMAN 2023: Qarağandy» деп аталған киберспорттан облыстық турнир өтті. Виртуалды әлемнің шебер ойыншылары өзара кім мықтыны анықтады.

Турнир «Қазақтелеком» АҚ және Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған. Қатысушылар CS2 және FС 24 деген ойындарды ойнап, бағы мен бабын сынады. CS2 дегеніңіз – атыс, шабыс. 10 немесе 5 адамнан жасақталған командалар бір-бірімен қарулы қақтығысқа түседі. Берілген тапсырманы орындағандар, қарсыластың көзін жойғандар жеңіске жетеді. Қарудың түр-түрі бар. Қарсыласты өлтірген сайын сізге виртуалды ақша түседі. Соған керек-жарақтарды сатып аласыз. Командаласыңызбен дыбыстық байланыста боласыз. Өзінің қызығы көп. Ал, FС 24 деген – виртуалды футбол. Приставкамен ойнайды бұны. Мұнда әрі кеткенде – 4 адам. Виртуалды түрде доп тебесіз. Жете алмай жүрген Еуропадағы үлкен стадионды таңдап, кумиріңіз ойнайтын атақты футбол клубын аласыз. Бәрі құзырыңызда.
Финалға шығу үшін Counter-Strike 2 бойынша – 68 команда, ал киберфутболдан 168 адам додаға түсіпті. Осы сандарға қарап, Қарағанды облысында киберспорттың қаншалықты дамып келе жатқанын топшылай беріңіз.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрады. CS2 финалистері – 1 200 000 теңгені, ал FC 24 финалистері 300 000 теңгеден алды.
Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz