Жаңалықтар

«ВИЧ инфекция қарсы көрсетілім емес»

Тұрғындар арасында кім вакцина алуы керек және кімге қарсы көрсетілім берілетіні туралы әңгіме көп. Дегенмен, ресми қаулымен бекітілген бес қарсы көрсетілім түрі ғана бар. Олардан басқа адамдардың вакцина алғанын медицина мамандары құптайды. «Тіпті, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар да вакцина алуда»,– дейді облыстық СПИД орталығының эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Ольга МОКРОУСОВА.

ВИЧ инфекциясы бар адамда коронавирус қалай өтеді?

Иә, ондай адамдар арасында вирус жұқтырғандар бар. 50 адамда коронавирус анықталды. Олардың қалы жақсы, көбінесе аурудың жеңіл формасы байқалады. Себебі, олар онсыз да антиретровирусты терапия қабылдайды. Ол ағзаның қалыпты жұмыс жасауына көмектеседі. Бұл терапия қан құрамындағы вирустарды азайтып, иммунитет жасушаларын арттыруға бағытталады. Емдеудің бұл түрі өздеріңіз білетіндей, біздің елде тегін. Бір айта кетерлігі, карантин уақытында біздің емделушілеріміз дәрідәрмектен тарыққан жоқ. Толығымен қамтылып, тасымалдау жағынан мәселелер туындаған жоқ. СПИД орталық та ашық болды, қажет көмек көрсетілді. Бұл терапия үзілмеуі керек. Ол адамда ВИЧ анықталған кезден бастап өмірінің соңына дейін жүреді.

Ал, коронавирусқа қарсы вакина аларда нені ескеру керек?

Екпе аларда орталық дәрігерлерінің қабылдауында болып, арнайы анализдер тапсыруы керек. Яғни, адам бойындағы вирус жүктемесін және SD4 иммунитет жасушаларының саны анықталады. Вирустың бар-жоғы, оның көлемі қан құрамы арқылы белгілі болады. Егер вирус мөлшері көп болса, екпе жасалмайды. Жоғарыда айтқан иммунитет жасушаларының саны 500-ден артық болса, вакцинацияға жіберіледі. Яғни, АИТВ инфекциясы вакцина алуға қарсы көрсетілім емес. Бүгінгі таңда диспансерде есепте тұрған 3395 адамның 200-ден астамы вакцина алды. Олардың арасында қандай да бір кері реакция байқалған жоқ. Сонымен қатар, вакцинаның екі компонентінен кейін вирус жұқтыру фактілері тіркелген жоқ.

Вакцинаға қарсы медициналық көрсетілім берілген тұлғалар қалай емделеді?

Ағзасында вирус жүктемесі көп, былайша айтқанда, ауырып тұрған адам толық жазылмай вакцина ала алмайды. Ол үшін антиретровирусты терапия алады. Одан басқа арнайы ем болмайды. Аталмыш терапия Қазақстанда 2005 жылдан бастап қолданылып келеді. Содан бастап АИТВ жұқпасын жұқтырған адамдардың өмірін айтарлықтай ұзартуға мүмкіндік пайда болды. Қазір ондай аналар дені сау бала дүниеге әкеле алады.

Орталықтың қызметкерлері вакцина алған шығар?

Иә, біздегі барлық қызметкер вакцинаны сәуірде алған. «Спутник V» салынды. Айтарлықтай ауыр реакциялар тіркелген жоқ. Жалпы, біздегі деректер бойынша вакцинаның барлығы – қауіпсіз әрі сапалы. Дегенмен, «вакцина кезінде вирус ДНҚ-сы адам ДНҚ-сына еніп кетеді» немесе «репродуктивті қызметтің бұзылуына алып келеді» деген сияқты көптеген фейк ақпараттар бар. Ондай бірде-бір жағдай тіркелген жоқ және олар ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Қазір коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакциналардың әсері, құрамы бұрын басқа ауруларға қарсы қолданған вакциналар сияқты. Және бұл ғана емес басқа кез келген ауруға қарсы вакцина репродуктивті функцияға да, адам геномына да әсер етпейді. Сондықтан, одан қорқып, алаңдаудың керегі жоқ.

Жауаптарыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button