Жаңалықтар

Ветеринариялық қауіпсіздік – басты міндет

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ халыққа Жолдауында елді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыта отырып, өнім көлемін арттыруға баса назар аударды. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағдарламалар қабылданып, бағдарламаларда ветеринарияны дамыту, жоғары сапа стандарттарына қол жеткізу, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше маңызға ие болды.

Әсіресе, фермерлерге қаржылай көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, мал азығын өндіру, жылқы, қой шаруашылықтары мен етті ірі қара шаруашылығын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын нығайту көзделген. Қазақстанда ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығы – ежелден ата-бабамыздан келе жатқан көне кәсібіміздің бірі. Сондықтан, қажырлы еңбекті талап ететін мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың шешуші факторлары – шаруашылықтарды білікті ветеринариялық мамандармен қамтамасыз ету және аса қауіпті індеттердің алдын алу болып табылады.

Бүгінгі күні осындай мемлекеттік қолдаудың ықпалымен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып, жұмыс жасай бастады.

2016 жылы «Қарағанды облысы ветеринариялық басқармасы» ММ тарапынан жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жаңадан ашылған кәсіпорындарға, атап айтқанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды дайындау және өткізуге – 37, жануарлардан алынатын ет өнімдерін қайта өңдеуді жүзеге асыруға – 1, сүт өңдеу кәсіпорындарына – 1, ет өңдеу кәсіпорындарына – 1, жануарлар мен құстарды өсіру және өткізуді жүзеге асыруға – 27, балық өнімдерін сақтау және өткізуге – 3, мал сою алаңдары мен пунктеріне – 35, ветеринариялық препараттарды сақтау және өткізуге – 4, жемшөп қоспаларын сақтауға және сатуға – 6, барлығы – 115 есептік номер рәсімделіп, жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, 6 заңды тұлғаға ветеринариялық-санитариялық сараптама өткізуге арнайы рұқсаттамалық мемлекеттік лицензия берілді.

Бүгінгі күні, Қарағанды облысы бойынша 6699 шаруа қожалығы, 45 асыл тұқымды мал шаруашылығы, 92067 жеке қосалқы шаруашылық бар. Аудандар мен қалалардағы тіркелген мал басының саны: ірі қара мал – 464919, ұсақ мүйізді мал – 1038912, жылқы – 260817, шошқа – 79849 және түйе – 1281.

Осы қолдағы мал басын аса қауіпті індеттерден қорғау үшін жыл сайын ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларын есепке ала отырып, жоспар жасалып, бекітілді. Осы бекітілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге 2016 жылы 760,9 млн. теңге бөлінді.

2016 жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылық жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары: қан алу, егу, бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалды. Атап айтқанда, жылдың қорытындысы бойынша, сібір жарасына қарсы ІҚМ – 516900 бас, ҰММ – 1167700 бас, жылқы – 217500 бас, түйе – 1270 бас және шошқа – 91000 бас, барлық жоспарланған мал басы 100% егілді. Қарасанға 223740 ірі қара мал басы екі рет, құтыруға 60200 бас ауыл шаруашылығы жануарлары және туберкулезге 424640 бас ірі қара малы екі рет зерттеліп, жоспар толығымен орындалды. Бруцеллезге 682,9 мың бас ІҚМ зерттеліп, 2956 бас ауруға шықты, зақымдану көрсеткіші 0,4%. Қой-ешкі малы 1670,2 мың бас зерттелді, 242 бас ауруға анықталды, зақымдану көрсеткіші 0,01% құрады. Жалпы, бруцеллез ауруына шалдыққан 2956 ірі қара мал басының ішінен 1253 мал басы және 263 бас туберкулезге анықталған ірі қара мал басы ветеринариялық-санитариялық бағалау нәтижесімен өңдеуші кәсіпорындарға жіберілді. Қалған бруцеллез ауруына шалдыққан 1703 ірі қара мал басы ветеринариялық-санитариялық сараптамалық бағалау нәтижесімен Ережеге сәйкес шексіз сатылымға жіберілді.

Бүгінде бруцеллез, туберкулез ауруларымен күресуге барынша күш салынуда, осы созылмалы түрде өтетін індеттердің ошағын дер кезінде анықтау, ошақтау жұмыстары қатаң қолға алынуда.

2016 жылы бруцеллез ауруынан қолайсыз ошақтар – Ақтоғай, Бұқар жырау, Ұлытау, Шет және Нұра аудандары шаруашылықтарында тіркелді. Бұл ошақтарда сауықтыру жұмыстары толығымен атқарылып, белгіленген шектеу шаралары алынды. Сонымен қатар, облыстың Қарқаралы ауданы Бесоба ауылдық округіне қарасты «Абай сервистік дайындау орталығы» ЖШС шаруашылығында және Жезқазған қаласында жеке ауладағы шаруашылықта ірі қара малдың туберкулезі тіркеліп, сауықтырылды. Пастереллез ауруы Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында орын алып, сауықтыру іс-шаралары өткізілді. Вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит аурулары Қарқаралы ауданы Қ.Аманжолов ауылдық округіне қарасты Белдеутас елді мекенінде орын алып, сауықтыру жұмыстары жүргізілді.

Өкінішке қарай, 2016 жылдың маусым айында Шет ауданы Еркіндік елдімекенінде бір бас ірі қара мал ет өнімінен 2 адам күйдіргі ауруын жұқтырып, об­лыста қайғылы жағдай орын алды. Сонымен қа­тар, қыркүйек айында Ақтоғай ауданы Жидебай ауылдық округіне қарасты Үшарал қыстағында 2 адам ерлі-зайыптылар қауіпті аурумен ауырып, дер кезінде ем-шара қабылдап, аурудан сауықтырылды.

Жалпы, 2016 жылы 14 елдімекендерде індет ауру ошақтары анықталып, карантин және шектеу қойылып, сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп, соның нәтижесінде жыл соңында барлық ошақтан карантин және шектеулер алынды.

Қауіпті індеттерді жою мақсатында, ауру шыққан елдімекендерде 2750 нысанға 2860 шаршы метр аумағына профилактикалық және 58 нысанға 420,25 шаршы метр аумағына мәжбүрлі дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

2012 жылы облыс бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттік мекемелері «Ветстанция» ветеринариялық дәрігерлерімен қан алу, егу, бірдейлендіру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүзеге асырылып отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде көптеген індеттердің алдын алу бағыттарында, тиісті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік туды. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға бюджеттен 39,6 млн. теңге бөлініп, облыс бойынша 11594 бас қаңғыбас иттер мен 3486 бас мысықтар ауланып, көзі жойылды.

2016 жылдың қорытындысымен КМК «Ветстанция» ветеринариялық дәрігерлерімен мемлекеттік қызметтерді (ветеринариялық анықтамаларды №1, №2, №3, және ветеринариялық паспорт) көрсету жұмыстары жүзеге асырылды. Барлығы, 35522 ветеринариялық анықтамалар, оның ішінде 1 нысандағы 5969 дана, 2 нысандағы 29531 дана, 3 нысындағы 22 және 311375 дана ветеринариялық паспорттар рәсімделді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілді, бұл жұмыстардың нәтижесі төмендегідей:

ІҚМ – 229703 бас, немесе 102%, ҰММ – 626009 бас (100%), жылқы – 71679 бас (103%), түйе – 219 бас (100%) және шошқа – 74242 бас (100%). Бірдейлендіру рәсімінен өткен мал толығымен дерекқор базасына енгізілді.

Жыл басынан бері ірі қара малға 327319 комплект, ұсақ мүйізді малына 829931 дана, шошқаға 82562 дана және 2016 жылдың желтоқсан айының соңында 400 комплект түйенің сырғасы облысқа орталықтандырылған түрде келіп түсті. Жыл басынан ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасынан ІҚМ – 109652 бас, ҰММ – 271666 бас, жылқы – 18070 бас, шошқа – 77740 бас, түйе – 55 бас есептен шығарылды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының және ит мысық өлекселерін тастауға арналған облыс бойынша мал көметін 109 мал қорымдары бар. Сонымен қатар, жануарлар мен үй хайуандарынан таралатын түрлі жұқпалы аурулардың таралмауы мақсатында аудандар мен қалаларға өлген ит-мысықтардың өлексесін жағуға арналған 20 инсенератор пештері орнатылды. Айта кететін жағдай, белгілі бір себептермен мал өлімі болған жағдайда, тұрғылықты мекеніңізге қарасты аудан немесе қала бойынша жергілікті «Ветстанция» коммуналдық кәсіпорынға өлген малдардың өлекселерін жою мақсатыда хабарласу қажет. Себебі, адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы және инвазиялық паразитарлық аурулар өте көп, олар бруцеллез, туберкулез, құтыру, сібір жарасы (күйдіргі), листериоз, лептоспироз, туляремия, орнитоз, эхинококкоз, трихиннеллез, дикроцелиоз, дерматомикоз (грибок) тағы басқа аурулар жатады. Бұл аталған аурулармен адамдар да ауыратындықтан немқұрайлылық танытпауымыз керек.

Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлғалар, әсіресе мал өсірумен, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын тұлғалар Қазақстан Республикасы Ветеринария Заңының 25-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақтылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге, қора-жай, жемшөпті сақтауда, қоршаған ортаның ластанбауына, зоогигиеналық талаптарды сақтауға, жаңадан жануарлар сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, малды сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық – санитариялық сараптама жасамай сатуға, объектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сонымен қатар, төл алғанда жануарлар ауырған немесе шығын болған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті.

Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалған жағдайда ғана ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады.

Бір айта кететін жайт, облыс деңгейінде 2016 жылы ішкі сауда объектілерінде өткізілген ветеринариялық санитариялық сараптама саны 110848, оның ішінде: сиыр еті – 16669; қой ешкі еті – 13745; жылқы еті – 1974; шошқа еті – 14749; құс еті – 10879; сүт және сүт өнімдері – 23777; балық және балық өнімдері – 8519; жұмыртқа – 19783; бал өнімдеріне – 753 сараптаманы құрады. Өткізілген сараптама нәтижесімен 9 бас ірі қара малдан және 2 бас қой малының паренхиматозды органдарынан эхинококкоз ауруы анықталып, зақымданған органдар жойылды.

Қазіргі таңда дұрыс тамақтану жолға қойылуда, алайда ол азықтың қайдан және қалай дайындалып жатқаны көпшілікті кейбір жағдайда алаңдата қомайтын сияқты. Ас – адамның арқауы, ас тұрған жерде ауру тұрмайды демекші, ең басты күнделікті қолданылатын тағамдар (ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, май, айран, ірімшік, құрт, балық өнімдері, тағы басқалары) ауыл шаруашылық өнімдері болғандықтан, ең бірінші тағам қауіпсіздігіне мән берілуі қажет.

Жалпы, Ветеринариялық қызметтің негізгі мақсаты шаруашылықтарда ветеринариялық шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізіп, қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, инфекциялық, инвазиялық мал ауруларына кедергі қою, мал шығындарын азайту арқылы шаруашылықтарға келетін зиянды барынша азайту, жануар өнімдерінің өнімділігін арттыру және саулығын сақтау.

Ветеринария саласының ролі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен қоса, экономикалық, биологиялық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екенін оқырман ойына сала кетуді жөн деп санаймын.

Бауыржан АСАНОВ,

«Қарағанды облысының ветеринария басқармасы» ММ басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button