Ресми

«Ветеринария адамзатты емдейді»

Ветеринария саласы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қарағанды облысының ветеринария басқармасының миссиясы, жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық станциялардың қызметтерін үйлестіре отырып, аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамсыз ету мақсатында ветеринария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру болып табылады.

Тапсырмаларды іске асыру үшін, бюджеттен қаражат бөлінді, бұл басқармаға есепті кезеңде халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті жұмыстарды орындауға мүмкіндік берді. Мекеме басшылығы бірнеше мәрте жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде сөз сөйлеп, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің беттерінде, тиісті ақпараттарды жариялады.

2022 жылы облыс аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға 1,3 млрд. теңге бөлініп, есептік мерзімге жоспарланған ветеринариялық іс-шаралар толығымен атқарылды.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы жануарларының 12 түрлі аса қауіпті ауруларына (сібір жарасы, құтыру, аусыл, нодулярлы дерматит, қарасан, оба, жоғары патогенді құс тұмауы, вирустық диарея және індетті ринотрахеит, ринопневмония, эхинококкоз,) қарсы 4,9 млн. екпе жүргізілді, зертханаға 1,5 млн. биологиялық сынамалар (қан сынамалары, патологиялық материалдар) жеткізіліп, зерттелді. Сондай-ақ, 35 мың бас 2 түрлі аллергиялық (туберкулезге және маңқаға) зерттеулерден өтті.

Анықтама: Бруцеллезге зерттелген 572 мың бас ІҚМ 2 186 басы ауруға оң нәтиже көрсетті; 824 мың бас ҰММ, 52 басы ауруға оң нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, 656 бас түйе, 1 222 бас жылқы, 2 118 бас шошқа және 945 ит зерттелді.

Ауруға оң нәтиже көрсеткен жануарлар қолданыстағы ереже талаптарына сәйкес, санитариялық союдан өткізіліп, мал иелеріне 42,0 млн. теңге көлемінде өтемақы төленді.

2022 жылы облыстың аумағында, аса қауіпті аурулардың 7 түрі (аусыл, қарасан, құтыру, лептоспироз, туберкулез, вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит) бойынша 49 қолайсыз ошақ тіркелді. Ошақтарда карантин/шектеу шаралары белгіленіп, 48-і сауықтырылды. Бүгінгі күнге қалған 1 ошақта сауықтыру шаралары жалғасуда.

2022 жылдың қаңтар айында Шет ауданының Киікті селолық округіне қарасты «Талдыбұлақ» қыстағында ІҚМ алынған биосынамалардан /Астана қ. «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» ШЖҚ РМК/ «Аусыл» ауруы анықталды. Шаруашылықтың аумағына карантин қойылды.

Ошақтағы ауруға бейім жануарлар жансыздандырылғаннан кейін инсинераторда өртеу жолымен жойылды. Жою жұмыстары, мүдделі мемлекеттік органдардың және аудандық ветеринариялық станциясы мамандарының қатысуымен жүргізілді.

Аурудың одан әрі таралуын болдырмау мақсатында, сауықтыру іс-шараларының жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакцина бөлініп, 868 мың бас ІҚМ, 930 ҰММ және 40 мың шошқа егілді.

Сонымен қатар, басқарма тарапынан коммуникациялық байланыстар арқылы халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Ресми интернет-ресурстарда (Instagram, Facebook, сайт және т. б.), «Адал Көмек» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің алаңында тікелей эфирде, халыққа ветеринария саласындағы заңнама нормаларының сақталуы, жұқпалы аурулардың алдын алу туралы ақпараттық мақалалар, жадынамалар орналастырылуда.

2022 жылға ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге 177,2 млн. теңге қарастырылды. Қаражаттың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 34,7 млн.теңгеге ұлғайып отыр. Қосымша бөлінген қаражат жергілікті жерлердегі ветеринария саласындағы мамандардың жалақыларын көтермелеуге бағытталды.

Жалпы облыс бойынша 649 156 бас ауыл шаруашылығы жануарлары (ІҚМ – 198 211 бас; ҰММ – 341 025 бас; жылқы – 60 699 бас; шошқа – 48 992 бас; түйе – 229 бас) бірдейлендіріліп, деректер базасына енгізілді. Бірдейлендіруге қажетті атрибуттармен аудан, қалалар толық қамтылған.

Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру уақытылы есепке алу үшін қажет және өз кезегінде эпизоотиялық аурулардың алдын алуға ықпал етеді.

Бүгінгі күні облыста 103 мал қорымы тіркелген, оның 43 типтік, 60 қарапайым. Қосымша 18 инсинератор (өлексені өртеу пештері) бар, оның 4 – жылжымалы.

Мал қорымдарын күтіп ұстауға бөлінген 34,7 млн. теңге талапқа сәйкес келмейтін мал қорымдарын ағымдық жөндеуге бағытталды. Барлығы 8 типтік мал қорымдарына тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Анықтама: Ақтоғай ауданы – 3,   Нұра ауданы – 1, Шет ауданы – 2, Саран қаласы – 1, Шахтинск қаласы – 1 нысан.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен, Осакаров ауданында 2 мал қорымының құрылысы аяқталып, аудандық ветеринариялық станциясының балансына беру жұмыстары жүргізілуде.

Абай ауданында 1 мал қорымының, Шет ауданында 7 мал қорымдарының құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Жыл қорытындысымен жаңадан 2 ветеринариялық пункт Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылында және Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде бой көтерді. Аталған нысандардың құрылысы аяқталып, коммуналдық меншікке тапсыру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Ветеринариялық пункттерді материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 36 бірлік автокөлік сатып алынды, оның 7 бірлігі жаңадан құрылған Ұлытау облысына берілді. Ветеринария басқармасының құзыретіне мемлекеттік қызметтерді көрсету кіреді. Есептік кезеңде 58 562 қызметтер көрсетілді, оның ішінде 43 972 – ветеринариялық анықтама беру, 14 590 – ветеринариялық паспорт беру бойынша қызметтер. Бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру және қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы барлық аудандық/қалалық ветеринарлық станциялары ішкі бақылаумен қамтылды.

Өзекті мәселелердің бірі – қаңғыбас жануарларды аулау және жою мәселесі.  Мұнда тұрғындардың назарына Қарағанды облысында қараусыз қалған иттердің шабуылдауы салдарынан зардап шеккен адамдардың өтініш жасау фактілері күн сайын тіркелетініне назар аудару қажет. Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы»  Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енгенге дейін, жеке және заңды тұлғалардан өтінімдердің түсуіне қарай ветеринариялық станциялар 28,5 млн. теңгеге 6 528 бас қаңғыбас жануарларды (6 476 ит және 52 мысық) аулап, жойды. Есепті кезеңнің соңында 25 млн. теңге мөлшеріндегі қаражат қалдығы келесі бюджеттік бағдарламаларға қайта бөлінді: «Қаңғыбас иттер иен мысықтарды аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыру» 010;  «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау» 032; «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды бірдейлендіру» 033; «Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау» 034. Тиісінше, басқарма мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізді. Алайда, жарияланған конкурстың нәтижелері бойынша қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерилизация, жансыздандыру іс-шараларын не өлтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізуге мүдделі қызмет көрсетушілер (заңды және жеке тұлғалар) анықталмады. Осыған байланысты, бөлінген қаржы бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бекітілгенін атап өткен жөн. Халық арасында жануарларға жауапкершілікпен қарау Заңын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында есепті жылы әлеуметтік желілерде, интернет-ресурстарда, телеарналар эфирінде және баспа БАҚ-та жануарларды стерилизациялау, вакцинациялау және бірдейлендіру шараларын қажеттілігі туралы түсіндірмелер орналастырылды, кездесулер ұйымдастырылды, материалдар жарияланды. Жаңа заңның талаптарын толық іске асыру үшін ауланған жануарларды уақытша ұстауға арналған мемлекеттік панажайлардың немесе пункттердің болуы қажет. Өңір басшысы, аудан, қала әкімдеріне жер учаскелерін бөлу және оларды салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу туралы тиісті тапсырмалар берді. Қарағанды қаласында қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау пунктін салуға аумағы 3 гектар болатын жер учаскесі бөлінді.

2022 жылы  барлығы 1 684 шағымдар түсті, оның 758-і жеке тұлғалардан. Қараусыз қалған жануарлардың шабуылынан 1 976 жағдай тіркелді, оның ішінде белгісіз иттердің шабуылы фактісі – 1 579. Медициналық мекемелерден 578 хабарламалар келіп түсті, 447 ит бақылауға алынды. Ағымдағы жылға 146,1 млн. теңге мынадай бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінді: «Қаңғыбас иттер иен мысықтарды аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыру» 010;  «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау» 032; «Қараусыз және қаңғыбас жануарларды бірдейлендіру» 033; «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау» 034. Ережеге сәйкес үй жануарларын есепке алу жұмыстары басталды. Осыған байланысты зооқорғау ұйымдарының басшыларына, сондай-ақ емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерге есепке алудың «TANBA»  ақпараттық жүйесі пайдалануға берілді.

Ағымдағы жылы, басқарма, облыс аумағында эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, эпизоотияға қарсы, диагностикалық іс-шараларды уақытылы жүргізуді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді ұйымдастыру жөніндегі қызметті жалғастырады. Бірақ мемлекеттік мекеменің сапалы жұмыс істеуі үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық ұйымдарын материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру, ветеринариялық мамандарға жүктеме нормативтерін бекіту және т. б. Сонымен қатар, бүгінгі таңда білікті мамандар тапшылығы мәселесі өткір болып тұр. Бұл өз кезегінде, қызметтің сапасына,  тиімділігіне кері әсер етеді. Мамандар тапшылығының басты себебі,  жалақының төмендігі болып отыр. Бүгінгі таңда кадрларға қажеттілік 69 бірлікті құрайды, оның ішінде жоғары ветеринариялық білімі бар мамандарға қажеттілік – 24 бірлік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, ҚР Үкіметіне ветеринария саласында орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша реформа жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, саланы цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрларды даярлау және жалақыны арттыру қажеттілігі атап өтілді. Президент қойған міндеттерді іске асыру ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы көптеген өзекті мәселелерін шешеді.

Мемлекет басшысының ветеринариялық мамандардың жалақысын көтеру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде облыс басшылығы ветеринария саласындағы бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдады. 2022 жылдың мамыр айынан бастап, облыс бойынша ветеринариялық мамандарының жалақысы орта есеппен 30%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2022 жылғы 25 сәуірдегі № 241 қаулымен бекітілген тапсырмаларды орындау іске асырылуда.

 Қайырбек Тұрсынбеков,

облыстың ветеринария басқармасының  басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button