Білім

Велотұрақтар орнатылды

Қарағанды қаласында мектеп оқушыларына арналған экологиялық таза көлік түрлерін дамыту мақсатында Қарағанды қаласының білім бөлімімен келісе отырып, велосипедтерге арналған велотұрақтар қаламыздағы екі мектеп оқушыларына арналып жасалды.

Сурет: қалалық білім бөлімінен

№14 мектеп-гимназиясы мен Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-гимназиясында велотұрақтың ашылу салтанаты өтті. Айтулы іс-шара Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім мен Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің адам құқықтары, жұмыспен қамту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы Данара Смайлдың қатысуымен өтті.

Бұл велотұрақтың ашылуына мектеп ұстаздары мен 30-дан аса мектеп оқушысы қатысты. Іс-шарада балаларға арнап, «Табиғат ресурстары мен жануарлар әлемін сақтау» тақырыбында экологиялық және велосипедпен жолда жүру ережесі бағытында викториналық сұрақтар қойылып, арнайы тағайындалған сыйлықтар табысталды. Ұстаздар тарапынан оқушыларға жол жүру ережесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара балаларға осындай түсіндірме жұмыстар жүргізу арқылы экологиялық қауіпсіздіктің алдын алуды көздеді.

– Қазіргі жаһандану кезіндегі үлкен мәселе – экология­лық прорблема. Яғни, қоршаған ортаның тазалығын сақтауымыз керек. Зауыттардан, көліктерден көмір-қышқыл газының мөлшерден тыс бөлінуі ауаның ластануына алып келеді. Сол себепті, балаларды қазіргі уақыттан бастап, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін экологиялық таза көлік түрлері және жасыл желекті аялау, қоқысты бөліп жинап, оны қайта өңдеу секілді жұмыстарды дамытуымыз қажет. Осы мақсатта бізге Қоғамдық кеңестің ұсынған идеясы оқушыларға арналған велотұрақтарды орнатуды қуана қолдадық, – деді Есентай Әшім.

Қалалық білім бөлімі Қарағанды қаласындағы басқа да мектеп аулаларына тағы біршама велотұрақтар салып, мектеп оқушыларының экологиялық білім дәрежесін жоғарылатуды жоспарлап отыр.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button