Василий СПИЦЫН
Василий Петрович Спицын 1922 жылы Тамбов (қазір Воронеж) облысының Краснянка деревнясында туды. Ұлты – орыс. Ұлы Отан соғысы алдында оның отбасы Балқаш қаласына көшіп келді. Василий мыс қорыту зауытында жұмыс істеді.
1941 жылы шілдеде В.Спицын Қызыл армия қатарына шақырылды. Василий Петрович Қазақ КСР Ақмола қаласында құрылған 310-шы атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа кірді. Жауынгерлік жолын Ленинград түбінде бастады. Артиллерия зеңбірегінің нысанашысы болды. Ол Ленинград қаласын қорғауға, Псковты, Новгородты, Балтық бойын, Польшаны, Пруссияны азат етуге қатысты. 1944 жылғы 31 наурыздан 2 сәуірге дейін Псков облысының Кузьмино және Воронино деревнялары маңындағы жаудың қорғанысын бұзу кезінде 76 миллиметрлік зеңбіректер артиллеристері жаяу әскермен бірге қимылдады. Василий Спицын жаудың бір зеңбірегін, расчетымен екі пулеметін жойып, бақылау пунктін қиратты және жиырмаға жуық жау солдаты мен офицерлерін жер жастандырды. Сөйтіп, жаяу әскердің тапсырманы ойдағыдай орындауына көмектесті. Бұл үшін дивизия командирі В.Спицынге III дәрежелі «Даңқ» орденін тапсырды.
1945 жылы 27 ақпанда Шығыс Померанияның Хаммерштейн қаласының маңында жаудың ірі күші біздің әскерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жарылған артиллерия снарядтары мен қарша бораған пулемет оқтарының астында сержант Спицынның расчеты батареяда бірінші болып жауға қарсы оқ жаудырды. Бүкіл батареядағылар олардан үлгі алып, жаудың екі танкісін, бірнеше атыс ұяларын талқандады. Жау шабуылы тоқтатылып, неміс тобы ыдыратылып жіберілді. Бұл ұрыс үшін Василий Спицынге II дәрежелі «Даңқ» ордені тапсырылды.
Орудие командирі В.Спицын ірі өнеркәсіп орталығы әрі порт Гдыня қаласын алудағы ұрыстарда да батыл қимылдады. Польшаның бұл көне қаласын азат етудегі ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен аға сержант В.Спицын I дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Василий Петрович Спицын Жеңістен кейін Балқаш қаласына оралып, мыс қорыту зауытында жұмыс істеді. Мұнда ол отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Өндірістегі жоғары көрсеткіштері үшін Қазан Революциясы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Балқаш қаласының Құрметті азаматы Василий Спицын 1979 жылы қайтыс болды.