«Вахтасындай күрсініс пен күлкінің….»

Бір түңіл
Үш жүз және алпыс алты күн-түнің –
Вахтасындай күрсініс пен күлкінің.
Тірлік болса, соның көбі уайымсыз,
Өміріңнен адам болып бір түңіл.
Түңіл, ақын, тумаса егер жыр дүрі,
Естілмесе жүрегіңнің дүрсілі.
Түңіл, диқан, тамшылардан дән күткен,
Үнсіз кетсе нажағайдың күркірі.
Сен де, атбегі, қалып қойса дүлдүлің,
Сен де, бағбан, сайрамаса бұлбұлың.
Түңіл, сұлу, тайса пірің сертінен,
Түңіл, жігіт, күлмей кетсе нұр күнің.
Түңіл, достым, кешсең тірлік бейбаян,
Шалыс басып, оңалмаса кей қадам.
Түңіл де, үңіл жүріп өткен жолыңа,
Бармақ тістеп жүрмеу үшін қайтадан!
Тулайды өмір толқыны
Жұмыр жер зулап барады,
Ғаламды кезіп, дөңгелеп.
Сүйсініп Тәңір қарады,
Көгілдір шарда өң бөлек.
Қас қағым сәтте жылдамдық
Ұшқыр-ау сонша орасан.
Бір сөндік біздер, бір жандық,
Жұлдызбыз – шындап қарасаң.
Көзіңді ашып-жұмғанша
Өтеді бір мың шақырым.
Ілесіп барар жол қанша,
Қалмайды ешкім мақұрым.
Сол сәтте біреу тың, сергек,
Сол сәтте біреу ұйқыда.
Толғанса біреу мұң-шер кеп,
Біреу тұр келмей сиқы да.
Сол сәтте біреу тояттап,
Жеріді біреу сол шақта.
Отырса біреу ой қамап,
Той қамдап біреу жол жақта.
Бір желке шықса жалданып,
Бір желке қалды қасынып.
Аңқаулар қалса алданып,
Қулар жүр шалқып, тасынып.
Қалайда осы ғаламда
Қайнаған өмір, тіршілік.
Алпауыт жүрсе талтаңдап,
Мүскіндер отыр түршігіп.
Ғарышта самғап барамыз,
Жылдамдықты бір сезінбей.
Бір кемедеміз, қараңыз,
Ал сапар – тағдыр тезіндей.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –
Арыстан шоқжұлдызына!
Картаны, міне, ұсынам,
Қарашы, достым, құлшына.
Оң болсын мәңгі бұл сапар,
Сәт сайын сезім сергісін.
Жануға іңкәр пульсарлар,
Өрекпіп берер белгісін.
Зулайды ғарыш кемесі –
Көгілдір әйбат ғаламшар.
Бар ма екен сірә теңдесі,
Әйтеуір болсын Алла жар!
Тулайды өмір толқыны
Жарық жалғаннан тараған.
Үдесе тамыр солқылы,
Самғауға, шүкір, жараған.
Жұлдыздар өшіп, жанады,
Туындап галактикалар.
Даналар естен танады,
Ғайып боп қыршын Никалар.
Құс жолы жатыр созылып
Мыңдаған жарық жылдарға.
Жұлдызды ғалам боз, тұнық –
Мол арқау жарқын жырларға.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –
Арыстан шоқжұлдызына!
Жыр гүлін, міне, ұсынам,
Оқышы, достым, тұшына.
Құс жолдың кіндік тұсынан,
Тарайды өмір толқыны.
Шырқалсын шалқып күміс ән,
Тынбасын тірлік жөңкілі!
Ұқсастық
О басында тұтас едi құрлықтар,
Бес бөлек боп талқан болды, бұзылды.
Түсiнген жан түптiң түбi бiр құптар, –
Ұшқыр қиял тың теңеулер ұсынды.
Құрлықтарың – ағып кеткен миымдай,
Қу жанымды тартқылайтын жан-жаққа.
Жаратқанға жүре алам ба сыйынбай,
Алла – бiреу, жортпас ойым сан-саққа.
Бiр басымда бүкiл жердiң бейнетi,
Жер сiлкiну – ми шайқалу деп бiлем.
Ойқы-шойқы жалпақ бетiм – жер бетi,
Тым ұқсаспыз: тектi туар тектiден.
Кесек маған лақтырылған тасадан –
Бiр соғылар кометасы Галлейдiң.
Жарылыс па – қан құйылу, жасаған,
Жанымды алсаң ұрып-соғып, ал мейлiң.
РАТАН– құлақ дыбыс аңдап Ғаламнан,
Ертелi-кеш елеңдейдi қалқиып.
Адам – Жерден, Жер аумайды Адамнан,
Құс жолына қарап жатыр шалқиып.
Сұлудың ноқат меңі
Нүкте деген сөз бе екен деп күлме сен,
Тамшы су мен титтей сәуле гүлге сеп.
Ұлылықтың қасиетiн бiлмейсiң,
Кiшiлiктiң қадiрiн сен бiлмесең.
Бар тiршiлiк бiр нүктеден бас алған,
Бiр түйiр дән тамыр болды жас талға.
Өзек болды ноқат меңi сұлудың,
Сағди шәйiр жазған ұлы дастанға.
Бүкiл әлем бiр нүктеден жаралған,
Түйiршiк боп бойымдағы тарар қан.
Борпылдаған топырақтан бiр уыс,
Пайда болды құрлықтар мен аралдар.
Әлем деген мәңгiге алған хұқ деме,
Бүгiн бар да, ал күнi ертең – түк те жоқ.
О басында бастау алып Нүктеден,
Бар тiршiлiк аяқталар Нүкте боп.
Мәңгілікке жіберіңдер
Ау, пенделерiм,
беймаза әпенделерiм,
ширақ сендердiң бар осы менде нелерiң?
Бақшам жоқ менiң,
жоқ менiң автокөлiгiм,
жұлдызды көктен ешкiмге әпер демедiм.
Сендерге бердiм,
ала ғой, мә, мансабыңды,
қалдырсаң болды
қолымда қаламсабымды.
Мен – еркiн құспын,
тәрк етiп балақбауыңды,
Бақиға ұшып кетейiн, Ғалам сағынды.
Менi өздерiңмен фәниге алып қалмаңдар,
жарық жалғанда жайғассын жалықпағандар.
Мәңгiлiгiме бөгетсiз жiберiңдершi,
торыққан жандар алдағын анық бағамдар.
Тұғырлы Теміртау
Желбіреп көкте байрағы,
Жазира далам жайнады.
Ғалам мен Жерді жалғаған,
Атажұрт – Ғарыш айлағы.
Арқаның ыстық аясы,
Жасыл бақ оның саясы.
Бетпақты кезіп болдырып,
Бұлаққа мөлдір таяшы.
Ойы мен қырын аралап,
Сүйсініп қара саралап.
Туғандай болып кетеді,
Бар адам және бар алап.
Етене мұнда Ел мен Ер,
Жерұйық осы сен көрер.
Кездесер ақын арқалы,
Кездесер ойшыл кемеңгер.
Ғарышкер батыр осында,
Осында кенші досым да.
Осында диқан, құрышкер,
Төрге шық, төрлет, тосылма.
Ағылып жастар тұс-тұстан,
Отжүректері ұғысқан.
Батырдай алып Теміртау –
Сомдалған болат, құрыштан.
Жайнатып қазақ даласын,
Қанаттандырған Елбасын.
Отандас ардақ тұтады,
Көшбасшы ұстаханасын!
Жырлаймын Атажұртымды,
Азаттық алған ұлтымды.
Егемен болған еркін ел,
Келешегіне ұмтылды.
Домна пешінің алдында
Төртінші биіктік.
Ол – сенсің, домнам сүйікті!
Біз сенің еңсеңді көтердік,
Тұрса да шыжып күн, құйып күн…
Біздер де сенімен бірге өстік,
Алып боп,
Адам боп үндестік
Арулар біздерге гүл сыйлап,
Ақындар бізге арнап жыр есті.
Сымша иіп болатты, темірді,
Еттік біз еңбекті көңілді.
Сый етіп бермеді ешкім де,
Өзіміз жасадық Өмірді!
Өмірдің үш кезеңі
Өмір басын той дедік, мейрам дедік,
Айым дедік қыздарды, айнам дедік,
Гөзал дедік, елік һәм джейран дедік.
Тойладық кеп ес кеткенше,
Іштік-жедік іш өткенше.
Меймандарша қалғандай бейқам келіп,
Тымпың қақтық күшеншекше.
Ортасы деп өмірдің сайран-сауық,
Тіс ақсиып ыржаңдап, жайраңдадық.
Сырнайлатып сайрандадық,
Ойнақтадық, тайраңдадық.
Кес-кестеген тірліктің жартасына
Басты соғып қайраңдадық,
«Бұ қалай?» деп қайран қалдық.
Тауып айтқан ойран деп өмір соңын,
Таба алмайды қалайда көңіл жоғын.
Кеткеннен соң бойдан шалық,
Омақасып ойрандалдық,
Жапырайып жайрап қалдық.
Ертелі-кеш көміліп қалың ойға,
Қалған тісті қайрап қалдық,
Тілімізді шайнап қалдық.
Біз кімбіз???
Айдағанға көнетін қарсыласпай,
Жалпаңдайтын жауына жан сырластай,
Алдағанға иланып бас изейтін,
Қаңғыбасқа қарайтын тағдырластай;
Шалт қимылдан қаймығып сескенетін,
Жұдырығын артынан кезенетін,
Сөзді бастан елемей асыратын,
Көсеміне өзгенің бас ұратын,
Батыр болып жау қашып жөнелгенде,
Сүрен салып құтыңды қашыратын;
Күн аманда үрейлі, ай аманда,
Артын баққан әліптің қай заманда,
Жаулықтысы – базарда, бөріктісі
Тас маңдайын төсеген жайнамазға;
Тірлікті кешкен ұсқынсыз,
Құруға көнген із-түзсіз,
Даласы малсыз, су құссыз
Қалса да – ҮНСІЗ
Біз кімбіз?
Ынтық зар
Таң атса егер, білемін күн батарын,
Үнсіз қалмай, тездетіп тіл қатамын,
Күнбатыстан жететін мезгіл-мезгіл,
Ақ самалдай лебізіңді ұнатамын.
Қуаныш пен шаттықты тарту етем,
Өшпес сезім алауын Ар туы етем.
Сағыныштың азабын, басқа салса,
Өмір бойы қиналып, тартып өтем…
Ынтық зарым жетсін деп өлеңіммен,
Өпкім келер әр сөзбен гүл-өңіңнен.
Жүрекжарды жырымды түсінетін,
Айналайын сезімтал жүрегіңнен!
Сәбит БЕКСЕЙІТ