Ресми

Уызына жарыған ұрпақ – ұлағатты

Бала кезімізде үлкендердің қолына су құйсақ, «Молда бол, балам!» деп бата беретін. Себебі, молдалар кезінде бір дәуірдің ең беделді тұлғасы болды. Қазақ ғұламаларының көбі сол ауыл молдасынан хат танып, сауат ашқан. Кешегі бабалардың, Алаш арыстарының мықты болғаны жасынан діни сауат алып, өмірдің мәнін ерте ұғуынан ба? Ал, біз ше? Жаныңа керектің бәрі интернетте самсап тұр. Кітапты тұтас көшіріп ал да оқи бер. Білмегеніңнің бәрін үйренуге мүмкіндік бар. Бірақ, сол алаштықтардың істегінінің бір бөлігін де атқара алмадық. Бұған кім кінәлі? Не кедергі? Зерделеп көрейік…

Әр дәуірдің өз талабы бар. Шынында, молдадан тәлім алған бабалардың осалы жоқ. Қазір, молда десе, ел шошиды. Мұның да өз себептері бар. Ел арасында «молда бол» деген сөз қазір өзекті емес деп те жатады. Молда сөзінің өзі қолданыстан шығап барады. Мақсатымыз елді молдалыққа шақыру емес, кітап аз оқылатын қоғамда бабалардың танымына үңіліп, мәнін екшеу. Жалпы, нарықтық қоғамда рухани бай болуға ұмтылу, үлкеннің батасын алу, әдеп-ахлақ мәселесі де ақсап тұр. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. «Батамен ел көгерер» дегенді де ұмыттық-ау, шамасы.

– Бұл – өте өзекті мәселе. Бәрімізді мазалайды. Мың өліп, мың тірілген қазақпыз. Репрессияның кезінде бүкіл асылдарымыз бен даналарымызды, ғұлама-ғалымдарымызды қырып тастады. «Құдай жоқ, дін – апиын» деп оқытты. Одан да өттік. Отбасының өзінде бата беру, ақсақалдық азайған қазір. Жалпы, бәрін жастардан көруге болмайды. Өсіп келе жатқан, бұғанасы қатпаған жас буын алдыңғы толқын ағаларына, ақсақалдарға қарап бой түзейді. Барлық тәрбие отбасыдан басталады. Ата-ана баласына, бала ата-анасына дұға жасап жүруі керек. Бұл дұғаның қабыл болатыны жайлы хадистерде айтылған. Дастархан басында, намаздан соң бата беру дәстүрі сиреп барады. Тамақ ішіп, тұрып кете беретін, мүлдем бата оқылмайтын шаңырақтар бар. Мұны «ұсақ-түйек» деп ойлап, өзіміз ұсақталып барамыз. Ақсақалдар да азайып кетті. Бата алуды балаларымызға үйретпейміз. Өзі келіп бата беретін жанашырлар да аз. Бірақ, бұған бір жақты қарау – қате. Аузы дуалы, батагөй ақсақалдардан арнайы барып, бата алу керек. Балаларымызды ертіп жүріп, салиқалы ортаға қосу қажет. Десек те, болашақтан үміт – зор. Мешітте жастар мол, – дейді ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Естай Айтуғанұлы.

Байқасақ, бұрынғының балалары ә дегеннен араб, шағатай, парсы тілдерін меңгерген. Ал, ол тілдерді білген бала күллі мұсылман әлемінің жақсы қасиетін бойына сіңіре алды. Сұлтанмахмұттың «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген екі жол өлеңін қараңызшы. Қылшылдап тұрған жас ақын осындай даналық биігіне қалай жетті? Әрине, қанындағы Ұлы Даланың даналығына қоса, шығыс халықтарының ғылымын жастайынан бойына сіңірді. Шығыс халықтары әдепке, ізет-құрметке, патриоттыққа бас мән береді. Бізге қазір осы жетіспей тұрғандай. Қазір балаға бірден ағылшын, француз, қытай тілін үйретеміз. Бұл тілдерді үйренген бала батыстың мәденитімен өседі. Нәтижесін, көзіміз көріп отыр. Ұят дегенді ұмыттық. Дінге «әдеп-тәрбие негізі» деп емес, басқа көзбен қарайды кейбіреулер. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас.

– «Алтын алма, бата ал» деп қазақ бекер айтпаған. Үнемі бата алып жүретін адамдардың өніп-өсіп, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырғанын көріп жүрмін. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәли» демекші, көп бата алу керек. Үлкенді сыйлап, елге көмектесуді, жақсылық қылуды өз әрекетімізбен насихаттап, баланың құлағына құю қажет. Қазір техника дәуірі. Бала көп дүниені интернеттен алып жатыр. Оның дұрыс немесе бұрыстығын қай ата-ана тексеріп отыр? Яғни, ішкі рухани әлем, талғам құрып барады. Содан талғамсыз, ойсыз, қатыгез жастар өсіп келеді. Қызыл-жасылға қызығып, тамырынан алыстап барады. Жастарға тәрбие мен білімнің көзін бағдарлап жатқан шенділер шетелдерде оқып келіп жатыр. Солардың бәрін уызына жарыған дей алмаймыз. Арасында дінге, ырым-тыйымға, салт-дәстүрге жиіркене қарайтындары бар. Балық басынан шіритінін де ұмытпайық, – деп атап өтті атақты Қосым қожаның ұрпағы, Қарақалпақстандағы «Шаббаз баба» медресесінің түлегі Бауыржан Серімбетов.

Ал, Әлихан Бөкейхан ауданындағы қандас ақсақал Азамат Дариябаев адам өмірінде қазіргі ұрпақтың ұсақталуының бата алудан да басқа себептері бар дейді.

«Молда бол» деп бата беруі ол кездің молдалары өте білімді әрі жан-жақты еді. Олар тұтас ұлттың ғылымына жолбасшы болды. Осындайда Мұқағали Мақатаевтың «Дін – ғылымның атасы» дегені еске түседі. Қазір де мықты имамдар бар. Дінді қиындатпай, дәстүрмен, әдеппен астастырып үйретсе, дұрыс қой. Тағы бір ескерер жайт, мектепте сабақпен қатар, тәлім-тәрбие мен ұлттық мәдениетке жеткілікті деңгейде көңіл бөлінгенде ғана рухы мықты, тәрбиелі азаматтар өсіп шығады. Тәлім бөлек, тәрбие бөлек. Кей ұстаздар өз ісіне мығым болса да, тәрбие беруге келгенде ақсап жатады. Әл-Фарабидың тәрбиесіз берген білім адамзаттың хас жауы дегенін ұмытпайық» деді ол.

Шындығында, «бұрынғының молдасы мықты еді» деп, жас буынның бұрынғы бабалардай мықты болмауына біржақты қарау қисынсыз. Біріншіден, қазір небір ілімі терең имамдар, ұстаздар бар. Екіншіден, кешегі жүрегі түкті түркі бабалардың даңқы ислам діні келмей тұрып-ақ, дәуірлеп тұрды емес пе?

– Жастардың көзі ашық қазір. Үлкендер жағынан қолдау, тілеулес болу аз. «Айналайын, өркенің өссін» деген жылы сөзді сирек естиміз. Жастарда діни сауат та бар. Адал еңбек пен мықты маман болуға да талпыныс зор. Оған мүмкіндік те көп. Бірақ, соның ішінен дұрысын, қажеттісін таңдауға жол көрсететін ақсақалдарға зәруміз. Баланың білімі мен тәрбиесін ұстазға жүктеп қою дұрыс емес. Ұстаз бен ата-ана бірігіп, баланың болашағына жанашырлығын танытса, бала да талпынады, – деп алаңдаушылық білдірді ақын, №8 орта мектептің ұстазы Қайрат Иманбек.

Заман өзгерді. Құндылықтар да ауысты. Сондықтан, жаңаша ойлайтын жастар да өсіп келеді. Мәселен, Әділбек Қанатұлы есімді компьютер бағдарламаларының маманы «Бата да заманға сай болуы керек» деп есептейді.

«Қазір «Молда бол» немесе «Батыр бол» десе, жастар күледі. «Молдасы несі», «батыры несі» деп. Өйткені, ол сөздің мәнін түсінбейді. Тура мағынасында ұғады. Сондықтан, қазір «Ғалым бол», «Өнертапқыш бол», «Инженер бол», «Бизнесмен бол», деп бата берсең, қуана құптайды жастар. Нарық заманының өз талаптарын да ескерген жөн. Кезінде молдадан тәлім алғандар мықты болса, қазір кәсіпкерлік негізін, өнертапқыштықты және ғылымға, мол табыс табуға жетелейтін курстардан өткен алғыр жастардың заманы», – деп ойын айтты ол.

Бірақ, кез келген маман иесі болу үшін алдымен әдеп, көркем мінез, табандылық, батырлық аса қажет қой. Өйткені, «молда бол» дегенде діндар адамды, немесе «батыр бол» десе, соғысты елестету – қате. Бұлай ойласақ, таным деңгейміздің таяздығы көрініп қалады. «Молда бол» дегенді – әдепті, адал, салт-дәстүрге берік, ешкімнің ақысын жемейтін, еңбекқор деп түсінсек, адаспаймыз. Демек, өніп-өсіп елге қажетті, пайдалы азамат болып, дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалану үшін алдымен ниетті түзеп, білім-ғылымға ұмтылу керек.
Баласына 12 жасқа дейін туған тілінде ғана білім беріп, тарих, миына салт-дәстүрін мықтап сіңіретін, жоғын тек ғылымнан іздейтін Жапонияны қараңыз. Кешегі Алаш арыстары да жапон үлгісіндегі дамыған ел құруды армандады емес пе? Демек, алдымен уызға жарып, өзіміздің кім екенімізді танып, ғылым мен техникаға, өндіріске, адал еңбекке үйір болсақ, адаспайды екенбіз. Ал, егер, үлкендер «молда бол» деп бата берсе, шамданбаңыз. Молда болу шарт емес, азамат болу, елдің баласы болу – парыз!

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button