Тарих

Уық

Әкем Рамазан 100-ге келіп, 1994 жылы дүниеден озды. Көп әңгімені кезінде сол кісінің аузынан естіп, қағазға түсірген едім.

Еліміз тәуелсіздік алған соң бұрын айтылмай келген шындықтар айтылып жатыр. Соның бірі – Тоқырауын көтерілісі. Тобықтыдан тараған Өмір Дадан тұқымдары Ақтоғай өңірінде Манас, Қалдау рулары, сегіз старшын құрып, «Балқаш болысы» атанғаны белгілі. Манастың төрт әйелінен тараған Базарқұл, Тастемір, Жансары, Кенжебарақ рулары Қотана-бұлақ болысы атанды. 1928-1931 жылдар аралығына ел ішіндегі тәркілеудің салдарынан малмен жансақтап отырған ел-жұрттың күн көріс тіршілігі құрдымға тірелді. Алда нәубет, үлкен ашаршылық таянып келе жатты. Әлеуетті адамдар оның ішінде Құбылтайдың Ахметі жанұясымен жер ауып, елден кетті. Босқын көбейді. Дәулеттілердің малын бағып, отын жағып, күнелткен кедейлер баратын жер таппай ашыққан байлармен қоса өліп, өлмегені қаңғып далада көмусіз қалды. Бұл кезде Ақтоғай өңірін мекендеген үш болыс елдің «Мойынсерік», «бірлестік», «артелге» бірігіп, он-онбес, жиырма үйден топтаса бастаған кез. «Әлі есімде дейтін» марқұм әкем Рамазан.

Кезінде Әлихан Бөкейхановтың атқосшысы болып жүріп үйренген азды-көпті орысша білетінім бар. Осының да көп көмегі тиді. Елдің қолындағы азын-аулақ мал жазғытұры пышаққа ілігіп, еріксіз сойыла бастады. Бұған түрткі ауыл белсенділері болатын. Олар «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп малды тартып алып, ішкі Россияға ет жөнелтеміз деп жаппай қырып, сою басталды. Қарашілікте көзім көрді, сойылған малда қисап жоқ, тау-тау болып қатталып жатты. Белсенділер ішкі Россияға жөнелтеміз деп елден көлікке ат, түйе сұрады. Бірақ ол жоққа тән еді. Ақырында, қисапсыз малдың еті ешкімге бұйырмай, күн жылып итке жем болуға да жарамады. Қайсы біреулер өзгеге бұйырғанша өзіміз жейік деп белдеудегі бұзауға дейін сойып алып жатты. Ел осылай ашаршылыққа аяқ басты. Ел ішінде наразылық көбейді. Әр жерде толқулар басталды. Сол кезде Мәскеуден екі орыс жігіті Тоқырауын бойымен Балқаш өңіріне келген еді. Қарашіліктен «азды-көпті тіл білесің» деп жолсерік болуды маған тапсырды.

Мезгіл жазғытұры болатын. Тоқырауынның бойымен Балқашқа жол тарттық. Ел ішінде береке жоқ. Әлі жеткендер көлігіңді тарпа бассалып аударып алатын кез. Жол-жөнекей «Тобықтылар үкіметке қарсы көтеріліс жасағалы жатыр» дегенді естідім. Қайсыбіреулер оның бастаушысы Жабайдың Сәдуақасы мен Смайылдың Жақыпбегі дегенде қобалжып қалдым. «Шіркін, екеуі де алмас қылыштың жүзіндей еді-ау!» деп әкемнің көзіне талай жас алғанын көргенім бар.

Содан Қарабұлаққа келсек, халық жиналып, ерттеулі ат, жасақталған жасаққа тап болдық. Маған Смайылдың Жақыпбегі: «Үкіметке көтеріліп жатырмыз. Қой-екеш қой да бауыздағанда тұяқ серпеді, соғұрлым болмадық ба? Бізге қосыл» деді. Жасақтың ұзын-ырғасы көп екен. Ауылға қайтар жолда Қарабұлаққа соқсам, жасақ Дуанға аттанып кетіпті. Ақтұмсыққа таң ата іліктім.

Сартеректегі Шегірдің үйіне ат басын тіредім (ол кісі әйелімнің туған ағасы еді). Есік-терезесі сынған, үйдің айналасы опыр-топыр. Солдаттардан бір кісі өлген, бізден Жекейдің баласы Кәркей оққа ұшыпты.

Сол күні Қарқаралыдан шыққан 12 солдат көтерілісті баспақ болған. Басшысы аудандық милиция бастығы Т.Махнощин деген орыс жігіті. Тәуекел бастаған біраз жігіттер үйдегі астыққа шабуыл жасап, алып кетпекші болған кезде солдаттар үстіне дөп келеді. Осы арада әжептеуір атыс болды, деп Шекең қысқа ғана түсіндірді. Қалған азық-түлікті, оның ішінде қойма деп бір бөлмеге жинаған бидайдың қалдығын түйеге артып, Сартеректен Қарашілікке мені аттандырды. Аймақтың қары әлі қалың екен, омбылап жүре алмай келе жатқанда алдымыздан мылтық асынған біраз адамдар жолығып, айт-ұйтқа қарамай бізді ала жөнелді. Іштерінде өзімнің інім Нұршының Қайдары, Әмірхан қожаның баласы Ырзахан, Тобықты жігіті Иеш, тағы басқа мен білетін азаматтар бар. Бәрі солдат киімін киіп алған. Иықтарына бір-бір мылтық асынған. Сол арада шағын жартас бар екен, солдаттар соны бекініс еткен. Мән-жайды айтқан соң милиция бастығы Махнощин маған тиген жоқ. Қайта жаныма Рыстайдың Біләлін қосып, Қарашіліктегі қазіргі Әлиман қорасына шығарып салды.

Жол-жөнекей Біләлдан естігенім: төменгі жақтың тобықтылары көтеріліс жасап, Дуандағы дүкенді, қойманы бұзып, халыққа таратып беріпті. Енді өзен бойымен жоғарылап ауданды басып алмақ дейді. Соған жергілікті жерден жігіттерді зорлап жинап, Махнощин бастаған отрятқа көмек беріп жатқанын айтты. Біләл да солардың қатарында екен. Үйге келсем, есік алдында шана үстінде бір жігіт өліп жатыр.Үкіметке қарсы пікірде жүргендер ұйымдасып солдаттарға қарсылық білдіріпті. Қаза тапқан – Қарқаралыдан келген І.Азанбаев деген азамат екен. Сол күні оның денесін ат шанаға салып 5-6 жігіт алып кетті.

Халық ашынып отырған еді. Төменгі жақтан келе жатқан үлкен жасаққа қарсы тұра алмаймыз деген пікірде болса керек. Махнощин бастаған отряд ауылдың үстімен кешікпей Ақтоғайға қайтты. Бұл кезде Қарқаралыға арнайы жіберген хабар бойынша қосымша отряд келіп жетті. Көтерілісшілер әжептеуір қол жинап, Сартеректегі қоймаларды бұзып, қалған астықты сол жердегі тұрғындарға таратып жатқанын естідік. Оларға жол-жөнекей басқа рулардан да қосылушылар көп еді. Ұзын қарасы 150-200-дей аттылы жасақты көзім көрді. Көтерілісшілерді Ақ үй жақтағы Қарамойын деген жерде арнайы жасақталған отряд тосып жатты. Ақ үйдің төбесіндегі мұржасына дүрбімен қарауыл қойды. Көтерілісшілер Тоқырауын бойымен келмей, Қасабайдың үстімен тападай талтүсте ауданға қарай қаптап келе жатты. Милиция бастығы көтерілішілерге дүрбі салып ұзақ қарап отырып «түп» деп езу тартып күліп жіберді. Кейін білдім көтерілісшілердің көбі мылтық орнына уық асынып алған екен.

Кейде Тобықтылардың «үкіметке уық алып шықпаңдар» деп қалжыңдап жататыны содан қалған. Негізінде бұл үлкен ерлік еді. «Табаныңа тапталмаймыз, біз де халықпыз» деп үкіметке көрсеткен елдің сесі еді. Олар біле тұра, тәуелсіздік үшін өмірлерін ажалға байлады.

Көтерілісшілердің ішінде 5-6 адамда ғана бесатар, біразы құс мылтықпен қаруланған. Алдында ақ боз ат мінген адам оқшау келе жатты. Тәрізі, Жабайдың Сәдуақасы болса керек. Милиция бастығы қаптап келе жатқандардың ішінен алдыңғысын – жаңағы ақбоз атқа мінгеннің өзін емес, астындағы атын оққа ұшырды. Бірақ көтерілісшілер одан қайта қойған жоқ. Қаруы барлар қарсыласып көрді. Екі солдат жараланды. Атсыз қалғандары кейін шегінді. Арнайы жасақ оларды өкшелей қуып, Жабай ауылының маңындағы Керегетас деген жерге бекінді. Осы арада біраз адам көтерілісшілерден шығын болса керек. Өзім көрген Қожағұл руынан Ыбыш, Көшкіннен Тәуекелді ұстап әкетті. Көтеріліс сәтсіз аяқталды. НКВД адамдары ел ішін жасырын аралап жүріп, көтеріліске қатысты-ау дегенлерді шетінен ұстап ата бастады. Жазығы жоқ көп адам жапа шекті. Аяусыз соққыға жығып, еш тергеусіз, сотсыз-ақ жазалап жатты. Солардың ішінде өз халқының тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен Жабайдың Сәдуақасы, Смайылдың Жақыпбегі, Жекейдің Кәркейі, тағы басқа азаматтар бар еді. Езіліп, жаншылған елге 31-32 жылдардағы аштық нәубеті келіп килікті. Ол қасірет – өз алдына жеке әңгіме.

Қабылбек РАМАЗАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button