Басты тақырыпРухани жаңғыру

Әулие үңгір

   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлан-ғайыр жері мен аса бай тарихы бар Ұлы Дала Елінің басты мақсаты негізгі бағдар болып отыр.

«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Үкімет басшысы қадап айтты.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Экспедиция қарсаңында Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі Балқаш өңіріндегі киелі жерлер туралы материалдар жинақтады. Бұл маңайдың бәрі Ақтоғай ауданының территоиясына кіретіндіктен, негізгі жұмыстың басым бөлігін ақтоғайлық өлкетанушылар қолға алған болуы керек. Дегенмен, бұл киелі орындар Балқаш өңіріне жақын орналасқандықтан, қалам тербегенді жөн санадық.

Балқаш қаласының солтүстігіне қарай 70 шақырым жердегі Бектауата тауында орналасқан. Бұл таудың биіктігі теңіз деңгейінен 1213 м. Үңгір таудың етегінен 80 метрдей биіктікте, ұзындығы 48,9 метр. Отыз метр жүргеннен кейін түбі тереңдеп, су пайда болады. Одан ары қарай үңгір тарылып, жоғары қарай көтеріліп, жарықшақтанып кетеді де, таудың жоғарғы беткейінен бір-ақ шығады. Суы тұщы, суық.

Ертеде бұл жерге дертке шалдыққан адамдар көптеп келіп, түнеп кететін болған. Әулиеге арнайы түнеу­ге шыққан адамдар жеті шақырым жерден аттан түсіп, үңгірге дейін жаяу барады екен. Шырақ жағып, қой сойып, үңгірдегі қасиетті судан ішіп, әр түрлі кесел-дерттеріне шипа тапқан. Перзент сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар келіп түнеп, тілектері қабыл болып, соңынан перзентті болған. Әулиеге деген сол наным мен сенім күні бүгінге дейін сақталып, келушілердің саны қазір де толастамай отыр. Бұл жерде шырақшы болып бір ақсақал өмір сүрген. Оның аты-жөнін қазір ешкім білмейді.

1994 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан жарық көрген «Жезқазған облысының географиясы» (Авторлары – Ф.Теміреева, С.Нұрсейітов) деген кітаптың 19-бетінде: «Бектауата айналасы жазық, теңізден көтерілген арал тәрізді жалғыз тау. Таудың бедері жел өтінен әбден мүжілген. Осынау өлкедегі шыңырау «Әулие» үңгірі бар. Ұзындығы 48,9 метр» – деп жазылған.

1900 жылы Семей облыстық статис­тика комитеті осы өлкенің археология­лық байлықтары туралы мәліметтер жинау үшін әрбір болысқа сауалнама парағын жібереді. Сол уақытта Тоқырауын болысын басқарған Сейтқали Балқымбаев ел мен жер тарихын жетік білетін шежіреші Ақтан Бекқұлиннің айтуымен біраз нәрселерді жазып, комитетке хабарлаған. Сонда Әулие үңгірін суреттеп айтып берген. «Бұл жергілікті қазақтар зиярат ететін қасиетті жер, үңгірдің ұзындығы жүз адым, ішінде көлшік бар, үңгірдің түп жағына қарай кішігірім саңылау бар» делінген ол жазбада.

Өлкетанушы Ю.Г.Попов «Бектауатағы Әулие үңгір оның табанынан 80 метр биікте орналасқандығын мәлімдеген. Ұзындығы жүз адым (шамамен 50 метр). Отыз метр жүргеннен кейін түбі төмендей береді де, су пайда болады. Одан ары қарай үңгір тарылып, жоғары қарай көтеріледі де, сыртқа шығатын жарықшалармен аяқталады. Суы тұщы, суық» деп жазады. Және ол өзінің «Отец высоких гор» деген мақаласында таудың бұрынғы атауы «Биік-тау-ата» болғанын жазған. Ол бұл деректі семейлік өлкетанушы Н.Я.Коншиннің 1901 жылы жазған дерегінен алған. Н.Я.Коншин: «Таудың орта тұсында ұзын дәліз түріндегі үңгір бар. Оның түп жағында диаметрі 7-8 сажен болатын көлді кездестіруге болады. Барлық үңгірлер сияқты бұл да «Әулиетау» деген атқа ие және киелі орын саналады», – деп сипаттаған.

Әлкей Марғұлан мұны «Бек тауы» деген аттан шыққан, кейін оған «ата» сөзі қосылған деп түсіндіреді. Ол бір уақыттарда қазақ даласындағы бір байдың, бектің  жекеменшік жері болған деген тұжырым жасаған. (Ю.Попов).

М.П.Русаков 1921 және 1926 жылдары Бектауатаға келгенде жергілікті тұрғындардан бұл үңгірде бір әулие адамның жасырынып өмір сүргені туралы аңызды естіген. Ал, Ю.Попов 1975 жылы Балқашқа келген сапарында қала тұрғыны Біләлғали Тұяқаевпен кездесіп, ол кісіден үңгірдегі судың емдік қасиеті барын естіп білген.

 

Қуандық СӘДЕНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button