Қуатты мемлекеттің шуақты шырайы
Қазақстан Республикасында гендерлік теңдік пен әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті мәлімдемелерінде әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта облыс айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Өркениетті қоғамның өлшемі
Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайтынын айтып, әйелдерді қызметке тарту қажеттігіне мән берген болатын. Президент пікірінше, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды және жемқорлық әрекеттерге бейім емес.
– Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді Президент.
Гендерлік теңдік – заманауи қоғамның маңызды аспектілерінің бірі. Яғни, аталған саяси бағдар әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерге ие болуын, қоғамның барлық салаларында тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуді көздейді. Соңғы жылдары көптеген мемлекеттер осы бағытта айтарлықтай жетістіктерге жетті. Саясатта әйелдердің үлес салмағын арттыру – гендерлік теңдіктің маңызды көрсеткіші. Ақпарат айдындарына зер салған болсақ, бүгінде жаһанның бірқатар мемлекеттерінде әйелдер Парламент мүшелері мен министрлік қызметтерге тағайындалуда.
Жарқын болашаққа жол
Аймақта мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі республика бойынша орта көрсеткіштерден жоғары. Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, былтырғы 1 қаңтардағы жағдайды ескерсек, мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 57%-ын әйелдер құрайды. Аймақта басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 42%. Яғни, дерек нәзік жандардың басқарушылық қабілеттері мен көшбасшылық қасиеттерінің жоғары екенін айғақтаса керек.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы әйелдер қанаты құрылып, өңірдегі қыз-келіншектердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Бұл құрылым гендерлік теңдігін қамтамасыз ету, арулардың әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуын қолдау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыс істейді.
Облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева гендерлік теңдік бағытындағы жетістіктерді жоғары бағалайды. Әйелдер қанатының негізгі міндеттері қатарында олардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқару органдарына жұмылдыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға үлес қосу бар.
– Өңірімізде әйел затының деңгейлі білім алуына, денсаулығын сақтауға әрі әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Баянды бастамалар Қарағанды облысында әйел қауымының қоғамдағы рөлін нығайтуға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін мейілінше кеңейтуге және гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған маңызды қадамдар екендігі даусыз. Аймақта әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесінің жоғары болуы, әрине, қуантады, – дейді Зара Хамитқызы.
Тең мүмкіндік, теңгерімді саясат
Асылында әйелдер – тіршіліктің алтын діңгегі, өркениеттің нұрлы шуағы. Олардың ерік-жігері мен қажыр-қайраты талай белесті бағындырып, әлі талай асуды еңсеруге сеп болды. Мемлекеттік қызметте болсын, басқару ісінде өз орнын тауып, ел дамуына сүбелі үлес қосуы – әділетті қоғамның көрінісі.
– Аруларымыздың қоғамдағы рөлі айтарлықтай артқанын байқаймыз. Мемлекеттік қызметте, бизнес саласында, білім мен медицинада әйелдер барынша белсенділік танытып, өздерінің қарым-қабілетін сан мәрте дәлелдеп келеді. Дегенмен, әлі де болса белгілі бір түйткілдер бар. Онсыз тағы болмайды. Мысалы, басшылық қызметтерге келгенде әйелдерге қойылатын талаптар кейде ер адамдарға қарағанда да жоғары болып жатады. Ақиқатында әйелден тек кәсібилік қана емес, сонымен қатар, отбасы мен жұмысты қатар алып жүруі керектігі ескеріле бермейді. Қарапайым қала тұрғыны ретінде мен олардың мүмкіндіктері кеңейіп, оларға селкеусіз сенім артылғанын қалаймын. Біз аналардың қоғамға берері мол екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, әйелдердің саясат пен басқарудағы үлесінің артуы – қуантарлық жайт – деп ағынан жарылды қала тұрғыны Айжан Қасым.
Кеше, бүгін, ертең
Кеңес заманында әйелдердің еңбек нарығына жаппай тартылуы орын алды, бірақ, негізінен көпшілігі білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда шоғырланды. Мемлекеттік басқарудағы әйелдер саны шектеулі болды, ал, басшылық лауазымдарға негізінен ер адамдар тағайындалатын. 1980 жылдары мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі небәрі 30%-дан аспайтын. Қайраткер арулардың саясаттағы рөлі формалды түрде танылғанымен, іс жүзінде олар шешім қабылдау деңгейіне жете алмады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін гендерлік теңдік мәселесі мемлекеттің негізгі саясатының қатарына кірді. Елде әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық реформалар жасалды, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. 1998 жылдың 29 маусымда әйелдерге кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының қосылуы туралы заң қабылданды. Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітіліп, әйелдердің саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған нақты оң әрекеттер жасалды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуді қамтамасыз ету жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.
Бүгінде Қазақстанда әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесі айтарлықтай өсті. Бұрын әйелдер тек орындаушы рөлде болса, қазір шешім қабылдау деңгейіне көтерілуде. Тұтас қоғамның көзқарасы өзгеріп, әйелдердің көшбасшылық қабілеттері мойындала бастады. Мемлекет тарапынан қолдау артты, түрлі бағдарламалар мен гранттар арқылы әйелдердің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында ілкімді ілгерілеушілік бар.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»