Қуат аламыз ба, құлап қаламыз ба?
Елімізде энергетикалық сусын ішіп, жүрек талмасына ұшыраған жастар саны артып келеді. Бұл туралы отандық медицина мамандары дабыл қағуда. Жалпы, энергетикалық сусындардың зияны жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық сусынды сатуға тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Арада жарты жыл өтсе де, бұл тапсырмаға назар салған Үкімет жоқ.
Мемлекет басшысы Атырау өңірінде халықпен кездескенде «…Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деп ескертті.
Алғаш рет энергетикалық сусынды 1927 жылы британдық фармацевт Уильям Уокер Хантер жасады. «Glucozade» деген атаумен шыққан сусынның 25%-ы глюкозадан және газдалған су, лимон, сүт және аскорбин қышқылдары, кофеин, консерванттар, хош иістер мен бояғыштардан тұрды. Және дәріханаларда ғана сатылды.
Кейіннен, бұл сусынды еңбек потенциалын арттыру мақсатында Жапония халқы пайдалана бастады. Жапондықтардың ой қабілетінің жүйріктігі, АҚШ-тан кейінгі екінші экономикалық державаға айналуына осы сиқырлы сусынның әсері болды деген деректер де бар. Дегенмен, жапон халқының өмір сүру жасының ұзақтығына қарап, энергетикалық сусынды жиі қолданады деп айтуға тағы келмейді. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Вьетнаммен соғысқанда жауынгерлеріне күш беру мақсатында тұрақты түрде ішкізген. Нәтижесінде жауынгерлер арасында бас және бауыр аурулары жиілеп, әскерлерге беруге тыйым салынады. Тарихтағы осындай келеңсіз оқиғаларды біле отырып, елімізде энергетикалық сусындардың жасөспірімдерге сатылуына тыйым салуға мемлекет құлықсыз.
Еліміздегі дүкендерді еркін аралап жүрген энергетикалық сусындардан ДНК-ға қауіпті қоспалар да табылған. Яғни, ол – еркектерді белсіз, әйелдерді бедеу ететін қоспалар.
2017 жылғы желтоқсанда Мәжіліс депутаттары елімізге энергетикалық сусындардың әкелуін шектеуді ұсынды. Іле Денсаулық сақтау министрлігі энергетикалық сусындарды жасы 21-ге жетпеген жандарға сатуға тыйым салатын Қаулы қабылдады. Алайда, екеуі де күшіне енген жоқ. Тұқымымызды тұздай құртатын энергетикалық сусындар сауда орындарында әлі де самсап тұр.
Шаршағанды басып, сергек жүру үшін дәмі тәтті, әсері қатты сиқырлы сусынға тәуелділердің басым көпшілігі жастар. Мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің «Ертеңгі жарысқа горилла ішіп барайық, шаршамаймыз сонда» дегенін құлағым шалып қалды. Жан беріп, жан алысып, ала доптың соңынан жүгірсе, оған қоса энергетик ішсе, аттай тулап атқақтаған жүректен не қалар?! Дерек бойынша елімізде 15 жастан асқан жастардың 45%-ы осы сусынды ішеді.
– Жалпы энергетикалық сусындар адамның жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдалануда. Мәселен, құрамындағы қоспа-қоздырғыштар кофеин, гуарана және женьшень сынды өсімдік заттар өздерінің сергіткіш қасиеттерімен танымал. Ал, аминоқышқылдар болса, бір жүйке талшығынан екіншісіне импульстарды тезірек беруге көмектеседі. Таурин жүрек жұмысының қызметін ынталандырады. Мұндай компоненттердің қосындысы жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысына өте қатты ықпал етеді. Олардың тахикардия, психомоторлы қозу, күйгелектіктің артуы, депрессияны тудыратын жанама әсерлері де бар. Энергетикалық сусындарды артық пайдалану артериалды қан қысымының немесе қандағы қант деңгейінің артуына ұрындырады. Ал, энергетикалық сусындарды алкогольмен араластыруға мүлдем болмайды. Олардың құрамындағы кофеин қан қысымын арттыратын болса, алкоголь оның әрекетін одан әрі күшейте түседі. Нәтижесінде гипертониялық кризболуы ықтимал, – дейді Қарағанды қаласы №5 емханасының алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Раиса Федоровна.
Жүрек ауруларының барлық түріне әкелуі әбден мүмкін. Энергетик сусындар адамға энергия береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате пікір. Сусында тек энергия қоздырғышы ғана бар. Ол адам бойындағы бір тәулікке жететін энергия қорын пайдаға жаратады. Соқырдың өз бидайын өзіне қуырып бергенмен бірдей. Энергия қоздырғыш – кофеин, таурин және көмірқышқыл газы. Егер күнделікті қолданған жағдайда, адам бойындағы энергия қоры таусылады. Адамда енжарлық, шаршаңқы күй байқалып, соңы депрессияға соғады. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін энергетикалық сусынға аңсары ауа береді. Бұл тәуелділікке ұласады.
– Осы сусынды ішіп жүргеніме үш жыл болды. Жиі тұтынамын. Бастапқыда жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында қолданғанмын. Кейіннен тәуелді болдым. Шөліңді басып, сарайыңды ашады. Бірақ келесі күні шаршап отырасың. Тағы да ішесің. Кейіннен жүйке жүйеме әсер ете бастады. Ұйқысыздық, алаңдаушылық, қорқыныш сезімдері бар. Анда-санда тынысым тарылып, жүрегім қысады. Түн мезгілдерінде дем жетпей, тұншығып қаламын, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ардақ Дәуренқызы.
Иә, бүгінде бұл сусынның дәмін татып, «ширап» жүрген жастар, оның зияны туралы ойлауға құлықсыз. Шамадан тыс қолданған жағдайда, қан қысымдары көтеріліп, мұрындары қанаса да мән бермейді, ал құрамындағы қант алдағы уақыттарда қант диабеті ауруына алып келетіндігін назарға да алмайды.
Оның ішінде синтетикалық кофеин, таурин, көмірқышқыл газынан тұратын энергетикалық сусындарды тұтынатындары да бар. Ал, синтетикалық жолмен алынған кофеиннің зияны көп. Энергетикалық сусынның бір құтысында синтетикалық жолмен алынған кофеин 3-4 есеге жоғары. Бұл адам ағзасына кері әсерін тигізеді, сонымен бірге, тәттілік заты басым сусын қандағы қант деңгейін жоғарылатады. Одан кейін синтетикалық заттардың көп болуы зат алмасуды бұзады. Мамандардың сөзінше, жастайынан энергетикалық сусынды жиі ішетін жандардың жасушалары ластанып, ас қорыту жүйесінде қалдықтар жиналады. Зат алмасу процесі бұзылып, бауыр мен бүйрек жұмысы нашарлайтынын айтады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері.
Бір қызығы, кейбір энергетикалық сусындар қалбырында «Халал» жазуы бар. Бұл сертификатты кімнің беруі мүмкін деген сұрақпен облыстағы «Халал» сертификатын беретін орталық өкіліне хабарластық. «Бұл біздің логотип емес. Бізде сертификат беретін бірнеше орталық бар. Солардікі болуы керек» деген жауап алдық.
Ақша, пайда деп, энергетикалық сусынның зияны қалтарыста қалып келеді.
Сағыныш ӘБІЛ,
Оrtalyq.kz