Бас тақырыпСпорт

Қуан, Қарағанды: Алан балаң әлем чемпионы!

Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Қарағанды теннис мектебінің өкілі Алан Құрманғалиев біздің еліміз үшін бұрын-соңды болып көрмеген толайым табысқа қол жеткізді. Талантты спортшы Египет елінің теннисші қызы Хана Годамен бірге аралас жұптық сында өнер көрсетіп, турнирдің алтын жүлдесін жеңіп алды.

Суретте: әлем чемпиондары Хана Года мен Алан Құрманғалиев

Дүниежүзілік доданың шешуші ойынында Құрманғалиев пен Года одағы Тиаго Абиодан (Португалия) – Мария Берзоса (Испания) жұбын тізе бүктірді.

Он бес жасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Алан Құрманғалиевті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхат жолдап, арнайы құттықтады. «Қазақстанда үстел теннисінің жанкүйерлері өзіңді мақтан тұтады. Осы жетістіктеріңмен шектелмей, беделді әлемдік турнирлерде ең жоғары жүлделерге ие болу үшін спорттағы шеберлігіңді шыңдай түсуіңе тілектеспін. Бұл міндет сенің қолыңнан келеді! Талмай еңбек ет, күрес және жеңістерге жете бер!», деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.

Сонымен бірге, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та өзінің фейсбук парақшасында жас чемпионды құттықтап, оның жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваға алғыс сезімін жеткізді. «Алан мен үстел теннисінің барлық жанкүйерлерін шын жүректен құттықтаймын. Біз сіздерді мақтан тұтамыз!» деген жазба қалдырды өңір басшысы.

Алан Құрманғалиев осы чемпионаттың жекелей сынында да тамаша нәтиже көрсетіп, қола жүлде иегері атанды. Ол жарыстың жартылай финалына дейін сүрінбей жетіп, онда жапон теннисшісі Казуки Йошиямеге ғана 1:4 есебімен есе жіберіп алды. Ал, Аланның алдын орап кеткен бұл спортшы финалда Франция өкілі Флавиен Котонға жол беріп, күміс медальді місе тұтты.

Осы орайда, «Алан осындай биікке қалай шықты?» деген заңды сұрақ туындайды. Иә, ол аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Дарынды теннисші жеткен тарихи жеңістің ту сыртында тұтас бір ұжымның маңдай тері, кешенді ұйымдастыру жұмыстары және ұстамды саясат тұр.

Суретте: әлем чемпионы Алан Құрманғалиев пен оның жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.

Мысалы, Қарағанды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев былай дейді: «Спорт түрлерін дамыту үшін инфрақұрылым бірінші кезекте керек. Одан кейін маман керек. Содан кейін барып дарынды спортшы керек болады. Осы үшеуі болмаса, іс алға жылжымайды. Мәселен, Қарағандыда теннис орталығы салынбаса, шеттен мықты маман келмесе, Алан қанша жерден дарынды болса да, одан чемпион шықпас еді».

Жаны бар сөз. Тақыр жерден дән өнбейді. Бағбаны болмаса, тамырының тереңге кетіп, бұтағының биікке ұмтылмасы анық қой.

Алан Құрманғалиев бала кезінен көзге түсіп, назарға ілініп жүрген дарынды жас. Сол себепті де болашағынан мол үміт күттірген мұндай тума таланттар ерекше қамқорлықты, шынайы қолдауды, тіпті, жан-жақты қорғауды да қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде, Арқа спортының басшысына, Ә.Молдағұлова атындағы спорттық мектеп-интернат-колледждің директоры Ерден Халилинге, облыстық теннис мектебінің жетекшісі Тоқтамыс Хасеновке және чемпионның жеке бапкері Эльмира Әлиеваға алдағы уақытта да табандылық танытып, көп тер төгулеріне тура келеді.

Қайрат ӘБІЛДА.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button