Ресми

Қуғаны құтылмаған Қаракер (Әңгіме)

Ақпанның ақ таңы. Неше күн тынымсыз жауған қар бетеге басын еріксіз идіргендей. Кенет жауған қар тұтқиылдан тиген жаудай ештеңеге мұрша берместен жан біткенді құрсауынан құтқармады. Ұшқат, шұбар арасын жаяу адам түгілі, ат аяғын алып жүре алмастай етіп алып қалған. Аспан ақ, жер де ақ киізге оранған. Қарайған Амантай шоқысының бауырында орналасқан шағын қара қос қана. Жансыз далада жан баласына үміт берген қара қостың мұржасынан қылтыңдаған қи түтіні. Бұл – Ақтау, Ақтай, Қаражал жылқышыларының қосы.

Сурет ашық дереккөзден

Бес күн қатарынан жылқының күзетіне өзге ат жоқтай Кенжетай қайынағасының бәйге Қаракерін мініп жүрді.  Үйір-үйір жылқы ішінен осыған мінер ат табылмады дейсіз бе?! Әншейін Қаракердің ілкімділігі һәм өзге аттардан ерекшелігі мен кербездігі көз байлау болды да?! Бүгін алтыншы күн. Еріксіз ерін алып, жүгенін сыпырып, жануарды жылқыға қоспаққа ноқталап, жетегіне алды. Кенжетай жүрісін жеделдетіп, астындағы атты жүгіртіңкіреп келеді. Жылқы жатқан адырмен екі орта  ат аяғымен  соқпаққа айналған. Десек те, жауған қар оны да оңдырмай толтырған екен. Желіп-шоқытып келе жатқан жылқышының жетегіндегі Қаракер аптаға жуық мініліп, ішін тартып, бабына енді түскендей. Соқпақтың бұралаң тұстарында жетектеген аттың ырқымен қимылдап келеді. Шылбыр жаздырмай, атпен қатар жалтарады. Жануардың жылқыдан артық тағы бір қыры осы еді. Адам жанын Алладан аманаттап алғандай, үстіндегі адамына қастық қылайын, я жығып кетейін деп аңдыспайтын. Хайуан болса да, жаны адамға тән мұндай қылқұйрықтың құны өтеу­сіз болар, сірә?!

Қаракерді мал танымас кісі көрсе, аса мән беріп, қарамас болар. Жатаған, көшелі, бойы аса ұзын емес, жалдас, құйрығының түбі жуан да, ұшы сымпыс. Басы кержіктеу, кеңсірік тұсы қолтырауын танау, маңдайы жалпақ, қос қабағы жұдырықтай боп, шодырая шығып тұр. Құлағы кекілдің екі жағында салбырап жатыр. Мойнының жіңішкелігі сонша жүген сағалдырығына сыйып-ақ кеткен. Қаракер ат жай жүргенде, аяңы қарап тұрған кісінің делебесін қоздырып, дегбірін қашырардай аяғын шалжақтап алатын. Кекілін қағып тастап, аяғын ырғап басатын. Қыстыгүні шыбындаған жылқыдай бұл қылығы оның бойындағы болмыстан хабар бер­гендігі. Құйма тұяқтың іші қуыс, шашалы, жерсоғарлы. Бір басы қырық жорғаға татырлық ат қадірін мына Кенжетай да білетін.

Осы жүріспен бұйрат-бұйраттың арасымен жылқы жатқан жерге де жетті ақыры жылқышы. Табын шетін жинап келе жатқан Кенжетай тай жемтігінің тура үстінен түсті. Дәу де болса, әккі арлан екенін жылқышы бірден ұқты. «Таңдап жүріп қысырдың тайын жыққан екен жарықтық», – деп қайран қалды Кенжетай түлкі тымағын қолымен бір қомдап қойып.

«Бұл бүгін таң ата жарылған мал» деп топшылады. Жасынан жылқы мен аң сырына қанық жігіттің бұл ойы қате емес-ті. Жәукемделген жас ет әлі жөнді қата қоймаған. Қабырғалығы мен мойын жағы сыдырылып желінген де, өзге тұсы аман көрінеді. Кенжетай кідірмеді. Айнала жортып, тұмсығын қарға үйкеп тазартқан қасқырдың ізімен тура тартты. Із Амантай шоқысынан арғы Қудың талды, өзенді тауын бетке алған. Амантаймен Қудың арасы – қыстың күні жүрген аттылыға күндік жол. Жол алыстығы желөкпелеу жас жігітке тоқтау болмады. Астындағы атқа сенді ме, саптамасының қонышындағы шолақ мылтыққа ма, әлде жігіттігіне ме?! Онысы Аллаға аян.

Жортқан із біршама жүрістен соң сымпылдай бастады. Қасқыр артындағы қуғынды сезсе керек. Күндізін желген ат барлығыңқырап қалды. Мұны Кенжетай аттың тынымсыз пысқырып, «аялдауға ишарат білдіре ме?» деп тоқтау күткен қылығынан аңғарып келеді. Ат басын тартып, астындағының жүгенін сыпырып, жетектегі Қаракерге салды. Үстіндегі тонын болдырған атқа жауып, ноқтасын жалына қаңтарып, Қаракерге жайдақ мініп, тұра шапты. Мұның сенгені – Тәңірі мен жетегіндегі Қаракер аты.

Қолтығы сөгіліп, еті жыртылған Қаракер неше күн осы қуғынды күткендей. Аш күзендей бір бүгіліп, бір жазылып, көкжал ізімен салып ұрып келеді. Жолай Бала Шөкаманнан өтіп, Жидебай тауына шыққанда көкжалдың бойы да көрінді. Бойын көрген көкжалдың Қаракер жанын қоя ма?!  Күні бұрын қашқан қасқырдың артқы екі аяғы тартылып қалған екен. Артын сүйреген күйі көкжал да жанын жасыруға пана іздеуде.

Кенжетай құрық салар жерден қонышындағы қысқа мылтықпен алдыңғы аяғын арпалаңдай алған қарақылшық қасқырды бірнеше атты.  Алайда, ұңғысы қысқа мылтықтың оғы шашыраңқырап тиіп, бөріге дарыр емес. «Алда әкеңнің» деп кіжінген Кенжетайдың мылтыққа сенімі сейілді. Әуелден жылқышы қауым қысқа мылтықты құп көрген-ді. Онымен көбіне аң атпайтын. Қалың жылқыға тұтқиылдан тиген қасқыр ұясына қорқу салуға пайдаланатын. «Қолдан оқталған қысқа мылтықтың пайдасы құрық құрлы болмады-ау!» деп күйінді Кенжетай. Амал ойлап, жоспар сызар уақыт жоқ. Тұра беліндегі қайыс белдікті шешіп алып, мылтық шүріппесінен ілді. Сіңірі тартылып, сілесі құрыған бөріні шиыра кеп ұрды. Ат екпіні еңселі жігіттің тым қатты еңкеюіне мұрша берер емес. Қарсы қарап, тұздай жасыл, жасын жанарын қадап жатқан қасқыр да «келсең кел» дегендей-ақ кейіпте. Оң қолына ораған қайыс белбеуді қаттырақ қыса түсіп, ышқына тағы бір төпеп өтті. Жан беру оңай ма? Айдалада жолыққан қос сырттанның айқасы ұзап барады. Қаракерді қасқырдың қабырғалығына қапталдастыра кеп ұрмаққа оқталды. Қос аяқты жаудың жан алмасқа қоймасын білген төрт аяқты түз тағысы бар дәрменін жиып, шиырыла келген мылтықты қауып түсті. Қайың құндақ қоңыр мылтық қасқырдың аузында қалды. «Қап! Ішіңді ұрайын-ай!» дей берді іштей Кенжетай…

Бірі – арлан, бірі – адам. Тағдыры үшін тайталасқанмен тай үшін кегі қатқан екеудің арпалысына тек меңіреу дала мен Қаракер ат куә. Күн еңкейіп, ымырт түсті. Ақшам ауып, құптан кірер уақытқа таяды. Аяз күшейіп, ат сауырын ақ қырау шалды. Не керек ақыры, алдыңғы екі аяғы мен азуына сенген бөрінің құл сүлдері қалды. Әлсіз тиіп, ет пен сүйектің арасында қалған қорғасын, қала берді қайың құндақ темір мылтықтың соққысынан көкжалдың дымы қалмады. Аз кідіріп, жансыз жауға аттылы таяп келді. Қызыл қанға боялған тілі ұртынан қылтиып, ала жаздай ақ сүт емген қысырдың тайына сапталған ақ азуы ырсиып жатыр. Тайыншадай немені атқа өңгерейін дегенмен, жүйрік атқа ыстығы өтеді деп пе, әлде дала сырттанына жаяу таяуға батылы бармады ма, Кенжетай келген ізімен Қаракерге қайта қамшы басты.

Бағанағы ет қызулық саябырсып, тонсыз тән тобарсыңқырап тоңа бастады. Аттың ілкімділігінің арқасында ізімен қосқа да таяп келеді. Бұл қосқа жеткенде жолы болғандай Ақтау ауылынан мал әкетуге келген трактор да келіпті. Қосқа жиналған ел етті енді ала бергенде Кенжетай да ентелей енді. «Ассалаумағаләйкум» деп амандық білісімен бар болғанды баяндап, жігіттер апыл-ғұпыл тамақтанды. Күн­ұзақ қимылдаған Кенжетайдың ішіне ел барып, бойына қан тарады. Тамақтан соң іле-шала қос алдындағы атағашта тұрған Қаракер атты ықтасын сайдың тебіні жұмсақ жеріне апарды. Арқасына ескі текеметті шет-шетін қомдай жауып, шылбырын қылша мойнына түріп, ауыздығын алып, тізгінін қаңтарып, қоя береді.

Әп-сәтте көк трактор қара көк түтінін будақтата бұрқылдап шыға келді. Кенжетай және тағы екі жігіт мінгесіп, көк трактормен көк өкпесін қолға алып, Қудың алдына барып, қасқырды алып қайта қосқа келгенде таң намазы кірген екен. Қаракердің қырық жылда бір туар, қашса жеткізбес, қуғаны құтылмаған жылқы екенін көріп таныған көздің бір айтары осы еді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button