Ұтымды қадам – ұлағатты шешім
Жуырда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған «Қазақстанның антиядролық бастамалары» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында «Невада-Семей» қозғалысы қарағандылық филиалының төрағасы М.Хамиев, гвардиялық генерал-мойор, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушы Я.Дуда баяндама жасап, «Қарағанды облыстық Чернобыль-Семей ардагерлер одағы» кеңесі төрағасының міндетін атқарушы ЧАЭС апатын жоюға және 1986 жылдың 2 қыркүйегінде Семей ядролық сынақ полигонын жабуға қатысушы, халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі В.Минин адамзатты ауызбірлікке шақырған манифестің мән-жайын талқыға салды.
Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті арттыру жөніндегі саясатын іске асыру құралдары мен тетіктерін одан әрі дамыту бойынша тәжірибе алмасуды мақсат тұтқан мәнді отырыста медицина қызметінің полковнигі, Семей атом полигонында қызмет өтеуші Ж.Көпбаев, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушы М.Баекенов, кеңес мүшесі И.Науменконың баяндамалары тыңдалып, дөңгелек үстел қортындысы бойынша бірқатар қарарлар қабылданды. Мәселен, Семей ядролық сынақ полигонына Дүниежүзілік мұра мәртебесін беру, ССП Дүниежүзілік мұражайында ұрпақтар үшін әлемдік достастық құру, қазіргі уақытта ерекше назарды Семей өңіріндегі елді мекендердегі радиоэкологиялық ахуалды зерттеу институтына аудару сынды ұсыныстар мәслихаттың мәнісін арттырды.
«Қарағанды облыстық Чернобыль-Семей ардагерлер одағы» АҚ тексеру комиссиясының төрағасы И.Бурмистровтың сөзінен түйгеніміздей, Елбасының әлемдік аренадан үн қатып, соғыссыз бейбітшілікке ұмтылған ұлағатты шешімі мен Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толып отырған айрықша датаның тұспа-тұс қатар келуі – кездейсоқтық емес.
Жарқын болашаққа жасалған ізгі қадамның түпкілікті негізі – осы шығар.
Мирас АСАН