Жаңалықтар

«Құтты білік» поэмасы хақында

Қазақтың этногенезін құраған Қарахан мемлекеті (Х-ХIII ғғ.) тұсында рухани ренессанстық дәуір болды. Бұл тұста шоқтығы биік ғұламалар көптеп дүниеге келді. Атап айтар болсақ, Аристотельден кейінгі дүниенің екінші ұстазы атанған Фарабидің саясат пен әлеуметтануға қатысты философиялық ойлары жазылған «Таквим ас Сияса» яғни «Саяси күнделік» дегенді білдіретін еңбегі, Махмұт Қашқаридың түркі халықтарының әдет-ғұрыптары, тарихы мен мәдениеті сипатталатын түркі энциклопедиясы «Диуани лұғат ат-түрік» кітабы және Ж.Баласағұнның көркем туындысы «Құтадғу білік» дастаны қатарлы жазба еңбектер орын алған.

Жүсіп Баласағұни «Құтты білік» (Вена көшірмесі) ХI ғ.

Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» («Құтты білік») дидактикалық дастаны – ХI ғасырда Қарахан дәуірінде ескі түркі тілінде жазылған, түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы.

Орта ғасырлық түркі ойшылы Баласағұн Жүсіп 54 жасында он сегіз айдың ішінде Сатұқ Бұғра ханға арнап, 6645 тармақ, 179 төрттіктен тұратын, тарихта алтын әріппен жазылып қалатын «Құтты білік» дидактикалық өлеңін жазды. Аталмыш еңбек хан тарапынан өте жоғары бағаланып, оған «Хас Хажыб» (ұлы уәзір) деген атақ берген. Автор әділет, ақыл, бақыт, қанағат деген төрт ұғымға ерекше көңіл бөліп, балама бейнелермен мәнін ашады. Әділетті шыққан күнге, Бақытты толған айға, теңесе, ақылда белсенді өмір жолын ұсынып, қанағатта өмірден оқшауланып, Аллаға қауышуды уағыздайды.

Ұлттық орталық қорында сақтаулы Махмұт Қашқаридың «Әлем картасы» ХIғ.

«Құтты білікте» Қарахан дәуіріндегі этносаяси тарих, мәдениет, наным-сенім, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дипломатиялық байланыс қатар көрші елдермен мәдени байланыс, сауда қатынастары, соның ішінде, киім-кешек, зерігерлік бұйымдар мен аксессуарларға байланысты деректер көптеп сақталған. Кітаптың 3 түп нұсқасы бар. Біріншісі, Аустрия Вена қаласының ұлттық кітапханасында, екіншісі, Мысырдың Кайр қаласы, үшіншісі, Өзбекстанның Әбу райхан беруни шығыстану институтында.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында сақтаулы бұл кітап – ХV ғасырда Герат қаласында Қарахан түркі тілінде жазылған веналық қолжазбаның нұсқасы.

Махмұт Қашқари «Әлем картасы», (қараңыз: қолжазба, араб тілі. 4 бет, жоғарыдан санағанда 8 қатар).

ХIII ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Ата малик Жувейни өзінің «Тарих Жахан гушай» деген авторлық еңбегінде түркі жазуын «ұйғыр жазуы» деп атаған. Себебі, Моңғол ипериясы кезінде құжат жұмыстарымен айналысатындардың көбі ұйғырлар болғандықтан, осылай «ұйғыр жазуы» деп атаған. Одан кейінгі шығыстанушылар да Жувейнидің пікірін қолдап, «ұйғыр жазуы» деп атап кеткен. Бүгінде солай аталып қалып жүр. Ал, Жуейниден екі жүз жыл бұрын өмір сүрген ХI ғасырда Махмұт Қашқаридың араб тілінде жазылған «Диуани лұғат ат-түрік («Түркі сөздерінің жинағы») еңбегінің «Әлем картасы» атты бөлімінде «түркі жазуы» деп жазылған. Яғни, бұл тек ұйғырға ғана тән жазу емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ жазу деп атаған.

«Құтты білік» дастанының негізгі мәтіні көне түркі жазбаларындағы маснави түрінде берілген. Елге билік жүргізудің ережелері және тәртібін, рухани қазынамыздың негізіне арқау боларлық «Құтты білік» дастаны – қазақтың төл мұрасы.

Әділәлі ЖАБЫҚБАЙҰЛЫ,
Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық
орталығының біліктілігі жоғары деңгейлі маманы, археограф

Басқа материалдар

Back to top button