Бас тақырыпМәселе

Цифрланып болдық па?

Әлемде цифрлық жүйеге көшу майданы жүруде. Бұл дегеніміз қағазбастылықтан арылу ғана емес, әр салада жылдам хабар алғызу мен инновацияны жетілдіре түсу дегенді білдірсе керек. Біреулер интернетке қол жеткіземіз деп жан сала жұмыс істеп жатса, енді бірі тың идеяны жүзеге асыруда.

Жақында 2022 жылы әлем Илон Масктың жаңа өнімі Tesla Phone-ды көреді деген жаңалық шықты. Осы да сенсация ма дерсіз… Асықпаңыз, бұл құрылғы бүгінгі нарықта үстемдік ететін алыптармен бәсекеге түсе алатын ғана емес, оларды тіпті бірнеше қадам артта қалдыратын үздік смартфон болмақ. Өйткені, техникалық сипаттамасына үңілсек, зарядтау жылдамдығы 0%- дан 100%-ға дейін – 10 минут. Сонымен қатар IP68 судан қорғау функциясы – суда 2 метр тереңдікке дейін батырыла алады. Ерекшелігі сонда телефонның артқы жағында күн батареясы орналасқан, ол күн сәулесі арқылы 30 минут ішінде құрылғыны 20%-ға дейін қуаттауға мүмкіндік береді. Бұл – алыс сапарға шықсаңыз немесе қаладан тыс жерде болсаңыз, әрқашан байланыста боласыз деген сөз. Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясы планетаның бетін спутниктер арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтауға арналған Starlink жобасын іске қосты. Tesla Phone осы желіге тікелей қосылып, әлемнің кез келген нүктесінен жоғары жылдамдықты спутниктік интернетті пайдалану мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, смартфон иелері үшін бұл желі ақысыз және уақыт бойынша шектеусіз болмақ.

Мұны неге қозғадық, осыған тоқталсақ. Бізде, яғни Қазақстанда да «Цифрлы Қазақстан» жобасы жүзеге асуда. Оған мемлекет бюджетінен миллиардтаған теңге бөлінуде. Ал, нәтижесі мардымсыз. «Отандық өнім» деп көрсететін заты жоқ елде шынымен цифрландыру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Өзіміздегі жаңалықтарға қарайық, «Биыл Ақтөбе, Арыс, Қарағанды, Лисаков және Өскемен қалалары цифрландырылады» деп Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сүйіншілетті.

Дегенмен, алға жылжу жоқ емес, бар екен. «Елдің құрылыс саласын цифрландыру және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында инфрақұрылымдық объектілердің есебін және елді мекендер құрылысы мониторингін жақсартатын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық дерекқоры әзірленуде. Қазір жерасты және жерүсті инженерлік коммуникацияларын түгендеу арқылы қалалардың цифрлық кадастрлық жоспарлары жасалып жатыр. Бүгінгі таңда жұмыстар 63%-ға аяқталды. Қала құрылысы кадастрының дерекқорына қазірде 805 цифрландырылған бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлар енгізілді. Ірі елді мекендерді (аудан орталықтары деңгейіне дейін) цифрландыру шараларын 2024 жылға қарай аяқтау көзделіп отыр» дейді тағы.

Елімізде кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық жүйе де пайда болады. «Бәрімізге аян, бүгінде цифрландыру маңызды әрі керек сала. Онсыз жұмыс өнбейді. Осыған орай біз биыл 1-тоқсанның соңына дейін кәсіпкерлерге арналған цифрлық жүйені іске қосамыз. Бір мезетте 1,5 млн. кәсіпкер жүйеге қосыла алады. Демек, ендігі уақытта әр кәсіпкер бізбен тікелей байланыста бола алады. Сол арқылы біз кәсіпкерлердің мәселесімен қатар ұсыныс, идеясын біліп отырамыз», – деп «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы хабарлады. Әрине, жақсы идея, егер жүзеге асса. Өйткені, айтылған мен істелген жұмыстарында алшақтық жатқан мекемелерге деген сенім қалып бара жатқандай.

Бұдан екі жыл бұрын «қазақстандықтарды сапалы интернет мәселесі толғандырады» деп Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жар салды. Бұған дейін айтылып келсе де, жүзеге аспай келгені оларды ойландырмаса керек…

 Сол уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: «Қазіргі таңда Қазақстанда 18,7 миллион адам шамамен 6 500 елді мекенде тұрады. Оның ішінде 4 751 елді мекенде әртүрлі технология: 3G, 4G және радиожелі, оптика және тағы басқасы бойынша интернет бар. Мұнда 17,5 миллион адам тұрып жатыр. Осы интернеттің сапасы мен қолжетімдігін арттыру мақсатында екі ауқымды жоба іске асырылады»,– деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Екі жыл өтті. Сол баяғы сүрлеу. Былтыр «Ауылдық жерге интернет желісі тартылып, ұялы телефон 4G таяқшаларын көрсетіп тұрғанымен, байланыс неге жоқ?» деген сұраққа облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Рустам Байжанов жауап берген болатын. «Әрине, ауылдарға интернет тартылғанмен, байланыс нашар екені рас. Бұл қазір өзекті мәселе. Облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы да жақында осы мәселе туралы жиын өткізіп, біршама тапсырма берді. Бұл жерде, интернет тартуға мемлекет тапсырма беріп, қаржы құйса да, бұл міндеттерді мойнына алған ұялы байланыс операторлары жұмыстарын ақсатып отыр. Мысалы, олар әр ауылға арнайы құрылғылар орнатқанымен, жерсеріктер арқылы байланысқа шығады. Содан барып төрт-бес адам ұялы телефонымен хабарласа бастаса болды, 4G көрсетіп тұрса да байланыс үзіледі. Бұл – солардың ағаттығы. Сондықтан, жауапты операторларға олқылықты жоюға тапсырма берілді. Бұған дейін жұмыстарын дұрыс істемегені үшін оларға 10 айлық есептік көрсеткіштік айып салынатын. Қазір Парламентте бұл соманы 1000 АЕК және одан да жоғары сомаға көтеру қарастырылуда. Сонда ғана, миллиардтаған теңгесінен айырылып қалмас үшін байланыс операторлары жұмысын тиянақты атқарар деген ойдамыз», – деді басқарма басшысы. Бірақ, шалғай ауылдағылар интернетке қол жетпегенін естіп, біліп отырмыз.

Ал, еліміз «көлеңкелі экономикамен» күрестің бір жолы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Аяқкиім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі.

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша аяқкиімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ын құрайды екен. Бұл цифрлық таңбалау да кейінге шегеріле берді. Неге? Бұған да жауаптары дайын. «Бұған дейін аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған болатын. Алайда, импорттаушылардың көбі күз-қыс маусымына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ертерек тапсырыс береді. Сондықтан, көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалуы мүмкін деген қауіп туындаған. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап, таңбаланбаған аяқкиімді өндіруге және ел аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал, бөлшек сауда өкілдері таңбаланбаған тауар қалдықтарын 2022 жылдың 1 қарашасына дейін сатып үлгеруі керек» деді Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер. Өстіп, өстіп соза береміз-ау. Өйткені, таңбаланған етік көрмедік әлі…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button