АймақЖаңалықтар

Тракторшының махаббаты

Шет ауданы, Жоғарғы Қайрақтыға қарасты Майбас қыстағында Арайлым Жекенқызы трактор жүргізіп, шөп шабады. Онымен қоса, үйіндегі шаруасын да шашау шығармай, өзі атқарады. Күнделікті тамағы, сауатын сиыр-биесі бар, тартатын сүті, шайқайтын майы, жаятын құрты бар.

Күнделікті осынау тірлікті шаңырақтың келісті келіні Арайлым атқарады. Арасында уақыт тауып, жары Дарын Ізтілеуұлына қолғабыс етеді. Қасында жүріп, жұмсағанға жарап тұрса, аса таңырқамас едік. Ал, Арайлым өздеріне тиесілі шағын шаруашылықтың үлкен жұмысын жүйелеп отыр. Жаз бойы көк тракторды мініп алып, шөп шабады. Оны көпендейді. Қыста қымтанып алып, мал жайғауға шығады.

Мұндай қыстақтың қара жұмысына барған себебі мынада екен. Күйеуі Дарын – үйінің жал­ғыз ұлы, яғни, қарашаңырақтың иесі.

«Осының бәрін түйсінген соң саналы түрде, өзім өтініш жасадым. Әйтпесе, шаруашылыққа жалғыз өзі үлгермей жатады. Бір жағынан өрістегі малды қарау керек, онымен қоса шөп бар. Содан маған «Ауди» көлігінен бастап, мотоцикл, трактор айдауды үйретті», дейді тракторшы келіншек.

Алғашында Арайлым мотоциклмен қырда жүрген күйеуіне көже-қатық апарып тұрған. Мал қайырысады. Үйдегі тірлікке қарайласады. Қысқасы, тыным жоқ.

Ал, Дарын қазір келіншегіне әбден сеніп алған. Тракторын, көлігін жөндесе, Арайлымсыз аттап баспайды-мыс. Неге десеңіз, жас келін кілт-сайманның бәрін жаттап алыпты. Ендігі мақсаты –жөндеп үйреніп алу, сосын алаңсыз қырда шөп шаба бермек.

Арайлымның қыстаққа келін боламын дегені үш ұйықтаса, түсіне кірмепті. «Болашақ» колледжін тәмамдаған соң Жылжымайтын мүлік орталығына жұмысқа тұрады. Сол кезде осындай қыстақтарды аралап, үйдің, жер­дің, баздың өлшемін жасайды екен. Сондағы бастығы Арайлымға әзілдеп, «Ертең осындай қыстаққа келін боласың», дейді екен. Ал, Арайлым болса, «Алла сақтасын» деп, ат-тонын ала қашқан көрінеді.

Бастығының айтқанын Алла қабыл етіп жібереді де, көп ұзамай қыстақтың келіні болып шы­ға келеді.

Келін болғанда да қандай келін, ә? «Енемнің мектебі ғой», дейді өзі. Ауылда өскенімен, сиыр-бие саумаған көрінеді. Мал сауа алмаған соң белгілі сүт тартып, ірімшік қайнатуға да жаттығы бары. Бірақ, Арайлым мұның бәрін бір көрсеткеннен-ақ қағып алады. Қазір қыстақта отырып-ақ, қымыз-құртын, май-қаймағын Астана мен Алматыдағы тұтынушыларына жөнелтеді.

Шағын шаруашылықтарында 50 қазақы сиыр, бір үйір жылқысы бар. Мемлекет тарапынан қолдауға жүгіне қоймапты. Тек, жаңа трактор алғылары келіпті, алайда кепілдік болмаған соң, оған қол жеткізе алмапты. Ендігі ой-мұраттары – екеулеп еңбек етіп отырған соң, шаруашылықты әрмен қарай үлкейту, өрісті малға толтыру.

Айтпақшы, екеуінің шекесі торсықтай үш ұлы бар. Еңбек көріп өсіп келе жатқан балаларының да ыңғайы шаруашылыққа келеді екен. Күні ертең үш ұлы мыңғырған қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдаса, таңыр­қамаймыз.

«Келіншегіммен танысқаны­мызға үш ай уақыт өткен соң алып қаштым. Жар таңдаудан қа­те­леспеппін. Үйдегі жалғыз ұл болған соң бүкіл жүк маған тү­сетін еді. Қазір сол жүгім жеңілдеді. Жарым Арайлым өзі маған жаны ашып, көмектескісі келді. Барлығын тез үйреніп алғанына өзім де таңмын. Қысы-жазы даланың шаруашылығы бітпейді ғой. Бұрын малдан сыртқа мүлдем шыға алмайтынмын. Қазір келіншегіме тапсырып, алаңсыз кете беремін. Осындай адал жан жолыққан мен шыныменен бақыттымын», – дейді жолдасы Дарын.

– «Май-май боп трактор тепкені несі?» деп сөз қылғандар болды. Бірақ, нағыз адал еңбек, маңдай тер осы деп ойлаймын. Күні ертең үш ұлымыз өскенде, шаруамыз дөңгелеп кетеді деп сенеміз. Ал, оған дейін күйеуіміз екеуміз еңбек ете береміз,– дейді тракторшы келіншек.

Қысқасы, тракторшы келіншектің махаббаты Майбас қыс­та­ғындағы шаруашылықтың берекесін арттырып отыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button