Тозған желіні жаңарту қажет
Келесі жылы ел көлемінде жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама қолға алынады. Алдымен тозу деңгейі 70 пайыздан асқан желілер жаңартылады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Премьер-Министр баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау барысы қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов министрлік 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жасағанын жеткізді. Қорытындысында «қызыл аймаққа» – 19, «сары аймаққа» – 11, «жасыл аймаққа» 7 жылу электр орталығы енді. Мұнда жабдықтың тозуы, технологиялық ақаулар саны, пайдалану мерзімі және кадр тапшылығы ескерілді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қалалардағы 12,1 мың шақырым жылу желісінің 6,7 мың шақырымын ауыстыру қажет екенін мәлімдеді. Орташа тозу деңгейі – 55 пайыз.
Әлихан Смайылов өңірлердегі проблемалар осы уақытқа дейін жасырылып келгенін айтты. Тексерулер нәтижесі нақты жағдай мен бұған дейін берілген ақпарат арасы тым алшақ екенін көрсетті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселелері де шешімін таппады.
– Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ, олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірде мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді, – деді Үкімет басшысы.
Энергия тапшылығы өткір тұр. Премьер-Министрдің айтуынша, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны артты. Мұның барлығы қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар мен Ақтауда тіркелді. Аудандардың шалағай жоспары, тұрғын үйлер мен жылу желілерінің бейберекет салынуы апатты жағдайларға әкелді. Қалаларда ауаны ластайтын автономды қазандықтар көбейіп кетті.
Екі айдың ішінде екі ірі апат тіркелгенін, Өскемен, Рудный, Семей, Ақтау, Павлодар мен Теміртау қалаларының жылу жүйесінде қауіпті жағдайлар орын алғанын айтқан Премьер-Министр тиісті жұмыстар жүзеге асырылатынын жеткізді.
– Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70 пайыздан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер – 1600 километр. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты қажет етеді, – деді Әлихан Смайылов.
Отырыста облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтағы жылу беру нысандарын дамыту перспективалары туралы баяндады.
Көмірлі өлкенің энергетика саласында 7 станция, 3 өңірлік электр жеткізу компаниясы, 35 энергия өндіру және 40 жылу беру ұйымы бар. Жылу электр орталықтарындағы қазандықтардың тозуы – 75 пайызды, турбиналар тозуы 70 пайызды көрсетіп отыр. Ал, электр желілері – 69 пайызға, жылу желілері 67,7 пайызға тозып тұр. Бүгінде бұл көрсеткіштерді жақсарту мақсатында жоспар құрылды.
– Станциялардың қуатын арттыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылады. 2027 жылға дейін 4 станцияда 3 жаңа қазандық пен 5 турбина іске қосылады. Бұл станциялардың электр қуатын 310 МВт-қа және жылу энергиясын 430 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді. Электр желілері мен қосалқы станцияларды жаңғыртуға 2025 жылға дейін 62 млрд. теңге инвестиция тартылады. Бұл олардың тозуын 67,3 пайызға дейін төмендетеді, – деді аймақ басшысы.
Биыл 49 шақырым жылу желісі жөнделіп, жаңадан салынды. Ал, келесі жылы аталған жұмыстар 57 шақырымды қамтиды.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта басты жобаларды қаржыландыруды ұлғайту мәселесі салалық министрліктермен бірге пысықталуда
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.