Жаңалықтар

Топар кентіндегі 3 жасар баланың өліміне анасы дәрігерлерді кінәлайды

Қарағанды облысының Топар кентіндегі аудандық ауруханада 3 жасар бала көз жұмды. Сәбидің анасы дәрігерлердің тиісті жаза алуын сұрап отыр. Қазір медициналық мекемеде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, арнайы комиссия жұмыс істеуде.

 

Абай ауданы, Южный кентінің тұрғыны Диана Жұмабекова ұлына медициналық көмек сұрап, дәрігерлер жүгінгенін айтады. 12 шілдеде отбасымен өзенге барып келгеннен кейін баланың ыстығы көтерілген. Ұлының ыстығын түсіре алмағандықтан және ол құса бастағанын көріп, жергілікті медбикені шақырған. Ол балаға ыстықты түсіретін инъекция жасаған. Кешке баланың температурасы қайта көтеріліп, үйге жедел жәрдем шақырған. Бірақ Диананың айтуынша, фельдшерлер бұл учаскеге қызмет көрсетпейтінін айтып, келуден бас тартқан.

Таңертең ұлымен бірге ол Топар кентіндегі аудандық ауруханаға барады. Аланның анасының сөзінше, сәбиді ол жерде де дұрыс тексермеген.

– Біз ауруханаға келдік, бірақ дәрігерлер жанымызға таянған жоқ. Біраз күтіп отырдық. Ал кезекші дәрігер тіпті, келмеді. Таңғы 9-дан 12-ге дейін Топар кентіндегі аурухананың қабылдау бөлімінде отырдық. Содан кейін хирург төмен түсіп, аяғын рентгенге түсіріп, онда ештеңе жоқ екенін айтты. Ол:»Мен не істеймін? Бұл менің құзыретімде емес!«, – деді. Ол бізге тұрғылықты жеріміз бойынша терапевтке баруды немесе аурухананың балалар бөліміне өз бетімізбен жүгінуді ұсынды. Бірақ ол жерге баруға жолдама берген жоқ және бізбен ілесіп бармады. Егер ауруханада камералар болса, олар менің қанша сағат отырғанымды көреді. Жалпы, мен екі күнде дәрігерлер көмегіне бес рет жүгіндім, – дейді Диана Жұмабекова.

Келесі күні баланың жағдайы нашарлай түскен. Ол аяғы солқылдап тұрғанын айтқан.
Диана ұлын алып, Топардағы аудандық ауруханаға қайта барған. Алайда күні бұрынғы жағдай қайталанған. Диана дәрігерлер сәбиін қайтыс болғаннан екі сағат бұрын ғана тексере бастағанын айтады.

– Біз Топар кентінің ауруханасына келдік, бірақ бізді үстіне бірден көтермеді. Алдымен қабылдау бөлмесіне қайта отырғызып қойды. Біз кешкі сағат 10-да келдік, бірақ баламды жансақтау бөліміне сағат 00.30-да ғана көтерді. Мен олардың ұлымды морфинмен ұйықтатқанын естідім, сонымен болды, – дейді Аланның анасы.

Енді 3 жасар Аланның қайтыс болу себебін арнайы комиссия анықтамақ. Ауруханада дәрігерлердің немқұрайлылығына арнайы тексеру жүргізілуде. Әзірге олар баланың диагнозын нақтылап жатыр. Алайда, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде алдын ала диагноз қойылды.

– Бұл – ЖРВИ, катаралды ангина. Сот-медициналық сараптаманың алдын ала диагнозы «базалды пневмония». Бірақ ол әлі де нақтыланады. Баланың стационарда төрт сағат ішінде қайтыс болғаны, бұл ретте 13 шілдеде жүгінгені және үшінші түні 15-ші шілдеде қайтыс болғаны – медициналық көмек көрсетуде қандай да бір дефектінің барын білдіреді. Оның біздің мамандар нақты анықтайтын болады, – деді Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департамент басшысы Ольга Смирнова.

Облыстық полиция департаментіне сұрап, хабарласқанымызда:

– Аталған дерек полицияда тіркелді. Алдын ала сараптама қорытындысына сәйкес балада екі жақты пневмония бары анықталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады, деп жауап қатты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button