Бас тақырып

Топ жарған тоғыз елдің сапындамыз

Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар. Ал, солардың ішінде Қазақстанды, оның ішінде қазақты не ерекшелейді дейсіз!? Ресми деректер ғарышқа өз перзентін ұшырған ел ілеуде біреу екенін ғана көрсетеді. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері үш ұлын ғарышқа ұшырды. Өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы көкке көтерілген тоғыз мемлекеттің қатарынан орынды ойып тұрып алуымыздың себебі – осы.

Сурет: tumba.kz сайтынан

Әлбетте, ғарышкерлер күні жайлы айтқанда 12 сәуірде Жер орбитасын алғаш рет айналып шыққан Юрий Гагариннен кейін қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан жерлесіміз Тоқтар Әубәкіровтің есімі тұрады. «Қазағым үшін жануға да, ұшуға да дайынмын» деп, «СоюзТМ-13» кемесімен ғарышқа сапарлаған батыр күн жүйесінде 7 күн, 22 сағат, 13 минут болып, зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізіп қайтты.

Батыр ұлының өзге елдің ғарышкерлерінен ерекшелеп тұратын тағы бір қасиетін жыр қылып айтады елі. Бұлжымас қағиданы бұзып, «Поехали!» емес, «Қазағым!» деп ұшуының өзі ерлікке пара-пар. Содан да болар, жалғыз қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл әлем бойынша Тоқтар ағамызды ерекше көрсететіні де осы әрекеті. Ол – әлемнің 256-шы ғарышкері.

Ал, қазақтың тағы бір перзенті – Талғат Мұсабаев әлем бойынша 309-шы болып ғарышқа ұшты. Бір емес, үш рет аспан көгін шарлаған ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен 126 күн ғарышта болса, екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен 208 күн аспан көгінде болып қайтты. Ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында болған қазақтың ұлы осылайша Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал, үшінші рет «Союз ТМ-32» кемесімен сегіз күн аспан төрін бағындырып келді.

Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтан кейін тағы бір қазақ – Айдын Айымбетовтің орны ерекше. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-16М» кемесімен ұшқан ол ғарышта ғылыми эксперимент жүргізіп қайтты. Бір емес, үш ұлы бірдей ғарышта болып қайтқан қазақ үшін Ғарышкерлер күнінің ерекше болуы да осыдан.

Ғарышкер болуды армандамайтын ұл кем де кем. Бірақ, сол арманға қол жеткізіп, аспан көгін еркін шарлау – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Тіпті, ондай бақыт бұйырмаған елдер де бар екенін көрсетеді статистикалық деректер. Үш бірдей ұлын көкке ұшырған еліміз өзге елдердің алдында еңсесін қалай көтерсе де, жарасымды емес пе?!

Оның үстіне, ғарышты шарлау өз алдына, әр ұшқан сайын еліміз үшін құнды зерттеулер жүргізіп, қазақтың ғана емес, әлем игілігіне жарайтын игі іс тындырып келулерінің өзі жеке-жеке тоқталатын дүниелер.

Әлбетте, мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Алдыңғы ағаларының ерлігіне жастайынан құлағы қанып өскен талай өреннің Жер орбитасын жерден емес, ғарыштан қадағалап, еліміздің абыройын асқақтатары анық.

…Бәлкім, қазір тоғыз елдің қатарында болсақ, болашақта өз перзенттерін ғарышқа ең көп ұшыр­ған тұңғыш ел – Қазақстан болуы да ғажап емес қой!

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button