АймақҚарағанды

Тонна түйірден құралады

Аймақта былтыр 1 миллион 300 мың тонна астық жиналып, соңғы 13 жылдағы ең жоғары нәтиже тіркелген-ді. Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік қолдау, жоғары сапалы тұқымдар мен минералдық тыңайтқыштарды пайдалану, агротехнологияларды сақтау – табысқа жетудің негізгі факторлары. Бүгінде бірқатар өңірлер егіс және дала жұмыстарын бастап кетті. Ал, жаппай егіс науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталмақ. Алдағы науқанға дайындықты пысықтаған мамандар биыл да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге үмітті. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау да, көмек те бар. Мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың бақылауында.

Инфографиканы жасаған Арайлым Коктаева

Далада жұмыс – қызу

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл 1 193,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы өнімдері егіледі. Оның ішінде, дәнді дақылдар 956,9 мың гектарға, картоп 12,3 мың гектарға, көкөніс 1,02 мың гектарға, азықтық дақылдар 171,6 мың гектарға, майлы дақылдар 46,7 мың гектарға салынады.

Басқарма басшысы Әнуар Тюлюбековтің айтуынша, қазір тұқымдардың сапасын анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

– Тексеріске 108,4 мың тонна тұқым жіберілді, бұл барлық тұқымның 99%-ы. Тексерілгені – 102,5 мың тонна. Оның 95%-ы кондициялы, яғни, жарамды. Жергілікті әкімдіктер тұқымды тексеріске жіберу жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Минералдық тыңайтқыштарды қолдануға келер болсақ, биыл оның көлемі 93 мың тонна болады деп жоспарлануда. Тыңайтқыштарды уақытылы жеткізу мақсатында екі отандық өндірушіге 1,2 млрд теңге аударылды. Нәтижесінде 6,8 мың тонна аммофос пен 3,5 мың тонна аммиак селитрі субсидияланды. Тыңайтқыштарды субсидиялау үшін қосымша 400 млн теңге Үкіметтік қордан бөлінді. Сонымен қатар, 301 литр пестицид алу үшін келісім жасалды, – деп атап өтті Әнуар Дулатұлы.

Биыл көктемгі және дала жұмыстарына 10 мыңнан астам трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам тұқым сепкіш пен 9,7 мың бірлік басқа техника тартылады. Сондай-ақ, 17,3 мың тонна дизель отыны бар. Отын литрі 250 теңгеден бөлініп жатыр.

– Бүгінгі таңда 362 шаруашылық 10,8 мың тонна арзандатылған дизель отынын алуға келісім жасасып, оның 6,5 мың тоннасы жөнелтілді. Арзандатылған дизель отынын жеткізу кесте бойынша маусымға дейін жүргізіледі, – деп нақтылады Әнуар Тюлюбеков.

Көктемгі егіс және оларды жинау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік қолдау аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландыру да жүріп жатыр. Шаруалар «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша жеңілдікті несиелерді пайдалануда. Биыл 10,2 млрд теңгеге 102 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылады. 117 шаруашылық 217 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 3 млрд теңге көлемінде субсидия алды.

Қолдау бар, бақылау жасалады

Бірқатар шаруа қожалықтары егіс жұмыстарына кіріскені болмаса, жаппай егіс науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталады. Өткен апта соңында 121,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 12,2 мың гектарға майлы дақылдар, 2 100 гектарға картоп, көкөніс 140 гектарға, 19 500 гектарға азықтық дақылдар себілгені туралы дерек бар.

Жалпы, облыстағы биылғы егіс алқабы 1,2 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Әртараптандыру бағдарламасы аясында майлы және жем-шөп дақылдарын егу бидайды қысқарту есебінен ұлғайтылады. Бұл мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базасын құруға көмектеседі. Сондай-ақ, өңірде азықтүлік қауіпсіздігін нығайту үшін картоп пен көкөніс отырғызу ұлғайтылуда.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне егіс науқаны жұмыстарының уақыты әрі сапалы ұйымдастырылуын тапсырды.

– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласында қолдау көрсету тетіктері жеткілікті. Біз қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға тиіспіз, – деп атап өтті өңір басшысы. – Басқарма мен аудан әкімдерінде егіс науқанын сапалы және уақытылы өту үшін техниканы дайындау, тыңғайтқыш сатып алуды, арзандатылған дизель отынын уақытылы тасымалдауды, тұқым сапасын тексеруді тапсырамын.

Өңірлер науқанға дайын

Облыстың негізгі агроөнеркәсіптік кешенін құрайтын төрт өңір – Осакаров, Нұра, Бұқар жырау және Абай аудандары екені мәлім. Аталған аудан әкімдері қолға алынған жұмыстар туралы баяндап, жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде, Осакаров ауданы – егіс алқабы бойынша ең үлкені. Биыл аудан 450,7 мың гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Оның 33,6 мың гектарына егін себілді. Бұл жалпы жоспардың 8,2%-ы. Аудан әкімі Руслан Нұрмұханұлының айтуынша, дала жұмыстарына жұмылдырылатын техника жеткілікті. Ауыл шаруашылғы өнімдерін өндірушілермен 6700 тонна арзандатылған дизель отынына 57 келісім жасалды.

Нұра ауданының диқандары 341,7 мың гектар жерді игермек ниетте. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,2 мың гектарға көбірек. Ең көп аумақ бидайға тиесілі – 257 мың гектар. Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың айтуынша, бүгінгі таңда 55,6 гектарға дән себілген, сонымен қатар, 210 гектарға картоп, 60,2 гектарға майлы дақылдар және 7,3 мың гектарға азықтық дақылдар егілген.

– Суармалы егістік көлемін арттырып, 7300 гектарға жеткізу жоспары бар. Тексерілуге жіберілген 33,3 мың тонна тұқымның 31,2 тоннасы жарамды, – деп атап өтті Бақытжан Мылтықбайұлы.

Бұқар жырау ауданында да егістегі жұмыстар басталған. Мұнда барлығы 200,8 мың гектар жерде егіс жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес 146,0 мың гектарға дәнді дақылдар, 8,0 мың гектарға майлы дақылдар егіледі.

– Аудан бойынша егіс науқанына 300-ден астам ауыл шаруашылығы субектілері қатысады. Көкөніс үшін 200 мың гектар, картопқа 2500 гектар, азықтық дақылдарға 44,1 мың гектар жер пайдаланылады. Тыңайтқыш көлемі жоспарда 14,2 мың болса, бүгінгі күні соның 5,5 мың тоннасы алынды. Көктемгі және дала жұмыстарына 2507,8 тонна дизельді отын қарастырылған. 1435 тоннаға 63 келісім жасалды. Көктемді егін жұмыстарын осы айдың соңында аяқтау жоспарланған, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Берік Көпбаев.

Абай ауданы бойынша 69,4 мың гектарға көктемгі егіс жұмыстары жоспарланған. Аудан әкімі Сәбит Оспанов дәнді дақылдардың 58,4%-ы, майлы дақылдардың 54,2%-ы, картоптың 22,7%-ы, көкөністің 13,2%-ы себілгенін мәлімдеді.

– Жалпы, дәнді дақылдар 45 мың гектар, майлы дақылдар 3,0 мың гектар, малға азықтық дақылдар 14 мың гектар алады. Картоп 6600 гектарға көкөніс 760 гектарға отырғызылады. Минералды тыңайтқыштарды жеткізу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оператор – «Ретиал трейд ойл» ЖШС-нен 300 тонна көлемінде арзандатылған дизельдік отын жеткізілді. Әлі де алынатын болады. жалпы, егіс науқанына 172 шаруашылық қатысуда, – деді ол.

Бұдан бөлек, шет ауданында 66,6 мың гектар, Қарқаралы ауданында 56,5 мың гектар, Ақтоғай ауданында 2 мың гектар егістік жер игерілетін болады. Жергілікті билік өкілдері көктемгі егіс науқанын осы ай соңына дейін аяқтамақ.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button