Бас тақырып

Толағай табыс – қуатты өңір

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деген болатын. Сондай-ақ, аталмыш саланы дамытудың нақты тетіктерін жетілдіруді, еңбек өнімділігін арттыру, шаруашылықты қолдауға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалану, отандық өнімнің көлемін арттыруды тапсырды. Осындай түбегейлі іс-шаралардың нәтижесінде егемендік алған шақтан ауыл шаруашылығына шырай кіріп, іргелі шаруашылықтар көбейді. Кенді аймақ Қарағанды облысы да осы жылдар ішінде аграрлы салада толайым табысқа жетті.

Бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 58 есеге артқан. Мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жетіп отыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің негізгі қозғаушы күші болып отырған салмақты салада 12 732 ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс жасайды. Бұл алғаш Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда 40 есеге көп. Яғни, ата кәсіпке ден қоюшылар қатары күн санап артып келе жатқандығының көрінісі. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыс бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінде жұмыспен қамтылғандар саны 37 300 адамды құрайды. Тек соңғы 5 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласында 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өсімдік шаруашылығын дамытуға түбегейлі ден қоюдың маңыздылығы артып келеді. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен мал азығын дайындауда шаруашылықтың берері мол. Осы орайда, жерді тиімді пайдалана отырып, егін шаруашылығы мен суармалы жерлерде дәнді дақылдарды өсірудің жаңа технологиялары қауырт енгізілуде. Осының нәтижесінде, облыста тауар өндірушілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұрақты өнім алуда.

Өсімдік шаруашылығын дамытуда елеулі көрсеткіштер бар, атап айтқанда, 30 жыл ішінде астық – 63%, картоп – 31%, көкөніс – 54%-ға өсті. Заман ағымына сай тың технологиялар мен минералды тыңайтқыштарды жүйелі қолданудың нәтижесінде тағы салыстырмалы түрде картоптың орташа өнімділігі 250,0 ц/га, көкөністердің орташа өнімділігі 400,0 ц/га ұлғайған.

Облыста мал шаруашылығын дамыту қарқын алуда. 1332 шаруашылық мал өсірумен айналысады. Сәйкесінше, алынатын өнім пайызы да артқан. 1991 жылғы деңгейге қарағанда сүт өндірісі 60%-ға, жұмыртқа 15%-ға өсті. Тек, ағымдағы жылдың басынан бері 113,8 млрд. теңгеге азық-түлік өндірілді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде облыстың ауыл шаруашылығы жаңа мүмкіндіктер мен инвестицияларды тиімді пайдалана отырып, үлкен әлеуетке айналды. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 30,3%-ға артып, 27,4 млрд. теңгені құраған.

Саладағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту. Осы орайда, ағымдағы жылдың 10 айында 18 912,6 млн. теңге 1 145 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі күші мемлекеттік бағдарламалар. Түрлі инвестициялық жобаларды дамытудың Жол картасына сәйкес 2021 жылдан бастап, 2025 жыл аралығында облыста 5 831 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 370,0 млрд. теңге қаржыға 59 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

2021 жылы 303 жұмыс орны ашылып, 11,1 млрд. теңге көлемінде 15 жоба іске асырылды. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуында салмақты орны бар Қарағанды облысы Тәуелсіздік жылдарында табысты жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Аграрлы өндірісті тұрақты дамытудың даңғыл жолына түскен ауыл шаруашылық құрылымдары озық біліммен қаруланған, кәсіби білікті мамандармен толығып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсетуде.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button