Баған

Тойлау мен ойлау

Қазақ – тойшыл халық. Оған талас жоқ. Талбесіктен жербесікке жеткенше жалғасады. Биыл тамызда туғанына 175 жылдығы тойланатын абыз Абайдың өлеңімен өрнектесек: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Қазақтың тұрмыс-салт дәстүріне айналған сол толып жатқан тойдың әрқайсысының тұнып тұрған тәлімтәрбиелік мәні мен маңызы бар. Ол тойды кім, қалай өткізеді, бұл – басқа әңгіме!

Суретте автордың өзі

Ал, торқалы той ауқымы отандық деңгейден шығып, әлемдік маңызы бар мәселеге айналса ше? Биылдың өзінде біраз жырғауға жетерлік сондай мерейтойлар баршылық.

Абайды айттық. Әлем мойындаған Әбу Насыр әл-Фарабиге – 1150, ілімнің қазынасы Жүсіп Баласағұнға – 1000, қасиетті домбыра қадірін ұқтырып, күй құдіретін танытқан Тәттімбетке – 205, арқалы ақын Шашубайға – 155, Қарқаралы қапталынан «саяқ құрлы сая таппай» пұшайман болған Мәдиге – 140, сезім пернесін дөп басқан әнін екі қазақтың бірі шырқайтын Шәмшіге – 90 жыл! Бұл – жөппелдемеде еске түскені.

Таяуда көршіміз «шекеге» шақырған дастархан басында қызылшеке болып қалдық. Тамызық болған тақырып – қазіргі Қазақстан мұрагері саналатын алып империя Алтын Орданың 750 жылдығы. Бір ғажабы, әңгіме ауаны Ұлық Ұлыс мерейтойының іс-шаралары туралы емес, «Қанша киіз үй тігіледі?», «Аламан бәйге ұйымдастырыла ма?», «Той қайда өтеді, ел астанасында ма, әлде Ұлытауда ма?» деген сауалдар төңірегін шиырлап кетті.

Иә, үш жүздің басын біріктірген Ұлт ұясы – Ұлытауда бағзы заманғы тарихи-архитектуралық ескерткіштер жеткілікті, аудан аумағында алты жүзден астамы жатыр. Әрине, оның бәрі бірдей жауһар жәдігер емес шығар, алай да, қол астындағы елді тарих сахнасына алып шыққан Жошы ханның келісті кесенесі мен ол құрған қуатты мемлекеттің алғашқы астанасы Сарай-Базар қалашығы тақияға тар келе ме? Әмір Темір әскері белгі қалдырған «Алтыншоқы» мен Ер Едіге мүрдесі жатқан аттас тауды айтпай-ақ қояйын.

Қазір аудан орталығында еңселі музей ғимараты мен туристік визитор талық салынуда. Әулиетаудың етегін де орналасқан соңғысының сойы бөлек: асханасы бар отыз орындық жатақхананың жан-жағына жүк сақтайтын орын, экспозициялық зал мен кітапхана, ақпараттық торап орналасқан. Аймақта Алтын Орда дәуірін кешенді ғылыми-зерттеу басталып кетті. Мақсат – ғылыми-танымдық жинақ шығару.

Сонымен қатар, бірнеше туристік маршрут нақтыланып, кемпингтік тұрақ пен санитарлық-гигиеналық торап тұрғызылады. Ең бастысы, автокөлік жолы мәселесін түбегейлі шешуге бірегей бетбұрыс жасалады. Ал, елде Жошы ханды ұлықтау бірнеше бағытта жүргізіледі. Елордада бір көшеге есімі беріледі, ескерткіші орнатылады, Хан кесенесінің айналасы абаттандырылып, инфрақұрылымы жетілдіріледі. Сондай-ақ, этноауыл құру жайы да қарастырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мерейтойына ерекше мән беріп отыр. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Туризмді, әсіресе, экотуризм мен этнотуризмді да мытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету қажет» – деп қадап айтты.

Қалай болғанда да, Алтын Орданың 750 жылдығы аясындағы іс-шаралар тек көңіл көтеру үшін өткізілмей, ойөрісті кеңейтіп, рухани дамуға септігін тигізгені абзал.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button