Жаңалықтар

Тойхана: табыс табудың тың тәсілдері

Осы сауал той төңірегінде жүрген асаба, әнші, бишілерді, сондай-ақ, тойханалар мен мейрамханалар иелерін алаңдатып отыр. «Қазақтың тойы бітпесін», – деп ұрандатып жүрген бұл құрамдағы аз ғана топ ала жаздай тойға тыйым салынса, қалай күн көрмек? Тірлікке қабілеті барлары түрлі салаға бейімделіп кетері анық. Ал, «жеңілдің асты, ауырдың үстімен» жүруге бойы үйреніп қалған жандар бұған көндіге қояр ма?..

 

«Өзімнің қарақан басымды ғана ойлар болсам, тойға рұқсат бергенді жөн дер едім. Бірақ, бұл – жан-жақты қарайтын дүние. Тойды шектей тұрсақ, ұтатын кім, ұтылатын кім? Мұны да ойлауымыз керек. Соңғы кезде қазекемнің тойы дарақылана бастағаны жасырын емес. Аста төк дастархан, қажетті-қажетсіз шоу бағдарламалар, кортежбен қыдыру, қалаберді, киіт, сый-сияпат беру бақталасы – айта берсең, жетіп жатыр. Әзір тойға рұқсат бермей қоя тұрғаны жөн. Асабалар такси қызметіне барар, электрик болар, жиһаз құрастырумен айналысар. Әнші-биші қыздар кондитерлік бағытқа кетер, саудаға қабілеті болса, сол салаға бет алар. Ал, қарапайым халық ақшасын үнемдер еді», – дейді танымал асабалардың бірі Нұрхан Нұрмаханов.

Иә, қазақтың тойы тым көбейіп кеткені рас. Бұрындары әулеттің үлкендері мен көрші-қолаңды шақыратын шілдехана, тұсаукесер сынды дәстүрлерді «қайта жаңғыртқан» болып тойханада өткіземіз. Оның бастапқы тұсы ғана ырым мен дәстүрге арналып, қалғаны сол баяғы ырыңжырыңға ұласады…

Ал, той тоқтады делік. Бәлкім, алты айға, бәлкім, одан ұзағырақ мерзімге. Сонда аумағы ат шаптырым тойханаларды қайтпекпіз? Олар соңғы екі айда кіріс әкелмегені болмаса, иесінің қалтасына қаншама жылдар бойы толассыз ақша құйып келді. Әрине, өзіне тән шығындары да бар. Бірақ, бұл өзін-өзі ақтамайтын бизнес болса, қалталылар тойхана салудан жарысқа түспес еді ғой…

Тойхана иелері – мүмкіндігі мол жандар. Сондықтан, дайын ғимаратты түрлі бағытқа икемдеуге болатын секілді. Қала ортасындағы, не болмаса, инфрақұрылымы қыз-қыз қайнап жатқан аудандардағы тойханаларды хостелдерге, тіпті, жатақханаға айналдыруға болатындай. Сайып келгенде, жатақхана – тойханаға қарағанда ғұмырлы әрі үздіксіз табыс түсіріп тұратын жоба. Елде баспанаға мұқтаждық көрсеткіші әлі де жоғары тұр. 200 адамдық тойхана, шамамен, 40-50 адам орналасатын жатақханаға айналса несі бар? Тек, ашкөздік болмауы керек. Бір бөлме айына 20-25 мың теңгеге жалға берілсе, өтімділігі де – жоғары. Ал, хостел бағытын ұстанса, кереует санын бұдан әлдеқайда арттыру мүмкіндігі бар.

Егер, жеңіл өнеркәсіпке бет бұрса, тойхана иесінің «Баяғыдан бері осыны неге қолға алмадым?» – деген ойға жүгінері ақиқат. Бұл – бізде мешеулеп қалған сала. Тігін цехы, аяқ киім фабрикасы секілді өнеркәсіп ошақтары тойдан анағұрлым пайдалы болар еді. Сонда тойханаға тойға ғана келетін халық киім-кешекке тапсырыс беріп, оны алу үшін күнде келер еді. Көршілес қырғыз елінде өз кәсібін жертөледегі тігін цехынан бастап, сол арқылы күнін көрген, кейін ірі кәсіпкер атанған жандар жетерлік.

Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында түрлі бағдарламалар қабылдаған елміз. Десек те, қалың бұқара жаппай спортпен шұғылданып кетті дей алмаймыз. Неге? Мұның басты себебі – спорт кешендерінің барлық ауданда болмауы және баға саясатының тиімсіздігі. Кешкі мезгілде шағын футбол немесе волейбол ойнағысы келетін жастар көп. Футбол, волейбол ойнау үшін қызмет құны ең төмен кешеннің өзінде адам басына сағатына 500 теңге төлеу керек. Тойхананы осы бағытқа немесе бассейн орталығына икемдесе қайтер еді?

Ал, шағын тойханалар түрлі коворкинг орталығына айналса, ығыжығы халықтан бір сәтке босамасы анық. Жалпы, ең табысты бизнес – ұзақмерзімді бизнес. Біз көбіне маусымдық бизнеске құштармыз. Жаз болса, балмұздақ сатып, қыс кезінде сырғанақ тебетін алаң аша қойғымыз келеді. Иә, оның да өзіндік пайдасы бар. Бірақ, «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген тәмсілді ұмытпаған жөн.

 

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button