Той тойланар, тіршілікке не жетсін?!
Аймақта коронавирус инфекциясы жылдам таралуда
Облыста коронавирус жұқтыру өз алдына, жағдайы ауыр науқастар күн санап көбеюде. Соңы кейде қайғылы жағдайға алып келетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ, солай екен-ау деп, қорқа қоятын халық жоқ па, әлде, далаға тастай алмай жүрген артық жаны бар ма, кім білген?! Түрлі ескертулерге, санитарлық нормаларға мұрын шүйіріп, жақсы күндердегідей, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып, той тойлап, мейрамханадан шықпағандар мен бір жаз демалысқа бармай қалса, жыл бойы «өкпесі өшетіндей» көрінгендер індеттің тұрғындар арасында жылдам таралуына ықпал етуде. Облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль ТОҚСАМБАЕВ та осындай пікірде екенін айтты.
Қызыл аймақтан шыға алмай қойған облысымызда тәулігіне коронавирус инфекциясын жұқтырған 900-ден 1000 адамға дейін тіркелуде. Ал, індет басталғалы 70 мың жағдай тіркелді десек, науқастардың 79%-ы ғана жазылып шыққан.
Жалпы облыста коронавируспен ауырғандарды қабылдайтын 5679 орын бар. Бүгінде оның 2993-і бос емес, ал, 160 адамның жағдайы – ауыр. Аса ауыр халдегі 45 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Індеттің өршуіне байланысты облыс орталығында 380 орын консервацияланып, 2971 орынға жеткен. Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, Қарағандыдағы коронавирус жұқтырған науқастарға арналған орында 1720 науқас ем алуда. Коронавирустан да, түрлі шектеулерден құтылып, қалыпты өмірге қайта оралудың бірден-бір жолы деп танылған вакцинаға тоқталар болсақ, облыста 431889 адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 322175 адам екінші компонентін алған. Әзірге қолда бары – ресейлік «Спутник V» вакцинасының 66 604 бірінші компоненті, 21126 екінші компоненті. Сондай-ақ, QazVac-тың да 1642 дозасы бар. Ал, тұрғындардың көпшілігі қызығушылық танытқан HayatVax пен CoronaVac вакциналарының тек екінші компоненттері қалған. Бірақ, аталған вакциналардың қатарын жаңасы толықтырады. Гамаль Сайлауұлының айтуынша, Қазақстан сатып алған Қытайдың VeroСell вакцинасының 84 мың дозасы Қарағанды облысына тиесілі. Вакцина облыстың 42 мың тұрғынына салуға жетеді.
Індеттің өршуіне байланысты облыстағы денсаулық саласы қызметкерлерінің де жұмысы – қауырт. Оның ішінде, салмақ жедел медициналық көмекке түсуде. Жүктеменің артуына байланысты қосымша бригадалар қосылып, бүгінде 105 бригада көмек көрсетуде. Гамаль Тоқсамбаев жағдай ушығар болса, тағы да қосымша бригадалар қосылатынын айтады.
Өкінішке қарай, кейінгі уақытта ауыр жағдайда түсетіндер көбеюде. Жағдайды саралай келе, олардың дені Балқаш, Бурабай, Баянауыл тәрізді демалыс орындарында демалғандары, болмаса, тойда немесе қонағасында болғандарын айтуда. Ал, індетті жұқтырғаннан кейін ауырғандарына қарамастан, біразға дейін медициналық көмекке жүгінбеген. Мұның бәрі жағдайды ауырлата түседі. Салдарынан, науқастар инфекциялық ауруханаларға «жедел жәрдеммен» өте ауыр жағдайда жеткізіледі. Сондықтан, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы тәрізді вирустық аурудың белгілері байқалған жағдайда жедел түрде медициналық көмекке жүгінулеріңізді сұраймыз, – дейді Гамаль Тоқсамбаев.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы үйде жатып-ақ емделемін деуге де болмайтынын ескертеді. Себебі, адамнан адамға жұғып, түрленіп, мутацияға ұшыраған вирустың облыста дельта-штамы да тіркелген. Облыс ауруханаларында да, емханаларында қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Бірақ, соған қарамастан, екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды екенін де айтады Гамаль Сайлауұлы.
Салтанат ІЛИЯШ.