Жаңалықтар

«Той болушы еді бұл маңда!»

Наурыз туралы ән көп. «Наурыз-думан» – солардың ішіндегі бірегейі. Бұл әнсіз Ұлыстың ұлы күні өтпейді. Алғаш рет 1988 жылы концертте алғаш орындалыпты. Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваға арнап, Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған әннің авторы Талғат Сарыбаев.

Өнер туындысы алғаш орындалғанда танымал күйші Абдулхамит Райымбергеновтің жетекшілігіндегі «Мұрагер» ансамблі сүйемелдеген екен. Шынында, бұл ән шырқала бастағаннан-ақ, тыңдаушылардың көңілінен бірден шығып, жолы болған. Алматыда, ел көлемінде сол жылдары Наурыз енді-енді кеңінен тойланып, кең тарала бастаған.

«1988 жылы Мұқағали Мақатаевтың кітабын алып арнайы композитор Талғат Сарыбаевқа барып, Мұқаңның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтіндім. Туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттегенде композитор ойымды бірден түсінді. Мен қалаған мінез бен стильде ән жазды. Көктемнің шуақты сәттері, наурыздың ерекшелігі мен қазақтың дархан пейілін беретін ұлттық рухтағы жақсы бір ән осылай өмірге келді. Жолдасым Тасқын Оқапов жаңа туындыны бірден ұнатып, «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Тасқынның ұсынысымен ән ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Әннің ұлттық бояуы қалыңдап, қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дархан пейілін көз алдыңызға келтіретін әнмен тыңдарман осылайша қауышты, – депті 2018 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген бір сұхбатында Роза Қуанышқызы.

Әнді халық бірден жылы қабылдап, содан бері 30 жыл өтсе де, ел сүйіп тыңдайды. Әр көктеммен бірге түлеп, жаңғырып келеді. Сонымен қатар, туындының шетелде де тыңдарманы көп.

Композитор Талғат Сарыбаев пен Роза Рымбаева бұдан кейін де бірнеше ән жазған. «Гавань моей любви», «Өткен күндер», «Отандастар», «Пысық жеңгейлер-ай», «Мерекелі жыл», «Бәрі есімде» туындылары елдің көңілінен орын тапқан. Десе де, «Наурыз-думанның» орны бөлек.

Бұл ән Наурыздың өзіне айналып кеткен. Әр көктем сайын осы әннің сазымен көктемнің шуағын, Наурыздың берекесін сезінеміз.

 «Наурыз айы туғанда,

 Той болушы еді бұл маңда.

 Сақталушы еді сыбаға,

 Сапарға кеткен ұлдарға,

 Наурыз айы туғанда».

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button