«Тобылды» тобықтан қақты
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстан Премьер Лигасының 24-туры аясында өз алаңында қостанайлық «Тобылмен» ойнады. Бұл тартыста жерлестеріміз жеңіске жетті. Есеп 2:1.
Қарағандылықтар ойын басталысымен допты өз бақылауларына алды. Жүйелі шабуылдарды да ұйымдастырды. Бірақ, мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Ал, футболда «сен соқпасаң, саған соғады» деген бар. Қарсыластар шабуылға лап берген «Шахтердің» қорғанысынан саңылау тапты. Бірінші таймда қонақтар есеп ашты. Бағдат Каировтің көтерген добын Момчило Мркаич қақпаға баспен тоғытты.
Үзілістен кейін алаң иелері кеткен есені қайтару үшін шабуылды үдетті. Шабуыл нәтиже берді. Екінші тайм басталысымен Айбар Абдулла таразы басын теңестірді. Есеп теңескеннен кейін ойын қарқыны да, қысымы да одан сайын артты. «Шахтер» сапынан Антон Толордава мен қостанайлық Альберт Габараев ойынның 57-минутында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Екеуі алаңда бір-бірінің жағасынан алды.
Екі команда 9 ойыншымен ойынды жалғастырды. Қос ұжым өзара шабуылмен алмасты. «Тобылдың» форварттары біздің қақпаға жол таба алмай әуреге түсті. Ал, матчтың 79-минутында Иван Свиридов екінші голды соқты. Бұл гол – «Шахтерге» жеңіс әкелді.
Осы жеңісінен кейін «Шахтер» клубының ұпайы 28-ге жетті. Премьер Лиганың кестесінде 9-шы болып тұр. Ал, «Тобыл» бір саты жоғарыда.
– Жанкүйерлерімізді құттықтаймын! Бұл қиын матч болды. Әсіресе, эмоциялық тұрғыдан әлсіздігімізді көрсетіп қойдық. Ойыншылар ашуға бой алдырды. Сабырсыздау болды. Осы кездесуде қателік жасамауға барынша тырыстық. Бірінші таймда жолымыз болмады. Қорғаныс та сыр берді. Бірақ, екінші кезеңде реттелдік. Ұжымға ешқандай да реніш жоқ. Олар жеңіс үшін алаңда жанын берді. Жеңіске жеткеніміз үшін қуанып отырмын. «Тобыл» – шабуылдың командасы. Алаңдағы ойыншылардың орны ауысқанымен, стиль сол беті қалады. Жүйелі ойын көрсетеді. Биылғы маусымдағы құрамы да жақсы жасақталған. Сол себепті, «Тобылды» Премьер Лигадағы қауіпті командалардың қатарына жатқызамын, – деді «Шахтердің» бас бапкері Игорь Солошенко.
Бұл кездесуде Роман Муртазаев пен Тимур Чогадзе ойнамады. Бас бапкер бұған түсініктеме берді.
– Олар алматылықтармен болған ойында да алаңға шыққан жоқ. Өйткені, екеуі – алаңның шетіндегі шабуылшылар. Біз «Қайратпен де», «Тобылмен» де 3-5-2 құрылымымен ойнадық. Екі шабуылшы да орталықта еркін ойнайды, – деді бас бапкер Игорь Солошенко.
23 қыркүйекте «Шахтер» Алматыға қонаққа барған еді. Сол кездесуде «Қайрат» екеуі тең түсті. Есеп 0:0.
– «Қайратпен» ойын оңай болмайтынын әуелден білдік. Премьер Лигадағы үздік ұжымдардың бірі. Ойыншыларға, бапкерлерге алғысымды айтамын. «Тобылмен» ойынға тыңғылықты дайындаламыз, – деп еді бас бапкер.
«Қайрат» Премьер Лига кестесінде 4-орында тұр.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»