Жаңалықтар

«Тоқтар, бауырым, қазағың үшін жаныңды беруге дайынсың ба?» «Дайынмын!»

…Кәдімгі Тоқтар Әубәкіров десе – бәріміздің көз алдымызға жайдары жүзді, құрыш денелі, сұңғақ бойлы қағілез-қайсар азаматтың шуақ шашқан нұрлы бейнесі жылыұшырап келе қалады. Тоқтар Әубәкіров десе, бұдан ширек ғасыр бұрын бар қазақтың туын көтеріп, рухын асқақтатып оның ғарышқа аттанған ұмытылмас сәті еске түседі. Бүгінде жігіт ағасына айналған қалыбы қыран тектес қайсар жанға деген қазақтың ілтипаты әлі күнге дейін бір мысқал кеміген емес! Осының бәрін көзбен көріп, құлақпен есту неткен ғанибет! Халықтың сүйікті ұлына деген шынайы сүйіспеншілігі, дархан пейілі нақ осындай-ақ болар! Ол – дыбыстан да озған ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшыұшқыш. Сол кеңес заманының өзінде әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген! Ол – Дүниежүзілік авиация музейінде (АҚШ) есімдері мәңгілікке мәрмар тасқа қашалып жазылған ірікті он әскери ұшқыштың үшіншісі! Қазақ үшін мұның ешқайсысы ешқашан да көптік еткен емес, бірақ… осы жылдар ішінде менің айрықша аңғарғаным – Тоқтар Әубәкіровті жанындай жақсы көретін қазақ халқы үшін ол тек – тұңғыш ғарышкер! Ғарышкер болғанда, атақ-абыройы, салмақты түр-сипаты, жымиған жылы күлкісі бар сәнімен, әрімен үйлескен сүйікті ғарышкер!

Ал, енді мына қызыққа назар аударыңыз! Өте білімдар, білгір қытайлық профессор-дәрігер Тоқтар ағамыздың ғарышкер екеніне сенбей-ақ қояды!.. Неге? Адамның дене жаратылысының кәнігі кәсіби маманы – физиолог ғалым басын шайқай-шайқай таңданып, ақыр соңында мойынсұнғаны шығар, сүйсіне келіп Тоқтар ағама қолын ұсынады! Мұнда қандай жұмбақ бар? Ендеше, көпшілікке беймәлім бұл жайттың шешуін шамамыз жеткенше тауып көрейік!

…1999 жылы желтоқсанда Алматыда ежелден орныққан әскери-дәрігерлік комиссияның ең соңғы сараптамасының қорытындысына сәйкес, гимнастикадан КСРО спорт шебері Ләйла Ергешқызы жаңадан жасақталып жатқан қазақстандық ғарышкер қыз-келіншектер тобына ілікпей қалды. Сондағы талдырмаш қыздың қарақаттай жанарынан тамшылаған моншақтарды көру қандай ауыр еді. О баста даңқты спортшының бірінші қазақ қызы ретінде ғарышкерлер тобына ілінетініне көпшіліктің еш күмәні болмаған-ды. Бірақ, физиологиялық барлық мәліметтер талапқа сай келгенімен, Ләйланың жамбас сүйегі біткен ұршығында иненің жасуындай сызат-сынық бар болып шықты. Тынымсыз жаттығудың бірінде байқаусызда алған беймәлім дене жарақаты, сүйектегі сызат аяқ-қолы балғадай спортшы қыздың ғарышқа бет алған даңғыл жолын шорт кесті де тастады.

Дәрігерлер бізге салмақсыздық жағдайында иненің жасуындай сол сызат көзге көрінбегенмен, ғарыш кеңістігінде оның өміріне үлкен қауіп төндіретіні туралы уәж айтты. Салмақсыздық жағдайында, яғни ғарышта адам ағзасының жасушалары еркінен тез айырылатыны туралы сонда білген едім. Кеңес Одағының ғарышкері, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Виталий Севастьяновтың ғарышқа шыққан екінші сапарынан келгенде бір сирағының екінші сирағынан ұзарып оралғаны ғарыш зерттеуші дәрігерлерді ойлантып, жаңаша қам жасатқан дегеннен де хабардар болатынбыз. Ғарышта адам сүйегіндегі кальций элементі термен бірге суша ағып кетеді дегені және бар…

Тоқтар ағамның ғарыштан оралғанда Жерге өте қиналып түскен жайын өз басым көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Оның мән-жайын сұрағанымда: «Қайтуға бір тәулік қалғанда ұйқым келмеді. Содан соң сапарлас әріптестердің жұмысын жеңілдету үшін оларға жағдай жасадым, бар жұмысты мойныма алдым. Олар демалды. Оның үстіне, Жерге топ ете түскенде шар кабинадағы сапырылыса құлаған бірнеше контейнер мені басып қалды», деген. Ол рас. Борттық жазбаларда мұның барлығы тіркелген.

Нақтырақ айтсам, «Ғарышкер Тоқтартану ілімінде» азды-көпті журналистік тәжірибе жинақтаған мені сан жылдар бойы мазалаған сауалдың болғанын да жасырмаймын. Өйткені дейікші, мәселен, жүйкесі темірдей әскери-сынақшы ұшқыштың ғарыштан Жерге оралатын тәулікте ұйқысының «бұзылуына» не себеп? Одан да зор онсан салмақсыздық сынақтарын басынан өткерген, дыбыстан озған қыранның жүрегі қағып, көңілі толқып қобалжуы тіпті де мүмкін емес, меніңше?! Ұшқыштың қан қысымы еш уақытта 120/80 көрсеткішінен ауытқыған емес. Жиырма бес жыл бойы қалыптасқан стандарттық өлшем солай. Ендеше, не себеп? Не себеп… Амал жоқ, қытай дәрігері Люнь мырзаның айтқанына жүгінуге тура келеді. Тұңғыш ғарышкеріміздің күллі физиологиялық болмысынан бір мін таппаған қытай дәрігері оның мойын омыртқасындағы зақымданған сызатты көргенде, Тоқтар ағаның сынақшы-ұшқыш әрі ғарышкер екенін білгенде ғой, «Мүмкін емес, мүмкін емес…» деп шалқасынан түскені. «Ғарыш кеңістігінде салмақсыздық жағдайында мынадай сызатпен жаныңыз ауырмай қалай шыдадыңыз?» дегені шығар, бәлкім?!

Мойын омыртқа жарақатын еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш 1986 жылы «Тбилиси» авиатасығыш крейсеріне дыбыстан жылдам МиГ-29К әскери ұшағын қондырған кезде алған… Ең төменгі жылдамдық сағатына 250 километр! Кемеге табан тіреген 25 тонналық әскери ұшақты ілгек арқылы қас-қағым сәтте тоқтату! Осының бәрін көз алдыңызға елестетіп көріңіз… Сынақшының дыбыстан озған зымыран тектес бейтаныс ұшақпен көкке әрбір көтерілуі өліммен бетпе-бет келу екенін екінің бірі білеміз бе?!

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш ғарышкерді ұшуға дайындау барысындағы кедергілі қиын кезеңдерде: «Тоқтар, бауырым, қазағың үшін жаныңды беруге дайынсың ба? Уақытты созбайық…» дегенде: «Дайынмын!» деген өр тұлғалы азаматқа сенгені болар. Тоқтар аға ғарышқа ұшқанда 45 жаста еді! Биыл, Алла тағала қаласа 70-ке келеді. – Тоқтар аға, америкалық тұңғыш ғарышкер Джон Гленн 77 жасында екінші рет ғарышқа барып рекорд жасады! Ендеше, сізде де әлі бір тәуекел бар ғой… – деп әзілдесем, ол әдеттегідей: – Енді не істеп жүрсіңдер, дайындалыңдар… қимылдаңдар, қаражат жинаңдар… мен әрқашан да дайынмын! – деп жарқылдай күледі. Өзіне ғана тән күлкі. Халыққа таныс сол шуақты да жайдары күлкі. «Голливуд жұлдыздарының» күлкісі Тоқтар ағамның жан жадыратар бір ғана жымиғанының жанында жіп есе алар ма екен?! Міне, нағыз батыр! Міне, нағыз қазағының қыраны!

P.S. Мойын омыртқа сызатының зардабы – жиналған мәліметтерден кейінгі жасаған өз болжамым екенін ескерткенді жөн санадым.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Үш ғарышкер» мақаласынан үзінді («Егемен Қазақстан») 2016 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button