«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Тоқсандағы көксемсер

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы атанған «Орталық Қазақстан» газеті менің жас кезімнен сүйіп оқитын басылымым болатын. Сол қарашаңырақ биыл 90 жасқа келіп, торқалы тойын жасап жатыр.

Мен 1965 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген соң өзімнің туып-өскен Нұра ауданына жолдама алған болатынмын. Аудандық оқу бөлімі Куйбышев орта мектебіне биология пәнінің мұғалімі және мектеп оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындады. Содан екі тоқсан қызмет істемей жатып, әскер қатарына алып кетті. Ол кезде жоғары білімді жігіттерді бір жыл әскерге алып, офицерлік шен беріп жіберетін. Сол офицерлік курсты Түркменияның Кушка және Өзбекстанның Термез қалаларында аяқтап лейтенант шенімен оралдым. Бұл жерде менің айтайын дегенім – осы бір жыл ғана «Орталықты» оқыған жоқпын. Басқа уақыттарда қолымнан түсірмей, әлі күнге үзбей сырлас болып, оның беттерінде өзім де мақалаларымды бастырып келемін.

1966 жылы Балықтыкөл орта мектебіне директор етіп тағайындады. Сол кезде небәрі 24 жастағы, ауданда ең жас директор мен болған екенмін. Мектепте басшы болған соң мұғалімдердің педагогикалық басылымдарға, оған қоса облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жазылуына ықпал ету тапсырылатын. Сол жылы немере ағам Мұхамедия Әшірбеков бас бухгалтердің көмекшісі болып, «Самар» совхозынан көшіп келген еді, келесі жылы ауырып, қайтыс болды. Жәкен жеңгеміз бала-шағасымен Хауа екеуіміздің қарамағымызда қалды.

Енді екі-үш жылдан кейін сол кездегі ректор Сейітқали Баймурзиннің шақыруымен пединститутқа оқытушы болып ауыстым. 1973 жылдың қыс қатты болды. Сол жылы Мұхамедия ағамыздың Гүл деген қызы Казгородоктағы орта мектепте оқыған еді. Қысқы каникулға шыққан бала Балықтыкөлдегі үйіне қайтамын деп, бір көлікпен Захаровка ауылына жетіп қалады. Әрі қарай жүретін көлік жоқ. Сөйтіп жолда күтіп тұрған кезде «Балықтыкөл» совхозының бас инженері өзінің «Уазик» машинасымен келіп, бір кісіні түсіреді. Сол кезде бала ауылға ала кетуін өтінеді. Бірақ «орын жоқ» деп баланы үстіндегі жеңіл қысқа пальтосымен далада тастап кетіпті. Кеш болып, қас қараяды. Бала әбден тоңған соң біреулерден сұрап білген болуы керек, сол жердегі Хауаның үйіне үсіп-жаурап барыпты. Әсия шешеміз өте бауырмал адам еді. Жылаған баланы жұбатып, пештің түбіне отырғызып, зорға дегенде жылытып алыпты. Боран сол соққаннан үзбей соғып, каникул біткенше толастамайды. Көлік жоқ болғандықтан, кішкене Гүл он екі күнін сол үйде өткізіп, аталарымыз Тілен батыр туралы Әсия анамыздың және басқа айтқан әңгімелерін тыңдап, Казгородокке қайтадан қайтады. Егер бас инженер ала кеткенде бала үйіне баратын еді. Осы жағдайды естіген соң қатты назаланып, (ол кезде редакция Чкалов көшесінде, біздің биология факультеті орналасқан ғимараттан онша алыс емес) бір күні «Орталықтың» редакциясына бардым. Газетін күнде оқығаныммен, редакциясында бірінші рет болдым. Үшінші қабатта орналасқан редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінде істейтін Қағазбек Сәденов деген ағайға жолығып, мән-жайды айтып беріп едім. Ол кісі «Мұндай да қатыгездік болады екен ғой! – деп жағасын ұстады да:

– Мұны сол беті қалдырмайық, мақала етіп жазайық. Оны өзіңнің атыңнан шығарамыз», – деп кеңес берді. Мен оны құп алдым. Сонымен қаңтар айының аяғында сол мақала «Орталықтың» бетінде жарық көрді. Міне, менің ең алғашқы мақалам осылай жарияланған болатын.

Сол кездегі қаршадай қарындасым Гүл Әшірбекова мектептен соң жоғары білім алды. Отбасылы болып, қазір балаларынан немере көріп, бақытты өмір сүріп жатыр. Үрпе-шүрпе бауырлары түгел ержетті. Аналары, біздің жеңгеміз де бақуатты.

Сол 1973 жылдан бері 48 жыл уақыт өткен екен. Содан бері «Орталық Қазақстан» газетін өзімнің жанашырым, сырласым сияқты көремін. Эколог ғалым болғандықтан, Жер планетасының тыныс-тіршілігін, Қазақстанның экологиялық жағдайын, Арал теңізінің тағдырын, Байқоңыр ғарыш айлағының, Семей сынақ полигонының тарихы мен зардабын, халқымыздың әлеуметтік жағдайын, тіл мәселесін, экономикалық ахуалын үзбей жазып келе жатырмын. Бір сөзбен айтқанда «Орталық Қазақстан» газеті мен «Сарыарқа» телеарнасының жиі қонағымын. Оларға айтар алғысым шексіз.

«Орталықтың» кешегі қызметкерлері Аман Жанғожин, Серік Сексенұлы, Айқын Несіпбай, Сүйіндік Жанысбай кешегі аға ұрпақтың соңғы тұяқтары. Менің замандасым Серікбай Алпысов марқұммен, үзбей 22 жыл редактор болған Мағауия Сембаймен үнемі хабарласып отырушы едік. Қазір жас оғландар келіп, жаңаша серпіліс бар. Газеттің әрбір саны мазмұнды шағады. Онда бүгінгі күнге қажет тақырыптардың барлығы қамтылып жатады. Әсіресе, тарихи, мәдени, әдеби дүниелер жақсы жарияланып жүр. Оған холдинг басшысы Қамбар Ахмет, газеттің Бас редакторы Ерсін Мұсабек, Бас редактордың орынбасары Ілияс Мұқай, шеф-редактор Нұрқанат Қанапия және басқа да қызметкерлер өздерінің мол үлестерін қосып жатыр. Қара сөздің майталманы, көсемсөз шебері Ерсін Кәрібайұлына айтар алғысым шексіз. Ол өзі ғана шебер жазумен шектелмей, кейінгі жастарды, қарамағындағы қызметкерлерді де тамаша материалдар беруіне ықпал етіп отыр. Газет мағыналы, тұнып тұрған тарихқа бай, ұлттық рухтың пернесін дөп басқан, әдеби тілмен көркемделген материалға толы. Сөз соңында сүйікті газетіміз жасай берсін деймін! Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!

Қайыржан БЕКІШҰЛЫ, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры, Халықаралық «Экология» академиясының академигі.

Басқа материалдар

Back to top button