Бас тақырыпРуханият

Тоқ болса да, түлкі алған 

Депутаттар тарапынан қызу талқыланып, ден қойылған мәселе – қазақы тазы мен төбеттің генофондының сақталуы. Ақыры жеті жерден жебеп, «қазақтікі» деген атпен демеп тұрған жеті қазынаға да көңіл бөлер күн келді-ау.

Кешегі Ақанның «Басараласының», Хан Кенені орнынан тұрғызардай құрметке ие болған «Көкдауыл» тазының құнына жеткен бар ма?! Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Шайбан шах (Әбілқайырдың) соңына ерген ала шолақ төбет ше? Қазаққа ғана тән қос жануардың бірі ат болса, екіншісі осы «қазынам» деп құрметтеген иті ғой қашаннан. Алты құрлыққа аты шығып, аңызға айналған, ашаршылықта ауылды асыраған, қансонарда қызығын көрсеткен де дәл осы қазақы ит. Қырғыздың «тайғаны», немістің «овчаркасы», ирландардың «волкодавы» біреуінің тарихы тазыдан бағзы емес. Ендеше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болып, «із-жолының құтымен» келген қазақы иттердің дамуына ден қойған құрылтайда бөлінеді деген 1,4 млрд. теңге шашауы шықпай, өз мақсатына жұмсалғай деп тілейік!

Президент тапсырмасы бойынша әзірленген заң жобасын депутат Әмірхан Рахымжанов таныстырып, осы мәселеден күпті болған көптің көңілін жайландырды.

– «Қазақтың ит тұқымын сақтау және өсімін молайту бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданды. Бүгінде қазақы ит тұқымдарының генофондының нашарлау үрдісі ғана емес, еліміздің көптеген өңірінде толық жойылу қаупі бар. Сол мәселелерді шешу үшін заң жобасында қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді. Нағыз қазақы ит тұқымдарын сақтау һәм өсімін молайтуды көздейтін Ұлттық орталық құрылмақ, – деді депутат.

Әмірхан Мұратбекұлының сөзінше, ол орталықтың құзыретіне мыналар кірмек: иттердің ұлттық тұқымдарының асыл тұқымымен жұмыс істеу бойынша сарапшылар мен мамандарды кинологиялық қызметке оқыту жөніндегі жүйелі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу, асыл тұқымды иттерді іріктеу және таңдау, олардың жұмыс істеу қасиеттерін сақтай отырып, иттердің ұлттық тұқымдарын өсіру, кинологиялық қызметтің әртүрлі мәселелері бойынша уәкілетті органға – стандарттар, сынақтар, жарыстар, көрмелер, байқаулар, кешенді бағалау қағидалары, иттердің ұлттық тұқымдарының бірыңғай тұқым-тегі кітаптарын жүргізу, асыл тұқымды ит куәліктерін беру туралы ұсыныстар енгізу, түрлі дәрежедегі, оның ішінде халықаралық дәрежедегі сынақтарды, көрмелерді, байқауларды, жарыстарды ұйымдастыру және өткізу.

Заң жобасында ғылыми ұйымдар жүзеге асыратын қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми-зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд. теңге қажет болды. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты.

Аталған заң бүгінде сенатқа жолданды. Ит жүгіртіп, ат баптаған сері сынықтары бұған бөркін аспанға атып қуанысып қалды.

Осакаров ауданы Уызбай ауылының тұрғыны Қазбек Әбдірахманов ақсақал құмай тазы өсіру дәстүрімен біршама жыл айналысуда. Оның иттері бірнеше жарыстарда жүлделі орындарды иеленген. Ол жаңа шыққан заңнаманың ұлттық танымға қызмет етіп, дәстүрді қайта жаңғыртатынына сенімді.

– Қазақ үшін тазы – әрқашан жеті қазынаның бірі. Ежелден тазы мен төбет құнды жануар саналған. Бүгінде нағыз қазақы құмай тазылар жоқтың қасы. Солардың сақталғанын осы заңнамаға сай қайта көбейтсе, аңға аңсары ауған қазақ жігіттері құнына құлынды бие берсе де, сатып алып бағып өсіруші еді. Ал, ондай иттерді өсіріп-баптау оның иесіне де, ұрпақтарына да ерекше жауапкершілік жүктейді. Біз отбасымызбен асыраған әр жануарға ұқыпты қараймыз. Қазақтың қазақылығы осы қазынамызда емес пе, – деп атап өтті Қазбек Әбдірахманов.

Расында, көшеде көлденең елді қапқан көп иттің тұқымы түсініксіз. Тегінде қандестің де, дүректің де, неміс итінің де қаны бар шаталардың пайдасынан шатағы басым. Алайда, «битке өкпелеп, тонды отқа тастамайық». «Иттің бәрі тазы болмас» деген тәмсіл бекер айтылмаған-ды. Көкшетау өңірінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиұлының шаңырағында төрдегі жүкаяқтың үстінде жатар сарыала тазы кімнің есінде?

Қара жерде қоян алған қоян аяқ құмай тазы ілгеріде таптырмас, жігіттің бағына жолығар серіктерінің бірі. Құлағы шашақ, құйрығының түбі жуан, ұшы күршекше қайырылған, екі шынтағы екі жаққа шығып, ұшына қыл біткен тазыны көрсе, өзін аңшымын деген кісі қарап тұрмасы хақ. Тұра сұрап орнына жорға берсе де, дорба берсе де алған кездері болған.

Қазақы иттің қасиеті «қуғаныма жетем» деп өзін тауысады дейді, ал, төбеттер «алысқанымды алам» деп таласатын көрінеді. Мұны «Сырттандар» әңгімесінен білетініміз бар. 

XIII ғасырда Қазақ даласының ой-қырын түгел зерттеген жиһанкез Марко Поло өз естелігінде былай дейді:

«Тайыншадай биік денелі иттер түз тағыларын аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік сияқты». Бұл қазақы төбетті көріп қағазға түсіргені көрінеді. Ал, бертін келе этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы қазақы төбеттер туралы зерттеме дерегінде былай пайымдама берген: «Жер бетіндегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы – жуан, басы, аузы – үлкен, тістері – ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған».

Содан бері біршама жылдың жүзі шайылды. Таутөбет, маңтөбет, бәйтөбет деген қазақы төбеттің үш атауы да естен ескерусіз шығып, орнына алабай деген түркіменнің төбеті келді.

Қазақы төбеттің түрі ұқсаса алабай деп тұра таласатындар да бар. Кім білсін, алабайдың да арғы атасы қазақы төбет екенін…

Жан АМАНТАЙ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button