Бас тақырыпОблыс әкімі

Өткенге – салауат, ертеңге – аманат

АЛТЫ ҚҰРЛЫҚТЫ АЛАЙ-ТҮЛЕЙ ЕТКЕН ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА ДА МІНЕ, ЖЕТПІС ТӨРТ ЖЫЛДЫҢ ЖҮЗІ БОЛДЫ. УАҚЫТ ОЗҒАН САЙЫН ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЕРЕКШЕ КҮТЕТІН 9 МАМЫР – ҰЛЫ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІНДЕ ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ДА ҚАРАП ҚАЛҒАН ЖОҚ. ӨТКЕН КҮНДЕГІ ӨШПЕС ЕРЛІК ПЕН СӨНБЕС РУХҚА САЛАУАТ АЙТЫП, ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫР ИЕЛЕРІНЕ ТАҒЗЫМ ЕТТІ. ЖАУҒАН ОҚТАН ЖАНЫ ҚАЛҒАН КӨЗІ ТІРІ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ТӨРІНЕ ОЗДЫРЫП, ТӨБЕСІНЕ КӨТЕРДІ. ЛАЙЫҚТЫ СЫЙ-ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕДІ.

ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСКЕН ӨРЕНДЕР

Бейсенбінің берекелі таңын қарағандылықтардың қалың қарасы Н.Гоголь мен Қ.Сәтбаев көшелері қиылысатын тұста қарсы алды десе де болады. Мыңдаған жерлесіміз «Батырларға тағзым» шеруінде шеп түзеп, өз ата-бабаларының портреттерін ғана емес, сонымен қатар, Батыр Баян, Жидебай батыр, Аралбай батыр және басқа да батырлардың суреттерін алып жүрді. Сөйтіп, Н.Гоголь көшесін бойлай өткен көш «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалы алдындағы митинг-реквием өтетін жерге келіп жеткен еді.

Бұл – бізге атылған оққа кеудесін тосқан боздақтарға, он сегізге толмай от кешкендерге деген құрмет. Бұл – сын сағатта сыр бермеген ерен ерлікке тағзым. Сарыарқа саңлағын, Қарағанды қаһарманын еске алып, егіліп тұр. Жанымызды жадыратқан Ұлы Жеңіс – Ұлы мереке.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов бастаған топ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ертеңгі ұрпақ бейбіт ғұмыр кешіп, ашық аспан астында өмір сүрсін деп басын бәйгеге тіккен, шыбын жанын шүберекке түйіп, дзотқа кеудесін тосқан есіл ерлердің ерлігі еш уақытта ұмытылмақ емес. Әйтпегенде, әйгілі Бауыржан Момышұлы «Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олар Тәуелсіздік үшін жаны мен тәнін аямастан соғысты» дейтін бе еді? Адамзат баласының алғысын арқалаған ардақтылар! Соны ой елегінен өткізіп, шеруге жиналған шерлі ұрпақ тағзым етті. Үнсіздік минуты жарияланды.

 – Жыл сайын осы Жеңіс күнінде бойымызды ерекше толқу сезімі билейді. Себебі, ел басына күн туған жылдарда етігімен қан кешіп, Отан қорғаған батырлар бейнетін елестету өте қиын. Біздің еліміз үшін Ұлы Жеңістің бағасы өте қымбатқа түсті. Біз шын мәнінде жеңімпаз аталар мен жеңімпаз аналардың ұрпағымыз. Олар – нағыз отаншылдық пен патриотизмнің, туған елге адал қызмет атқарудың үлгісін көрсеткен батырлар. Біз оны мақтанышпен айтамыз және әрқашан жастарға үлгі-өнеге етеміз. Өкінішке қарай, жылдар легі жылжыған сайын сол сұрапыл соғыс қаһармандарының қатары сиреп барады. Олар өмірден өтсе де, Отан қорғау жолында жасаған ерліктері үшін біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз, – деді Ерлан Қошанов.

 Облыс әкімі соғыс жылдарында тылда еңбек еткен әкелер мен аналарды да тілге тиек етті. Қарағандының көмірі мен темірі, Қарсақбайдың мысы майдан қажетіне жөнелтілгенін, сол ерлік пен еңбек еш уақытта ұмытылмауы тиіс екендігін айрықша атап өтті.

 Салтанатты жиында қарағандылықтарды Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов та мерекемен құттықтады. Ардақты қария өзінің естеліктерімен бөлісіп, жастарға батасын берді. Майдангер 23 жасында ерлік жасап, қаза болған Нұркен Әбдіровті еске алды.

– Бүгін Қарағанды жұртшылығы «Мәңгі алау» алдында Ұлы Отан соғысында шейіт болған сарбаздарды ұмытпауға тағы бір ант етіп отыр. Ол – жарық дүние үшін күрескен жауынгерлерге деген құрметіміз. Өздеріңіз жақсы білетін Нұркен Әбдіров екеуіміз Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мектепте оқыдық. Ол менен үш жас үлкен болатын. Оның таңғажайып ерлігін ел есінен шығармауы тиіс. Марқұмдарға нендей құрмет көрсетсек те артық болмайды, – деді Бүркіт Есжанов.

Өз кезегінде, Қарағанды жастары атынан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 1-курс студенті Рауан Қинаятов сөз алды:

– Өткен күннің ерлігі қайсар мінез бен батырлықтың өшпес нысаны ретінде ұрпақ санасында мәңгі сақталады. Жеңімпаз аталардың ұрпағы болу – біз үшін ерекше мақтаныш пен жауапкершілік. Ендігі кезекте, ел ырысын еселеп, халықтың бірлігін нығайту – жастарға аманат! Бүгінде Қазақстан жастары кез келген елдегі құрбы-құрдастарымен ғылым, спорт, мәдениет салалары бойынша лайықты бәсекеге түсе алады. Осының барлығы – туған жерін сүйген ардақты аталарымыздың арқасы.

ҚҰРМЕТ

Жетпіс төрт жыл өтсе де жүректегі жара жазыла қоймапты. Бәлкім, мәңгілік жазылмайтын да болар. Сол сұрапыл майданда неміс басқыншылары қазақ даласына аяқ аттап басқан жоқ. Солай бола тұра, Алаш баласы әкеден айырылып жетім, жарын жоқтап жесір қалмады деуге ауыз бармайды. От кешкен отандастарымыз – соның дәлелі! Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасында 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандық азамат майданға аттанған?

Солардың арасында 59935 жерлесіміз де бар-тұғын. Оның 34352-і туған үйіне қайтып оралып, жақынымен қауышса, 25583-і қаза болып, 9 399-ы із-түзсіз кеткен болатын. Сөйтіп, осы күні аймақ басшысы ардагерлер Асылхан Омарханов пен Мария Шинкевичтің шаңырақтарында болып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. Лайықты сый-сияпат жасады.

ТАҒЗЫМ

 Облыс әкімі «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалында сөйлеген сөзінде мыңдаған қарағандылық жауынгерлер жан аямай соғысып, көбісі ерлікпен қаза тапқанын, соның бірі – Қарағанды қаласының ерлік нышанына айналған қыран қазақ, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров екенін еркеше атап өткен болатын. Биыл Нұркен Әбдіровтің туғаны 100 жыл толмақ. Аймақ басшысының айтуынша, аталған мерейтой аясында батырды еске алуға арналған әскери-патриоттық шаралар басталып та кеткен екен. Соның жарқын куәсі ретінде Жеңіс күні Ерлан Қошанов бастаған топ Нұркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

ЖЕҢІС САЯБАҒЫНДА…

Сөйтіп, таң бозара «Батырларға тағзым» шеруімен Қ.Сәтбаев көшесінен басталған мерекелік шаралар тізбегі «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалындағы митинг-реквиемге ұласып, одан ардагерлер шаңырағындағы көрсетілген құрметке, күн арқан бойы көтерілген шақта Нұркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтары қойылған тағзымға сабақтасса, лайықты жалғасы Жеңіс саябағында орын алды.

 Мұнда үлкен сахна тігіліп, Нүркен Әбдіровтің ерлігіне арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, ұшқыштың ата-анасына жазған майдан хаты оқылды. Ал, сарбаздардың майданға аттануы хореографиялық қойылым арқылы көрермен жүрегіне жол тартты. Өнерпаздар ән шырқап, мерейлі мейрамның көрігін қыздыра түсті. Саябаққа келушілер жауынгерлік асханадан дәм татып, сарбаздар қолданатын заттармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Мейрам осы саябақтағы мерекелік отшашумен түйінделді.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button