Өткен жылдар дауысындай
Қарқаралы қаласының 200 жылдығына орай Қарқаралы өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлерді жариялауды бастаған едік. Бұл жолы назарларыңызға оқ-дәрі салынатын оқшантай мен қала болысының мөрін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қарқаралы қаласының тұрғыны Рахым Рахымбергенов 1980 жылы әкесінен қалған шиті мылтық пен оқшантай және бүркіттің томағасын тапсырған. Әкесі Рахымберген Жиенбеков темірден түйін түйген ұста, ағаш шебері, балташы, тазы жүгіртіп, бүркіт ұстаған аңшы болған. Ашаршылық жылдары ел басына күн туған сәтте, ауыл адамдарына азық тауып беру үшін аң аулады. Ол кездегі аңшылар бес қаруын сайлап, атпен жүріп аулаған.
Білте мылтықтың оқ-дәрісін сақтауға арналған. Сары жезден жасалған қаңылтыр ыдыста оқтың дәрісі, былғарыдан тігілген былғары қалтада қорғасын оқтары сақталады. Оқшантай белбеуге төменгі жиегіндегі шығыршыққа ілінеді.
Мөр Қарқаралы округінің 1853-1861 жылдары аға сұлтаны болған Түлік Шыңғысовтыкі. Әкесі Тұрсын Шыңғысов Қарқаралы округінің алғашқы аға сұлтаны болған. Патша үкіметі аға сұлтандарды Төре тұқымынан сайлағаны белгілі (Кұнанбай Өскенбайұлынан басқалары). Қарқаралы округін 20 жыл (1824-1844 жылдары) басқарған. Мөр – Қарқаралы музейіндегі жәдігерлердің ішіндегі ең құнды жәдігер. Жиегі күміспен қапталған. Арапша Шыңғысов Түлік Тұрсынұлы деп ойылып жазылған.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz