Руханият

Өткен күнде белгі бар

«Өмір – өзен» бір орнында тұрмайды. Сынаптай сырғып жатқан уақыт шіркінге тоқтау бар ма?! Күндер мен айлар алмасып, жыл менен жылдар жалғасып, өткен өмір, сөнген көмір сынды тарихтың қатпарында, уақыттың еншісінде қалып барады, қалып барады…

Ата-бабаларымыз «Өткен күнде белгі бар» деген қанатты сөзді тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Иә, зерделей білген жанға жүріп өткен өмір белесінде есіннен кетпейтін, жадыңнан өшпейтін нар тұлғалы азаматтар болады. Мұндай арда азаматтардың болуы өмір заңдылығы десек те, арадағы алшақтық пен зымыраған зымыран уақыт олардың жарқын бейнелерін ұмыттыра һәм көмескелендіре қойған жоқ. Керісінше «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей мөлдір бұлақтан бастау алып, көкше теңізге айналған ағаларымыздың жарқын істері мен көркем келбеттерін бүгінде менімен қайта қауыштырғандай күй сыйлайды. Артта қалған қызыққа толы жылдар қайта қол бұлғап шақырып, сол шақтағы қимас сәттер киноның лентасындай көз алдымнан өте береді, өте береді…

Әлқисса… Жылдардың жетегімен әне-міне дегенше, біз де алпысты алқымдап, Пайғамбар жасынан да асып кеттік. Бірақ, алыста қалған студенттік шақтар мен ардақты да аяулы ұстаздарымның жарқын бейнелері санамнан еш өшкен емес, өшпейді де. Арманға қанат байлаған кезеңдер оң мен солды ажырата алмайтын бозбала шақ, білген-түсінген жанға бәрі де сол кезеңдердің еншісінде қалған дүниелер екен. Бажайлап қарап отырсам, сол кездегі іс-қимылдардың барлығы, яғни, 1986 жылы орын алған «Желтоқсан оқиғасының» бастау бұлағы ретінде 1979 жылдан басталыпты-ау!

«Желтоқсан оқиғасынан» жеті жыл бұрын сол бастаудың басында, сол кездегі Қарағанды тұтынушылар қоғамы институтының политэкономика кафедрасының меңгерушісі, бүгінде ортамызда жоқ марқұм Марат Смағұлұлы Шегенов тұрған екен. Біз оны сол шақтарда білмеппіз де, сезбеппіз де.

Ақиқаты сол, 16 желтоқсан жақындаған сайын менің ойыма Марат аға түседі де тұрады. Оның кісілік келбеті, адами әрі жанашырлық іс-әрекеттері, ең бастысы нағыз патриотқа тән мінезқұлқы мыңның бірінде ғана кездесетін асыл қасиеттер болатын-ды. Әсіресе, «Сен қазақсың, оны әрдайым ұмытпа!», «Қазақ болып туғаныңа қуан!» деген сипаттағы жігер сыйлайтын қанатты сөздерін қалай ғана ұмытарсың?!

Осы жайттар мені кейінгі уақытта жиі толғандырып, санамды сансырататыны бар. Ең өкініштісі, күнделікті бітпейтін күйбең тірліктің соңында жүріп, бұл іс кейінге ысырылып қалып жүргені тағы да рас.

Мен 1977 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін Қарағанды кооператив институтының экономика факультетіне оқуға түстім. Аталмыш институттың І курсында политэкономика пәні оқытылды. Ол кезде кафедра меңгерушісі Марат Смағұлұлы болса, ұстаздар қауымы Ерқара Балқараұлы Аймағанбетов (қазіргі ректор), Роза Бұғыбаева (қазіргі проректор) және тағы басқалар болатын-ды. Әңгіме кейіпкері Марат ағамыз лекция оқыса, Роза апайымыз семинар жүргізетін еді.

Бір күні кезекті бір лекциядан соң ағамыз маған қарап: «Айжігітов, маған келіп-кетші» деді. Алғашқы курстың бірінші семестрі аяқталуға жақын қалған уақыт, оның үстіне «аяқ-асты не болып қалды, неге шақырды екен» деген сауалдар ойымнан кетпей-ақ қойды. Сәл ентігімді басып, жүрексіне ағамыздың кабинетінің есігін қақтым. Ар жақтан «кір» деген бұйрық райлы дауыс шықты. Мен табалдырықтан имене аттадым. Сол мезетте ағамыздың келбетіне көз жіберіп едім, жылы ұшырай әрі күлімсіреп отыр екен. Дидарлы жүзін көрген сәтте-ақ жүрегім орнына түсті.

Күн дидарлы жүзімен мені бір шолып өтіп, қай жердің тумасы екенімді, бүгінде қайда тұратынымды, атаанамның жағдайын әрі қанша ағайынды екенімді тәптіштеп сұрады. Мен жасырмай жай-жапсарымды айттым.

Сәл ойланып барып, әңгімені төтесінен қойды. «Өзің білесің ғой бізде екі факультет бар екенін. Оның бірі экономикалық болса, екіншісі бухгалтерлік. Мұнда білім алып жатқан жастардың дені өзің сияқты ауылдан келген өрендер. Оның үстіне жастар бухгалтерлік факультетте дәріс алуда. Сен өзі мектепте «қабырға газетін» шығардың ба? деген сұраулы жүзбен маған қарады. Менде жұлып алғандай: «Әрине, ағай! Мен «қабырға газетін» шығарғаным былай тұрсын, оның редакторы және комсомол комитетінің бюро мүшесі болғанымды» іркіп қала алмадым. Ол кісі менің батылдығыма тәнті болып, «онда, тіптен жақсы» деп қуанып, арқамнан қағып тұрып, «алдағы күндерден бастап бізде жоғары деңгейде қабырға газетін шығаруымыз керек. Газеттің шығуы біріншіден, сендер үшін. Өйткені, ауылдан келген өрендер ауылдарын, ата-анасы мен туған-туыстарын қатты сағынады. Ал, газет болса іштегі сағыныштарын қара сөзбен немесе өлең жолдарымен өре отырып сағыныштарын басады ғой» деп өз сөзін түйіндеді.

Мен осы сәтте іліп алғандай «қабырға газетінің аты қалай аталатын болады?» дегенде, ол кісі еш ойланбастан «Жас қазақ» болады деді. Өйткені, дәріс алып жатқан студенттердің көбі өзіміздің қаракөз бауырларымыз ғой» деп шорт кесіп айтты.

Көп ұзамай біз газет шығаруды қолға алдық. Қабырға газетін төртінші және бесінші қабаттарға ілуге рұқсат берілді. Неге екенін кім білсін, түске дейін ілініп тұрады да, түстен кейін белгісіз жағдаймен алынып тасталатын еді. Бұл жағдай сол шақтарда бізге жұмбақ күйінде қала-тұғын.

Бірде мені Марат ағамыз шақырып алып, газеттің тек жоғары қабатқа ілінгендігінің жай-жапсарын сұрады. Мен тек осы қабаттарға ұлықсат етілгендігін және түстен кейін жұмбақ жағдайда жоқ болып кететіндігін жасырып қала алмадым. Жауабымды мұқият тыңдаған ағайымыз «ләм-мим» деп тіс жармады.

Екі-үш күн өткен соң мен ректордың кабинетіне шақырылдым. Ол кезде институт ректоры Павел Филиппович Котляров деген қазақшаға судай ақсақал болатын-ды. Ол кісі студенттермен әрқашан қазақша амандасып, қал-жағдайды сұрайтын. Мен барғанда ректордың жанында партком орынбасары, кейіннен басшысы болған Лидия Тимофеевна Телгарина отырды.

Жайғасып отырғаннан соң ол кісі шығарып жатқан газеттің жай-жапсарын сұрады. Мен жағдайды еш бүкпесіз жеткіздім. Сөзімді мұқият тындағаннан соң «осының бәрін өзің ұйымдастырып жүрсің бе?» деп сұрады. Мен «иә» деп жауап қайтардым.

Сол сәтте Лидия Тимофеевнаға назарын аудара отырып, «бүгіннен бастап қабырға газеттері І-ІІ қабаттардың ортасына, яғни ректорат, партбюро газеттерінің жанына ілінетін болсын» деді. Сонан соң «сенің үстіңнен Обком партияға арыз түсті, сен коммунистсің бе?» деп сұраулы жүзбен қарады. Мен «жоқ» дедім. «Онда жараң жеңіл екен ғой, осындай студенттерімізді сақтап қалуымыз керек» деп өз ойын іркіп қалмады. «Тағы мені толғандыратын бір сұрақ бар. Ол бізде қазақ драма кружогы неге жоқ?! Бұл да ойланатын жағдай» деп Марат ағайыммен, Телгаринаға қарата айтты.

Бірде Марат ағайым «мен қазақпынды» жаныңа ерт те, маған кел» деді. «Мен қазақпын» деген Айдын Уахитовтың бүркеншік аты. Өйткені, қашан көрсең де ол «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарын аузынан тастамайтын.

Марат ағайымыз төтесінен бірден шаруаға көшті. «Екеуің С.Сейфуллин атындағы драма театрға барыңдар да, сол жерде жұмыс жасайтын Қарғаш Сатаев деген ағаларыңа жолығыңдар» деді.

Біз барғанда ол кісі кезекті қойылымға дайындық үстінде екен. Келген шаруамызды айттық. Мұқият тыңдағаннан соң «ертеңге 30 бала жинап әкеліңдер» деді. Ертеңіне уәде бойынша 40- 50-дей бала жинап апардық. Ішінен іріктеп 20 студентті таңдап алды. Оның ішінде кейіннен басты рөлдерді сомдаған Орынбасар Атімов, әнші Мейрам Баукенов, Жақып Оңғарбаев және Бақыт Атімова деген жігіт-қыздар бар болатын-ды.

Көп ұзамай «Әпке», «Ақтоты» және басқа да спектакльдер сахна төрінде қойылып, көрермен көзайымына айналды. Кейіннен студенттер арасында «халық театры» деген бұрын-соңды болмаған атаққа ие болды. Көңілге қуаныш сыйлаған бұл істің басы-қасында барлығына ұйытқы бола білген Марат ағайымыз тұрды. Ректормен кездесуден кейін көп ұзамай мені декан шақырды. Деканның кабинетінде орыс ұлтының өкілі отыр екен. Мен өзімді таныстырғаннан соң, ол «коммунистсің бе? деп сұрады. Мен «жоқ» дедім. «Неге сен онда жастардың арасына іріткі салатын газет шығарып жатырсың?» деді. Не үшін газеттің атауын «Жас қазақ» қойдыңдар деген сауалына мен онда тек жастар өкілдері ғана мақала жазады дедім. Ұстаздардан бұл істі ұйымдастырып отырған кім бар екенін сұрады. Мен ешкімнің жоқтығын алдына тарттым.

Кейін белгілі болғандай сол сәтте мені «институттан шығарылсын» деген нұсқау беріліпті. Бірақ, неге екенін қайдам, сол нұсқау орындалған жоқ. Тез ұмытылып кетті. Кейіннен ректорлық лауазымнан босаған Котляров мені көрген сайын қазақша амандасып, «қал-жағдайың қалай декабрист?» деп жымиятын. Телгарина кейін парткомның хатшысы болды. Жасырары жоқ, ол кісі мені талай қырғыннан аман алып қалды.

Бірде маған Марат аға Айдын Уахитов екеуің жолығып кетіңдерші деді. Біз келген кезде ол кісінің кабинетінде бейтаныс екі жігіт отыр екен. Бізді оларға «нағыз беткеұстар қазақтың марғасқа жігіттері» деп көңілімізді көтермелеп таныстырды. Сәлден кейін ол жігіттер іске кірісейік деді. Сәл үнсіздіктен кейін, жігіттер деді, бұл өте ауыр жүк, бірақ біздер, яғни, ұлт жанашырлары үшін игі бастама. Өкініштісі, кейінгі уақытта біз салт-дәстүрімізді ұмытып барамыз. Біздің ұлттық ойындарымыз бен айтысымыз қайда?! Біраз уақыттан кейін біз басқа ұлт өкілі болып кетуіміз ғажап емес. Сондықтан да, біз өзара ақылдаса келіп, институт қабырғасында айтыс ұйымдастыру керек деп шештік. Біздің екі факультеттен бөлек Қарағанды университетінің жігіттері де бар» деді де, есіне жаңа түскендей «мен сендерді алдымен таныстыруды ұмытып кетіппін ғой» деп сәл жымиып, «мынау отырған жігіттер КарМУ-дың студенттері» деді. Бұл сұрақты ертең партбюрода талқылаймыз, содан кейін ректор Котляров ақсақалға бірге кіреміз деді. Аталмыш сұрақ партбюрода қызу талқыға түсті. Қарсылық танытқан адамдардың көп болғанына қарамай, Марат ағамыздың күшімен институт қабырғасында ақыры айтыс өткізілетін болды. Бірақ, көпшіліктің көкейінде «облыстық партия комитеті қандай шешім қабылдайды?» деген сұрақ тұрды. Бұл мәселені Марат ағамыз өзім шешемін деді. Г.Достемесова, Лидия Телгарина, Зейнеш Шумеков, Сайдулла Курлеубаев сынды басқа да ұлт жанашарлары қатысып, толтырды десек те болады.

Сөз алған Лидия Телгарина барлық мәселені айта келе, «бұл біздің студенттерге үлкен тәрбиелік мәні бар іс-шара» деді. «Мен қазақтың келінімін. Сондықтан да айтысты өткізу керек деп ойлаймын». Одан кейінгі сөз кезегін алғандар да Лидия Телгаринаның сөзін қолдады. Павел Котляров барлығын үнтүнсіз тындай отырып, «айтыс өткіздің» деп жұмыстан алса, мен оған дайынмын. Сондықтан да айтыс өткізілсін» деді. Барлығы қуанғандарынан орындарынан тұрып, шапалақ ұрды. Сондағы біздің қуаныш сезімімізді тілмен айтып жеткізу өте қиын. Ал, қазір ойлап қарасам 1986 жылға дейінгі бұл да бір жеңіс екен ғой. Сәлден соң Павел Котляров Марат ағамызға қарап: «Марат Смағұлұлы, обком партиямен сұрақты өзіңіз шешесіз ғой» деді. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып отырған ағамыз «ол сұрақты менің құзіретіме қалдырыңдар» деді.

Кейіннен білгеніміздей біздің сол кездегі идеология жөніндегі обком хатшысы Қ.Сұлтанов, С.Сейфуллин атындағы театрдың режиссеры Қаршыға Сатаев, академик Сағадиев сияқты ағаларымыз Марат ағамызды қолдапты.

Марат ағамыздың арқасында елімізде, оның үстіне студенттер арасында тұңғыш рет айтыс осылайша ұйымдастырылды. Осы іс-шараның басы-қасында Марат ағамыз тұрды. Жұдырықтай жүрегі «қазақ» деп соққан арыстай ағамыздың осындай жарқын істерін қалайша ұмытамыз?!

Марат ағам Қарағанды қаласындағы жергілікті жұрт «Гармошка» деп атайтын үйде тұратын. Бірде ол кісі маған «мен тұратын үйдің төменгі қабатында орналасқан «Блинная» деген дәмханаға кел» деді. Мен уәделі уақытында келдім. «Бақтығали, мен Кисловодскіге демалысқа кетіп барамын. Қайтар жолда Мәскеуге соғамын. Ол жақта біраз шаруаларым бар. Бірге оқыған жігіттер де сонда. Сен өзі «Жас тұлпар» ұйымынан хабарың бар ма? деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. Онда мен ұйым туралы әңгімені келгеннен кейін айтамын. Негізі ұйым туралы хабарың болғаны жақсы. «Жас тұлпар» ұйымы Мұрат Әуезов бастаған ұйым деді. Сен өзіңнің ісіңмен де осы ұйымға сырттай мүше болып жүрсің. Әзірше сенің атқарған жұмысың аздау, ал атқаратын ісің атан түйенің жүгінен де ауыр. Алдағы уақытта «Атамекен» атты құрылыс отрядына командир болып барасың. Жүрген жеріңде қазақша концерттер ұйымдастырып, өзіміздің ұлтымыздың шежіресін, тарихын кеңінен насихаттауың керек-ақ» деп ағалық ақыл-кеңесін айтты.

Сол күні ағамен арқа-жарқа болып, ұзақ әңгімелестік. Әңгімеміздің әуені келешекте ұлт болып ұйысуға қарай ойысты. Түн ортасы ауа ағаның жолына сәт-сапар тілеп, үйге кері қайттым.

Бір-екі күннен кейін қаралы хабар келіп жетті. Ағамыздың «елім-жерім» деп соққан жүрегі мәңгілікке тоқтап, кенеттен қайтпас сапарға аттаныпты.

Ағамыз тумысынан спорттан құралақан емес еді. Өзі былғары қолғаптың спорт шебері атанған болатын. «Спортқа қазақ жастарын көбірек тарту керек» деп жиі айтатын. Ағаның арманы бүгінде орындалды десе де болады. Тәуелсіз еліміздің жастары бүкіл дүние жүзінде топ жарып, Олимпиада чемпиондары атанып жүр. Ағамыздың аңсаған арманының бірі – ұлттық ойындарды жандандыру, айтыс өткізу және театр ашу сынды дүниелер болатын-ды. Сол армандары бүгінгі таңда орындалды. Алайда, арамызда әрдайым жымиып тұратын ағамыздың жоқтығы арқамызға аяздай батады.

Кейіннен мен 45 студенттен құралған «Атамекен» құрылыс отрядына командир болып, Қарағанды облысы, Молодежный ауданына қарасты Трудовой кеншарына бардым. Ол жердің тоқсан пайызы орыстар еді. Біз кеншар орталығында екі концерт бердік. Ауыл тұрғындары бұл шарамызды өте жылы қабылдады.

Тамыз айында ең соңғы аудандық студенттер слеті болды. Оған сол кездегі партком хатшысы Лидия Телгарина келді. Алайда, слетке сол кездегі комсомол комитетінің хатшысы Е.Ертісбаев төбе көрсетпеді. Аталмыш іс-шара кеншар орталығы Трудовойда өтті. Слетке басқа жерлердегі студенттік отрядтар да келіп қатысты. Біз Біржан сал мен Сараның айтысын сахналадық. Сахна төрінде Мейрам Баукенов Біржан салды, ал Жібек деген қыз бала Сараның рөлін сомдады.

Кеншардың мініс аттарын қойылымға пайдаландық. Сондағы Біржан сал мен Сараның айтысқа келген кезі, яғни, ақынның нөкерлерімен бірге аттан түсіп, үкілі домбырасын қолына алып, әуелете жыр төккен сәттін құр сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол көрініске үлес қосқан Орынбасар Атимов, Болат Адресов, Сайран Дарибаев тағы да басқалар нағыз актерлік шеберліктері шындалып келе жатқан жігіттер болатын-ды. Әсіресе, қымыздың орнына сүт пайдаланып, мен сүт сапырып тұрып «тасада тұрып ішіңдер, көбірек ішіңдер» деп айтқаным, кейіннен сол жігіттердің іштері ауырғандары да есімізден көпке дейін ұмытылмады. Қазақша үстел, түрлі текеметтер мен арнайы киімдерді С.Сейфуллин атындағы драма театрынан уақытша алдық. Оған Қарғаш Сатаев ағамыз көп-көрім көмектесті. Осы көріністер әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ұлттық нақышта киінген жігіттер атқа қонған кезде ерекше рухтанды. Сол сәттерде сезінгенім, атойлап ұрандамасаң да, ат мініп, домбыра шертіп, ән салып, салтдәстүрімізді насихаттаудың өзі адамды рухтандырады екен. Бірақ, өкінішке орай біраз жігіттеріміз бүгінде бақилық болып кетті. Олардың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын дегеннен басқа қолдан келер не шара?!

Сахналық қойылымның ерекше болуының нәтижесінде біз бірінші орын алдық. Сонда Л.Телгарина сөз сөйлеп, «шіркін-ай, бүгін арамызда Марат Смағұлұлы болса ғой, осының бәрін өз көзімен көрсе ғой» деп көзіне жас алды. Осы сөзді естіген біз қатты толқыдық. Шіркін-ай! Марат ағам кезінде «сен алдағы күндері «Атамекен» отрядына командир боласың. Сондықтан, атыңа затың сай болу керек. Жүрген жеріңде, араласқан ортаңда шежіре мен ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты мейілінше насихаттап жүруің керек» деген соңғы аманат сөзі есіме түсті. Сол сәттері көзімнен тамған ыстық жас бетімді жууып жатты.

Қазақта «Ит үреді, керуен көшеді» деген аталы сөз бар. Содан бері талай өзен ақты. Міне, Марат ағам аңсаған Тәуелсіздік атты тәтті ұғымға қол жеткізгелі де 30 жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Ағам армандап-аңсаған Тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келген жоқ. Ол кісі өкінішке орай, бұл күндерді көрмей кетті. Алайда, ағамыз армандаған тарихи сәттерді көру һәм сезіну біздің маңдаймызға жазылыпты.

«Бәріміз бір Жамбайдың бұлағымыз» демекші, қазіргі уақытта ағамызбен қызметтес болған Ерқара Балқараұлы ағамыз академия ректоры лауазымында, ал Роза Бұғыбаева проректор болып қызмет жасап жатқан оқу ордасында Марат Смағұлұлы Шегенов атындағы арнайы бұрыш ашылса деген тілек осындайда тіл ұшына орала береді. Өйткені, ағамыздың жоғарыдағы айтқан шарапаттарын біреу білсе, біреу білмейді. Қызметтес болған әріптестерінің дені бұл өмірден өтіп кетті. Ал, жас ұрпақтың санасына сіндіру үшін 16 желтоқсан күні Марат ағамыздың ерен еңбегін тұрақты түрде насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді-ау.

1979 жылы бұлақ бастауындай болып, кейіннен 1986 жылы теңізге айналған ағамыздың арманы бүгінгі күні орындалды десе де болады. Біз сол кісілердің санамызға тәуелсіздіктің дәнін сепкендігінің нәтижесінде егеменді ел болдық.

Жүрегі «қазақ» деп соққан Марат Шегеновті, Айдын Уахитовты және оның орынбасары болған Орынбасар Атимовты мәңгілікке есімізде сақтаймыз. Олардың жарқын жүздері біздің санамыздан еш өшпек емес.

Бақтығали АЙЖІГІТОВ.

Басқа материалдар

Back to top button