Жаңалықтар

Өткен күн – ұрпаққа өнеге

Сурет qazaquni.kz

Ұлтымыздың шежірелі тарихында тарлан тұлғалар, дана ойшылдар, ғұлама ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, намысы биік, отаншыл ер-азаматтар баршылық. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамдық борыш – ат үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін» деген. «Кіндік қаным төгілген туған жерім, елім!» деген есіл ерлердің игілікті істерін еш ұмытуға болмайды. Ізетке жығылмаған ілтипат қадіріне жете ала ма? Біздер осы күні тәуелсіздік заманында халқы үшін жанын пида еткен, ұлтын шын сүйген қоғам қайраткерлерінің ерен ерліктерін бүгінгі буынға қаншалықты дәрежеде дәріптеп жүрміз?

Қазақ кеше ғана жаралған жоқ. Есіл ерлерді, немесе, қасіретке толы кезеңдерді тізе берсек, тым ұзаққа кетеріміз анық. Біз өткен ғасырда болған зобалаңда ел үшін құрбан болған зиялылар турасында сөз қозғамақпыз.

Тұлғалар тау секілді алыстаған сайын асқақтай түседі. Алашорда үкіметін, ашаршылық жылдарды қанды репрессия (1937-1938) және Ұлы Отан соғысының тарихын халқымыздың басынан өткерген қиын-қыстау тар замандарды, «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдерін әлемге таныту үшін алдымен жер жүзі түсінетін ағылшын тіліне аударып, ақпараттық кеңістіктегі іргелі тақырыптардың қатарына қоса білсек, одан ұтылмаймыз. Себебі, жер бетінде қазақ халқындай зауалы зардабы аз болмаған, орасан зор нәубет жылдарды бастан кешірген ел кемде-кем. Бұл – өмір шындығы.

Тарихта айтулы даталы жылдармен хатталған Алашорда үкіметі және «Алаш» партиясы болған. Алаш-орданың түпкі мақсаты – Тәуелсіздік, бергі мақсаты – автономия болғаны тарихи шындық. Кезінде, «Қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұған жер неге керек?» – дегендер болған Ұлт көсемі, отаншыл рухы биік тұлға Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім, әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық – еліктегіш халық» деген. Ұлтының азаттығын көздеген алаштықтар қолынан келген мүмкіндіктің бәрін жүзеге асыра білді. Міржақып Дулатовтың 1909 жылы жарыққа шыққан «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы – XX ғасыр басындағы ұлттық идеямыз болатын. И.Сталин, оның қолшоқпары Ф.Голощекин Алаш қозғалысын талқандағаны ұлт жадынан өшпейді.

Зияткерлік қабілеті мол, бітім-болмысы өзгеден жоғары, зерделі де зерек болғандықтан әр жылдары Ресейді билеген Керенский және Лениндермен тікелей сөйлесіп, математика ғылымынан шыққан алғашқы қазақ профессоры Әлімхан Ермеков «Алаш» автономиясының мемлекеттік шекарасын сызып, оны нақты белгілеп, құжат негізінде келіскен еңбегін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс.

Алаш партиясы жұмысына тартылған, мүшелікке өткен 1000 адамның шамасында болып, бірінші рет құралып, қалыптас­қанын тарихи құжаттар растайды. Қызметтерінде жемқорлық, парақорлық, көзбояушылықпен жалған уәденің нышаны да болмағанын құжаттар негізінде хабардармыз.

Бүгінде Тәуелсіз елімізде құрылған барлық партиялар алаштықтар құрып қызмет еткен партиядан үлгі алып, өнеге тұтсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Алаш тәрбиесі арқылы мектебінен өткен сол кездегі жеке буынның үздіктері, өз заманынан озық туған заңғар, зиялы дүлдүлдер М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан және Қ.Мұхаметханов, т.б көптеген тұлғалар тоталитарлық қыспақтың өзінде ұлт ұстаздары нұсқаған бағыт-бағдарларын жоғалтпай, әлемдік өркениетке, интеллектуалдық қазынаға айтулы олжа салғаны – объективті заңдылық.

Алаш көшбасшылары Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы әлемдік додаға сол арқылы жер-жаһанның бет-бейнесін, ұлы даланың көркін нұрландыруға жол көрсете білгені жасырын емес. Ұлт қайраткері, хан тұқымы Әлихан Бөкейхан кезінде «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» дегенінде көп шындық бар. Біз мұны тереңнен ойлауымыз керек. Ол кісілердің алға қойған ең басты мақсаты – адамдарға жанашыр болу, ынталы зияткерлік қабілеті мол жастарды оқытып, қол ұшын беру.

Жақсылығыңды адамға жаса. Әділетті сүйген, әділеттілікпен ғибратты ғұмыр кешуді көздеген халық болғандықтан, Құдайдың тура жолынан таймауымыз қажет. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың тұңғыш иегері, әлемдік өркениет биігінде орны бар ойшыл, драматург, жазушы Дулат Исабековтің «Жамандықтың өлетін жері, ол – жақсылардың кеудесі» дейді.

Тоталитаризмнің ноқтасына басы сыймаған тұғыры биік тұлғалар әділетсіз заманның зорлық-зомбылық кермек дәмін тат­қан жанкешті ер-азаматтарымыздың тағылымы мол қызметтерін, бүгінгі толқынға білімді ұрпаққа ұғындыра алсақ, сәулелі қазақ өркендеп, мерейі үстем болатыны баршаға аян.

Азамат Жекебаев,
әділет капитаны
Ғани Смаханұлы

Басқа материалдар

Back to top button