Жаңалықтар

Тито қазақша білген

Әлем чемпионаты төңірегіндегі әңгіме қызуы басылар емес. Әсіресе, айды аспанға шығарған Хорватия құрамасы туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс табуда. Жеңістің кермек дәмін татып тұрып, көзінен бір тамшы жас шығармаған Модричтің жігері, президент Грабар-Китаровичтің қарапайымдылығы, бес жүз ауылдасының несиесін өтеп берген шабуылшы Ребичтің жомарттығы, бапкер Даличтің финалдан кейінгі мәлімдемесі жұрт жалықпай талқылаған тақырыптарға айналды. Қызықты қараңыз… Осы хорваттың серке ұлдарының бірі Броз Тито қазақша жақсы білген дейді. «Қайдан?» дерсіз…

Ермек Жұмамұхаметұлы есімді автор Титоның қазақтар туралы естелігін келтіріпті. «Киргиз (қазақ) халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттедім. Тілін үйрендім» деген екен көсем. Бұл туралы югославиялық мемлекет қайраткері Милован Жилас «Тито – менің досым әрі жауым» атты еңбегінде: «Тито партиялық анкета толтырғанда: «Қандай шет тілдерін білесіз?» деген сұраққа: «Орыс және қазақ тілдерін білемін» деп жауап беретін», – дейді.

Сол Тито Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Орал бойына, қазақ жеріне қуғындалады. Кейін түрмеде бақылаушы болып жұмыс істейді. Ресейдегі төңкеріс кезінде ол тұтқындар арасында батальон құрады. Және сол батальонның басшылығына қазақ жігітін қояды.

Бейсен Райсов есімді қазақтың шені – сержант екен. Серіктері сол сәтте офицерлер тұрғанда сержанттың таңдаған болашақ көсемнің шешіміне қарсылық танытқан екен. Ал, Тито: «Мен қазақтың қандай халық екенін білемін. Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық. Колчактың кезінде қуғында жүрген кезімде мен үш жыл бойы қазақ арасында жасырынып жүрдім. Сол кезде бұл халықтың әрбір ер-азаматының ер болатынын, өр болатынын өз көзіммен көрдім», – деп жауап беріпті. Бейсен Райсов болса, өзінің мықты командир екенін кейін бірнеше мәрте дәлелдепті. Бұл, әрине, Балқан түбегінде қырық жыл билік құрған хорваттың қазаққа деген ерен құрметі деп білеміз.

Маржан терген

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button