Жаңалықтар

Тіршілік тінінің тамыршысы

Қазақстанда эколог ғалымдар көп емес. Әсіресе, бар ғұмырын қоршаған ортаны қорғауға сарп етіп, іргелі ғылым саласының негізін қалаушылар некен-саяқ. Суреттегі сөз етер кейіпкеріміз – «Жаһандық дүниетанымдық экология» мамандығы бойынша Халықаралық Еуразия академиясының академигі, ұлағатты ұстаз Қайыржан Бекішев болмақ

Нұраның суын жалаңаяқ кешіп, шілігінің шыбығын ат қып мінген бала Қайыржанның арманы биік еді. Өршіл өрен Көбетей ауылының саф ауасымен жетіліп, жусанын тербеткен самал желімен жарысып өсті. Бала шағынан зейінді ғылым атты тылсым әлемге іңкәр болып өсті…

Алайда, тағдыр дейтін төренің талқысына шыдаған бар, шыдамаған да бар. Небәрі бесінші сыныпта оқып жүрген шағында асқар тау әкесінен көз жазып қалды. Соңыра бозбала кезінде аяулы анасын жер қойнауына тапсырды. Ата-анасының сіңірген тәрбиесі мен өсиеті азаматты ерте есейтті. «Сонда мен ержігіттің жаспен емес, жауапкершілікпен есейетінін түсінгендей болдым» дейді ағамыз тебірене. Апасы Мақатай мен жанашыр жездесі Мұқыш қарашаңырақты шайқалтпады. Бауырына басты. Басалқы айтты. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмір атты дарияда ағамыз жасымады. Жігерлі жігіт көкейіндегі көп ойды іске асырмақ ниетпен өрге ұмтылды.

***

1960 жылы Қайыржан Бекішұлы Қарағанды мемлекеттік педагогика институтына қабылданады. Араға бес жыл салып, озат студент оқу ордасын биология мамандығы бойынша үздік тәмамдайды. Көзі ашық, көкірегі ояу жас азамат отбасын құруды ұйғарады. Мектеп қабырғасында-ақ Хауа атты жаны мөлдір қызбен жалғасқан адал достық шынайы махаббатқа ұласады. Бір-біріне құштар қос жүрек туған жердің киелі топырағында табысады…

Ол еңбек жолын төтеден емес, төменнен бастауды жөн санайды. Туған жерге қызмет қылмақ игі ниетпен Нұра ауданына қарасты Қобыкөл ауылындағы мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді. Ойының ұтқырлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті ел қошеметіне бөледі. Сөйтіп, 24 жасар білімді маманға Балықтыкөл ауылындағы мектептің директорлық міндеті жүктеледі. Білікті басшы іскерлігін танытып, білім сапасын жоғары деңгейге көтере білді. Тіпті, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасымен рухани кездесу ұйымдастырғаны да ұрпақ санасына өшпез із қалдырды. Ақылы дария ананың ақ батасын алғаны болар, келешек күндерінде көсегесін көгертті.

1969 жылы болашақ ғалым қызмет бабымен кенді өңірге ауысуына тура келеді. Өзі түлеп ұшқан ол кездегі Қарағанды мемлекеттік мұғалімдер институты ұстаздық қылуға қолқа салады. Ойлары орамды оқытушы экология саласының өрісін ғылыми айналымға түсірді. Қоршаған ортаның қордалы түйіткілдерін қазақ санасына бабалардың қанатты сөздерімен қабыстырды.

1974 жылы ол ғылым жолын Мәскеудегі А.Северцев атындағы ғылыми-зерттеу институтында жалғастырады. Төрт жыл бойы тыным көрмей, көз майын тауысып, диссертациясын жазды. Күні келіп, сағаты соққанда биология ғылымдарының кандидаты атағын сәтімен қорғап шығады.

Атпал азамат Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология-химия факультетінің деканы болған кезінде де «өзім білемге» салмай, жан баласына қылдай қиянат қылмады. Өзінің «сабақ мазмұнды өтіп, студент тәлімді болып шығуы керек» деген өмірлік ұстанымынан айнымады.

Қайыржан Бекішев Қарағанды өңірінің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. 1994-1998 жылдар аралығында партия ұйымының хатшылығы мен аталған оқу ошағының тәрбие ісі жөніндегі проректорлық жұмысын бөле-жармай қатар алып жүрді. Түптеп келгенде, екі тізгін бір шылбырды тең ұстады.

Ғалым экологиялық ахуалдың алдын алуға байланысты байламдарын бұқпасыз, боямасыз қаймықпай білдіреді. Мәселен, Нұра өзенінің табанында мыңдаған тонна сынап қалдықтарының шөгіп жатқандығы сынды кемшіліктерді кесіп айтты. Ағын суға Қарағанды және Теміртаудан құйылатын өнеркәсіп сарқындыларын кешенді түрде тазарту қажеттілігін ашынып алға тартты. Болмысы бөлек, талғамы ерек азамат – 120-дан астам ғылыми еңбектердің авторы. Халықаралық деңгейде шолу жасады. Ілім жолында ізгілікті іздеді. Осы күні сексен деген белестің сеңгіріне шықса да, бойындағы күш-қайрат сарқылмады. Биология және география факультетінде өткізілетін жиындар мен жиналыстардың Қайрекең бірде біреуін құр жібермейді. Күн тәртібіндегі күрмеулі сұрақтарды ұжыммен келісіп, кеңесіп шешім шығаруға да атсалысады. Журналистік зерттеу жүргізген тұлғаның таудай талабын заманында Төлеухан Әубәкіров ұштаған еді. Білімінің шамшырағын жақты. Ұстаздық ұлы мұратына ұстын болды. Нәтижесінде университет ішіндегі аудитория Төлеухан Әубәкіров есімін еншіледі.

Ел қадірлісі Қайыржан Бекішұлы қайда жүрсе де, не қылса да, қазақ деген қаракөз халықтың мүддесін ойлады. Жас әріптестеріне бағыт көрсетіп, көрген-түйгендерімен бөлісе жүреді. Үлкендіктің үлгісін танытып, көркем мәмілеге шақырады. Қазақ зиялысы ғылым саласына соны леп әкелді.

Сан мәрте сараптамалар жасағанда табандылықты ту етті. Кез келгеннің батылы барып, жүрегі дауаламайтын жанкештілігін анық байқатты. Ғарышкерлер даярлаудағы ілкімді ізденістері Халықаралық аренада мойындалды. Және бұл салада да алғашқылардың бірі болды. Осы сынды еселі еңбектері үшін ғалымға 2002 жылы профессор атағы берілді. Академиктің әрбір дәрісін студент қауымы ұйып тыңдайды. Тіршілік һақында тебірене оқитын дәрістерін, қиядан шалып сөйлейтін лекцияларына магистранттар да қатысуға құлшынып тұрады. Бүгінде Қайыржан Бекішұлы жас буынның ғылыми жобаларына жетекшілік етуде.

Қайыржан аға мен Хауа апа алтын асықтай үш ұл мен ай маңдайлы бір қызды мәпелеп өсірді. Бауырларынан өрбіген балаларының барлығы да – заңгер, экономист сынды мәртебелі маман иелері.

Саналы ғұмырында ғылымнан айнымаған, парықсыз пайдаға қызықпаған азамат өнерден де құралақан емес. Қазақтың қазмойын қара домбырасын күмбірлетіп шебер шертеді. Есті әндердің мақамын әдемі келтіреді. Керек десеңіз, күй де төгілтеді.

Халқы төбесіне көтерген академик елінің қадір-қасиетіне бөленуде. Оған өнегелі өмір жолы дәлел. 2013 жылы «Нұра ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және халықаралық ядроға қарсы «Семей-Невада қозғалысының 20 жылдығы» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері. Экология мамандығына арналған «Қоршаған орта және биоәртүрлілікті сақтау», «Биологиялық және шикізат ресурстарын тиімді пайдаланудың жаңа технологиялары» атты міндетті компонент пәндерін дайындады. Профессор Қ.Бекішев білім саласындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы білім саласының Құрметті қызметкері. ҚР Жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі. 2013 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Тағдыры таңданыс туғызарлық осы бір аяулы азаматтың өмірлік жолының бір парасы бұл. Иә, ата-ана өзінің баласын сүйеді, ұстаз өзгенің баласын сүйеді. Ғұмыры ғибратқа толы ғазиз жанның берер өнегесі сарқылмағай деген тілек қосады шәкірттері.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button