Бас тақырып

Тірі тауар: ХХІ ғасырда да адам саудасы бар

Заңмен тыйым салынғанымен, елімізде адам саудасы, атап айтқанда құл иеленуші де, құл да бар екенін көрсетеді ресми деректер. Мәселен, өткен жылдың 9 айындағы мәліметтерге сүйенсек, адам саудасына қатысты 79 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Бірақ, цифрлар солай дегенімен, жағдай одан да сорақы екенін айтқан болатын сол кезде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Көрсетілген фактілер айсбергтің көзге көрінетін беті ғана екенін мәлімдеген ол елімізде проблеманың өзімен ғана күресіп, оның салдары тысқары қалатынын да айтты. Демек, аталған қылмыс түріне қатысты түрлі фактілер еліміздің кез келген өңірінде орын алғанымен, адам саудасының құрбаны болғандардың құзырлы органға ресми арыз жазбауы немесе салдарынан қорқып, құқық бұзушылықты жасырып қалуында үлкен гәп жатыр. Ал, оның әр жағында құқықтық сауатсыздық проблемасының құлағы қылтияды.

Бірақ, облысымызда адам саудасы тіркелмегенін көрсетеді статистика. Мұны Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қарағанды облысы бойынша өкілі Азамат Тілешев те растап отыр. Жұмысын биылғы ақпаннан бастаған уәкіл үш ай аралығында адам саудасына қатысты ешқандай азамат шағымданбағанын айтады.

– Жұмысымызды бастағанымызға көп уақыт өткен жоқ. Бірақ, жағдай үнемі қадағалауда. Бүгінгі күнге дейін шағымданып келушілер болған жоқ. Ондай жағдай орын алса, біз дереу прокуратураға хабарлаймыз, – дейді Азамат Неғматоллаұлы.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасы базасында да кейінгі үш жылда, атап айтқанда, 2021 жылдан бері адам саудасына қатысты ешқандай дерек тіркелмегені көрсетілген.

Құзырлы орған солай дегенімен, 2021 жылы жедел уәкілдер желіде өзін Александр Котов деп таныстырған, 20 жыл қатарынан құлдықта екенін айтып, көмек сұраған ресейліктің бейнеүндеуін көргеннен кейін қылмыстық іс басталған болатын. Шет ауданының Ақжал кентіндегі қыстақтардың бірінде құлдықта болған азаматтың туыстары табылып, аман-есен еліне оралды. Сол кезде «құл иеленуші» ұсталып, Қылмыстық кодекстің 126-бабы, яғни, «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған қатысты нақтылау үшін облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияровтан сұрағанымызда, Александр Котов аталған қыстақта өз еркімен болған және оны ешкім мәжбүрлеп ұстамағанын айтты. Сәйкесінше, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс те қысқартылған сол кезде. Бұл – біз білетін бір ғана факт. Бірақ, өзге облыстармен, атап айтқанда еліміздің оңтүстік өңірлерімен салыстырғанда Қарағанды облысы географиялық орналасуы адам саудасының құрбандары үшін ыңғайлы транзиттік нүкте болмауы да өзге елдерге адам саудасы фактісін азайтуы мүмкін. Бірақ, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға қарасты қыстақтарда үйсіз-күйсіз жүргендер тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылатыны жасырын емес.

Бұл – барлығы білетін, бірақ, ресми тіркелмейтін фактілер. Әрі мұндай әрекеттерде қылмыс құрамын да анықтау құзырлы органға қиындық тудырады. Яғни, құқығын білмеудің салдарынан адам өз еркімен құлдыққа барып, кейін арыз жазудан да қорқады. Бүгінде адам күшін тегін пайдалану қоғамда қалыпты құбылысқа айналған.

Заң адамды пайдалану мақсатында сатып алуға-сатуға, сондай-ақ, тегін жалдауға, тасымалдауға, беруге, алуға тыйым салады. Одан бөлек, әлем бойынша қару саудасынан кейін, табысты бизнестің көзіне айналған жезөкшелікпен айналысу үшін пайдалану да адам саудасына кіреді. Бірақ, оны да дәлелдеу керек.

Бақытжан Құдияров жыл басынан облыстық полиция департаментінде жезөкшелікке қатысты бес қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

– Биыл сауналарда, массаж салондарында жезөкшелікпен айналысқандар ұсталды. Нәтижесінде, 5 қылмыстық іс қозғалды. Оның үшеуі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, қалған екеуінде қылмыс үстінде ұсталғандар өз кінәларын мойындап, атап айтқанда өз еріктерімен аталған қызмет түрін ұсынуларына байланысты қылмыстық істер тоқтатылды, – дейді Бақытжан Садықұлы.

Қазақстан да әлемнің өзге елдері тәрізді адам саудасымен күресті басты бағдар етіп алды. Бірақ, соған қарамастан, адамды саудалау, ұрлау, еркінен тыс мәжбүрлеу фактілері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында мәлімдеді. «Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет» деген Мемлекет басшысы мұндай заң адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғау мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететінін де айтты. Президент заңды әзірлеу үшін отандық заңгерлер, сарапшылардан бөлек, халықаралық ұйымдардың өкілдерін де тартуды тапсырды.

Жалпы, адам саудасына қатысты заң туралы айтылып жүргені бүгін ғана емес. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы талқыланып жатқанын айтқан болатын. Жұмыс тобы заң жобасында қолданылатын негізгі ұғымдарды талқылап, заң жобасының қолданылу аясын, қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін анықтады. Аталған заң жобасы парламентке 2023 жылы ұсынылуы керек те болған.

Мемлекет әр азаматының қауіпсіздігі үшін жауапты. Қазақстан да адам саудасымен күресетін бірнеше халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қойған. Енді, Президент пәрменімен адам саудасына қатысты заң күшіне енсе, бұл мәселе де облысымызда тіркелмегенімен, бір жолға қойылады деген үміттеміз.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button