Тіліміз – байлығымыз
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы таяу жылдар міндеттері деп аталатын бөлімінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек деген болатын. Латын әліпбиіне көшудің қажеттігін қазақстандықтар терең түсініп, байыппен қарап, мұқият дайындалып келді деуге болады.
Үстіміздегі жылдың 27 қазаны күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы қаулы бойынша ендігі уақытта:
- Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді;
- Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болды;
- Қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі басталды деп мәлімдеме жасалды.
Шынында, қазақ тілінің латын қарпіне көшу қажеттілігі аталған Жарлықтың халық арасында қазақ тілінің беделін арттырады және Қазақстанның әлемдегі беделін жоғарылатады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, латын қарпіне көшу орыс тілінен мүлдем бас тарту дегенді білдірмейді. Ол – анық.
Ендігі уақытта, қазақ тілі түркі тілдерінің арасында өзінің лайықты орнын алатын болады. Біздің елдегі мемлекеттік саясат үш тілге негізделген, яғни, қазақ орыс және ағылшын. Ал, латын графикасына көшу ағылшын және басқа да еуропалық тілдерді оңай меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, латын қарпі Қазақстанның бүкіл әлемдегі қазақ диаспорасымен рухани, мәдени байланысын нығайта түспек. Латын графикасына көшу туралы қаулы – дер шағында қабылданған, әбден пісіп жетілген шешім.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов құрастырған «төте – жазудан» бастап қазіргі ғалымдарға дейін осы латын әліпбиін қазақ қоғамына пайдалы және ыңғайлы екенін дәлелдеді. Кириллица жазуын бүгінде әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал, қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Біз, енді, сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз керек. Әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады екен. Демек, біз сол бауырларымызбен сөз жоқ ендігі уақытта үнемі байланыста боламыз.
Бүгінде біздің міндетіміз – көпшілікке нақты дәлелдер арқылы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын, қажеттілігін жеткізу және қоғамға, студенттер мен оқушыларға таныстыру мақсатында әрі қарай жұмыстар жүргізе беру болып табылады. Елбасымыздың жарлығынан кейін латын әліпбиін үйрену, тіпті, жиі талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшуде қандай жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде қоғамда рухани серпіліс жасалып, сарапшылар, ғалымдар, арнайы мамандар арасында сан түрлі ойлар айтылып, пікірлер алмасуда.
Біздің ойымызша, латын әліпбиіне өту мәдени, әрі әлеуметтік өмірімізде айрықша рөл атқаратын болары сөзсіз. Ең бастысы латын графикасына көшудің бізге берер тиімді тұсы, қазір қолданып жүрген технологияларды озық меңгере, елді прогреске жетелеу.
Ғылымда барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін білеміз. Нақты мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне ауысуы туралы бүгінгі көзқарасты саралай келе, соңғы он жылдан астам уақыт бойы осы мәселе төңірегінде талмай еңбек етіп келген А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының зерттеу нәтижелерін зор бағалаймыз. Тілдің тағдырын тек тілшілер емес, қоғамның әр саласында еңбек етіп, пайымды пікірлерін ортаға салып жүрген тіл жанашырлары – мамандар да айтуда. Нәтижесінде, елбасының тапсырмасы негізінде, қазір жобаланған әліпбиімізді санамыздың сүзгісінен өтті. Оны біздер қолдаймыз. Қазақ тілі өміршең болса, халқымыздың ұлттық санасы мен құндылықтары бұдан бетер бағаланады, қоғамдық өмірімізде мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі жоғарылайды, ана тіліміз ғылым мен технологияның тілі ретінде қолданыла бастайды. Мұның барлығы қазақ жазуының, алдымен, қазақтың ұлттық қасиеттерін нығайтуға, екіншіден, қазақ халқының әлемдік ықпалдастықта бірегей ұлыс ретінде өз орнын ойып тұрып алуына кепіл болады.
Қанат Өскембаев,
археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к., доцент.