Жаңалықтар

«Тілім барда айтылар сөз ойдағы…»

Сот саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы төмен. Оның несін жасырайық? Сот орындаушыларын былай қойғанда жүгінетіндердің көбі орыс тілінде байланыс жасағанды жөн көреді. Әрі түрлі сот терминдерінің қазақша баламасының жоқтығы және бар. Осы мәселені қолға алған облыстық сот облыстық тілдерді дамыту орталығының мамандарымен бірге сот саласының қызметкерлеріне арналған «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешенін жарыққа шығарды. Оқулықтың тұсаукесер рәсіміне облыстық сот төрағасы Нұрсерік ШӘРІПОВ, облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА қатысты.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба, Абай атындағы Алаш сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнехан Күзекова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шара Мәжитаева, Қарағанды облысы бойынша қазақ тілі қоғамының төрағасы Елеужан Елемесұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов және онлайн желіде Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин қатысып, ізгі ниеттерін білдірді.

Қазіргі таңда сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы төмен екенін және тілді жетік білетін судьялардың қатары сирек екенін мойындау қажет. Біз екі жыл қатарынан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесіп, судьялар мен сот қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастырудамыз. Бұған дейін оқыту курстары кәсіби салаға бағытталмаған. Себебі, аталмыш сала бойынша мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқулықтар жоқ. Сондықтан, сот саласының қызметшілеріне арналған осы оқу
құралын
әзірлеуді жөн көрдік. Бұл кітапты жарыққа шығару үшін бір жарым жыл уақыт кетті. Әрі оны үш деңгейге бөлдік. Қазіргі уақытта 8 топ осы оқу құралынан әдіс алып жатыр. Сонымен қатар, әр облысқа жіберілуде, – деді Нұрсерік Кәрімұлы.

Оқу құралы – А1, А2, В1 деңгейден тұрады. А1 кітабы қарапайым деңгейге арналады. Аталмыш әдістеме биыл мамыр айында жарыққа шыққан. Мемлекеттік тілді толық меңгермеген сот қызметкерлерінің жазу, сөйлеу қабілетін қалыптастыруға арналған. Екіншісі – базалық деңгейдегі А2 кітабы. Бұл кітаптың тұсаукесері қыркүйек айында өткен-тін. Бұл кешен сала мамандарының оқулықты тыңдап, оқып, іс қағаз түрлерін жазып дағдылануға бағытталған. Бүгінгі таңда қос кітап қолданыста. Оқулықтарды негізгі құрал ретінде пайдаланып, сала мамандарымен де түрлі курстар өткізілуде. Осы жолы жарыққа шыққан В1 кітабы орта деңгейге арналған. Сонымен қатар, толыққанды 3 деңгейлі оқу-әдістемелік құралы қолданыста. Оқулыққа заманауи озық әдістемеге сай «QR» аудио қосымшасы енгізілген. Мұқабасынан бастап, ішіндегінің бәрі графикалық дизайнмен жасалған. Әрі арнайы фотосуреттерді де пайдаланыпты. Сала мамандары үшін күнделікті қолданыстағы сөз орамдары мен іс қағаз стилін меңгеруге, тестілеу әдісімен емтихан тапсыруға дайындайтын таптырмас құрал.

Тәуелсіздік тойы қарсаңында осындай үлкен шаруаны атқарып жатқандарыңыз қуантып отыр. Осының өзі бабалар арманын орындап, Тәуелсіздікті мәңгілік ету мақсатында жасалған жұмыстардың бірі деп білемін. Бұған дейін кәсіби салаға бағыттап оқыту – орта деңгейден басталатын. Оқулықтың бәрі де орта деңгейден бастап жазылды. Ал, сіздер кәсіби салаға бағыттап оқуды жүйелеп, бастауыш деңгейден орта деңгейге алып шықтыңыздар. Бүгінгі таңда кәсіби салаға бағыттап оқыту кенжелеп қалған жасырын емес. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстарды көріп, қуанып отырмын, – деді Әділбек Күнесханұлы.

Пікірлесуге арналған лексикалық тақырыптар, шағын мәтіндер мен сұхбат түрінде толтыруға арналған кестелері, сот саласындағы терминдер мен іс қағаз түрлері жүйелі берілген. Әр тақырыптан кейін өзін-өзі бағалау тесті «QR» арқылы ұсынылған. Шешім, қаулы, ұйғарым, жағдаяттық тапсырмалар мен «QR» арқылы бейнесабақтары және бар. Лексика, грамматикалық құрылымына қатысты түрлі материалдар, тест жұмыстары да топтастырылыпты.

Тіл мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Мереке қарсаңында сот жүйесі қызметкерлерінің қазақ тілін оқытуға арналған оқу құралының жарық көруі бәріміз үшін үлкен қуаныш. Еліміз егемендік алғалы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясы кеңейіп келеді. Халық тарапынан да сұраныс артуда. Бұны біз күнделікті өмір барысында, қызмет аясында байқап жүрміз. Сот саласы қызметкерлерінің тіл білуі тек міндет емес, қазіргі заман талабы. Тікелей халықпен жұмыс жасайтын сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бүгінгі таңдағы басты мәселе. Себебі, тұрғындар тарапынан мемлекеттік тілдің қолданысына, оның ішінде сот жүйесінде қолданылуына күн өткен сайын сұраныс артып келеді. Осы тұста мемлекеттік тілге жанашырлық танытып, сот саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар үшін алғыс білдіремін. Аталмыш құрал жалғыз бізде ғана емес, басқа да өңірдегі сала мамандарына тіл үйренуде үлкен көмекші құрал болады деп сеніммен айта аламыз – деді Абзал Нүкенұлы.

Нұрсерік Кәрімұлы жиын соңында:

Аталмыш оқу-әдістемелік кешеннің әрқайсысы 200 данадан шықты. Әрі қарай бұл шаруа Министрліктің жоспарына кірсе екен. Заңгерлер қауымдастығы – өте үлкен. Тек қана сот саласы емес, адвокат, сотқа қатысатын өкілдер, орындаушылар бар. Бәрінің қолына осы кешен түссе – үлкен жұмыс болар еді. Олардың кәсіби саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейе түсер ме еді? Жарыққа шыққан оқу әдістемелік кешенді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде қабыл алыңыздар! – деді.

                      Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button