“Тілім барда айтылар сөз ойдағы…”
Бүгінгі таңда елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Барлығы да туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысып келеді. Әрине, бұл бүгінгі күннің жетістігі. Өткен аптада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫННЫҢ қатысуымен «Ұлы даланың – ұлтаралық тілі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясы ZOOM платформасында өтті.
Елбасының тапсырмасымен Қарағанды қаласының Достық үйінде республикада алғашқы болып, «Мәміле» тіл сұхбат клубы ашылған еді. Бірнеше жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Мың бала» жобасы – мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын, әр түрлі этникалық топтардың жастарын қазақ тіліне оқыту барысында азаматтық ұстанымында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытуға атсалысып келеді. Ал, аталған конференцияда да аймақтағы мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелер қозғалды. Облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері, тарихшы-өлкетанушы Темірғали Аршабеков өз кезегінде аймақтағы жер-су атауларының тарихына тоқталып, оның мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге әсері мол екенін баса айтты.
– Қарағанды облысының топонимдері де республикамыздың басқа өңірінің топонимдері сияқты белгілі бір мерзім, кезеңнің ғана емес, сан мыңдаған жылдардың, тұтас бір дәуірдің жемісі. Сондықтан да, олар қоғам өмірі, халық тіршілігімен тығыз байланысты. Тарихи атауларды қайтаруда ғылыми негіздемелерді басшылыққа ала отырып жүргізу мақсатында облыстағы тарихшы ғалымдармен бірлесе отырып, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен 2011-2018 жылдар аралығында барлық аудандардың топономикасына арналған кітаптар жарық көрді. Бұл еңбектерде ХХ ғасыр басында төл атаулар мен кірме атаулар арасындағы айырмашылықтар айқындалып көрсетілді. Тәуелсіздік – бұл киелі ұғым. Әр жердің нақты тарихи атауы болғандығы белгілі. Кеңестік немесе басқа келімсек атаулардың орнына тарихи атаудың берілетін уақыты жетті. Бұл іске әр азаматтың үлесін қосуы парызы деп санаймын, – деді Темірғали Тілеубекұлы.
Қазақстан Республикасы білім беру саласының Құрметті қызметкері, ақын Ғазиз Ештанаев та «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту» тақырыбында баяндамасын ұсынды.
– Мемлекеттік тіл ахуалын к қазақтілді орта басымдылыққа ие болса, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі мен оны тез арада үйреніп алуға деген ынтасы артар еді. Қазақ тілін біршама меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері мен этностар халқымыздың рухани құндылықтары мен тарихына да зор сыйластықпен қарайтыны сөзсіз. Түптеп келгенде бұл Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерін етене жақындастырып, өзара сыйластықта өмір сүру дағдысына алып келетіні белгілі. «Тіл – татулық пен бірліктің тұғыры» дейтініміз содан. Өзге тілдерді кемсітпейтін, керісінше, құрметтейтін қазақ тілді ортаны қалыптастыру, оның басымдылығын (дұрыс мағынадағы) қалыптастыру ауадай қажет. Ол үшін алдымен орыс тілді қазақтармен жұмыс жүргізудің кешенді бағдарламасы жасалып, тетіктерін іске қосу керек. Осы тұста қатқыл талап пен заң қуаттайтын тәртіп қажеттігі белгілі, – деді Ғазиз Елеусізбайұлы.
Жиын соңында көпшіліктің талқысымен бірнеше ұсыныс бекітілді. Әуелі, белгілі бір этнос өкілдерін топтап-топтап облыстағы тілдерді оқыту орталығы тарапынан оқытады. Бұдан бөлек, «Мәміле» клубының жұмысын жандандыру әрі этнос өкілдерінің оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында теледидар арқылы насихатталмақ. Сондай-ақ, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты түркі тектес этнос өкілдерін бірге топтап оқыту тәжірибесін енгізуді қолға аламыз деген тоқтамға келді.
Ербол ЕРБОЛАТ.