Тілді дамыту – табысты даму кепілі
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшетінімізді, және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы керектігін айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті.
Латын әліпбиіне көшу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл бастаманы қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі болып саналады. Осы латын әліпбиіне қатысты қазіргі таңда көптеген қоғамдық талқылаулар, конференциялар, жиналыстар, іс-шаралар өткізілуде.
М.Әуезов атындағы №1 жасөспірімдер филиалы 5454 әскери бөліміне арнайы барып «Мемлекеттік тілді дамыту – табысты даму кепілі» атты жеке пікір сағатын өткізген болатын. Іс-шарамыздың мақсаты – латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат беру. Өткізілген іс-шараға 5451 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік – құқық жұмыстары бөлімшесі бастығының «мемлекеттік тілді енгізу» жөніндегі аға көмекшісі капитан Жанар Ибрагимова және 45 сарбаз қатысты. Шара барысында кітапханашы (осы жолдардың авторы) латын әліпбиінің тарихына тоқталып өтіп, оның маңыздылығына тоқталды. «Латын: белгілерінің тарихи тағдыры» атты видео сюжет сарбаздар назарына ұсынылды. Сарбаздар латын әліпбиі жайлы өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Барлық қатысушыларға латын әліпбиінің нұсқасы таратылды. Іс-шара соңында кітап көрмесіне шолу жасалды.
Махаббат САМЕНОВА,
М.Әуезов атындағы №1 жасөспірімдер филиалының кітапханашысы.