Тілбұзарлық қашанғы жалғасады?
Сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласында тіл мәдениетіне қатысты дабыл қаққан еді. Арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де, көтерілген мәселе әлі өзектілігін жойған жоқ. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясы артып келе жатыр десек те, «әттеген-ай» дейтін сәттер аз емес.
Бүгінде ауызекі тілде де, жазба тілде де тілдік нормаға қайшы келетін қолданыстар көбейіп кетті. Қазақы сөйлеу дағдысына, қазақы сөзсаптамға сәйкес келмейтін жаттанды тіркестер, тілдік оралымдар мен сөйлемдерді үнемі естіп, түрлі құжаттардан көзіміз шалып қалады.
Тілдік норманың сақталмауының себебі сан алуан. «Әйтеуір қазақша сөйлесем я болмаса, жазсам болды емес пе?» дейтіндердің қаперінде жүрсін деген мақсатта оны көрсете кеткенді жөн көрдік. Мәселен, сөздік қордың жетіспеуі (кітап оқымау); штамп, жаттанды сөздерді қолдану; қыстырма сөздерді орынсыз қолдану; әдеби тілге жатпайтын сөздерді себепсіз қолдану; құрмалас сөйлемдерді тым шұбалаңқы құру; тілді аударма тілге, онда да калькаға айналдыру; тілдегі көріктеу құралдарын дұрыс пайдаланбау, т.б.
Осы аталғандардың қай-қайсы болмасын тіл мәдениетіне кері әсерін тигізетін факторлар. Ал, Мүсіреповше айтқанда, тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек. Тілге салақтық, немқұрайдылық жүрмейді.
Тілдік норма жазуда ғана емес, сөз қолдануда да, сөздің айтылуында да, грамматикалық норманы пайдаланып, сөйлем құрауда, тілдің өн бойында болуға тиіс. Қайсыбірі назардан тыс қалса, норма бұзылды дей беріңіз. Оған мысал жетіп артылады. Жиі жіберілетін қате қолданыстарға шолу жасап көрелік. Қазақша жап-жақсы сөйлейді дегендердің өзі қажеттілік мағынасын беретін «керек» сөзін айту керекпіз, білу керекпін деген түрде жіктік жалғауын қосып қолданатын болып жүр. Жалпы, керек сөзі сөйлемді аяқтағанда айтуымыз керек, білуім керек түрінде ешқандай жалғаусыз қолданылатынын естен шығармаған жөн. Сондай-ақ, ресми құжаттарда, ауызша ақпарат бергенде ағымдағы жылы, үстіміздегі жылы тіркестерінің қолданылу жиілігі артқаны сонша, оның дұрыс-бұрысын бағамдай алмай қалдық. Десе де, бұл – қате. Оның қазақ тіліндегі осы жылы, осы жылғы, биыл деген дұрыс нұсқасы қолданыстан шығып қалған тәрізді.
Ал, туылды сөзінің қате қолданылып жүргені белгілі ғалымдар, қаламгерлер, тіл жанашырлары тарапынан бірнеше мәрте дәлелденсе де, әлі дау туғызатындар да, «туды» деген нұсқасына мұрнын шүйіріп қарайтындар да аз емес. Жазушы Мұхтар Мағауин «Туылған мен өлінген» атты мақаласына былай деген екен: «Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз». Оның сөлекет қолданыс екенін жан-жақты дәлелдей келіп, Абайға (Туғанда дүние есігін ашады өлең), Шәкәрімге (Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…) жүгінеді. Екі ақынның да «туылды» деп емес, туған түрінде дұрыс қолданғанын тілге тиек етеді.
Қазіргі кезде әлдебір оқиғаның бояуын қалыңдатқысы келген жазарман не сөйлеуші «желіні жарды» деген тіркесті сәнге айналдырған. Аталған тіркес әдеби тіл нормасымен мүлдем қабыспайды, сондықтан желіні дүрліктірді деп нормаға сай қолданған жөн. Мағына жағынан алғанда айтушы «желіні жарды» деу арқылы жұртты дүрліктірген оқиға туралы айтқысы келгені көрініп тұрады. Олай болса, дұрыс нұсқасы бар екенін естен шығармайық.
БАҚ өкілдері мал ұрлығы туралы айтқан кезде «барымталап кетті» дейді. Барымтаның астарында әлеуметтік теңсіздік жатқанын, барымталау үшін нақты бір себеп керек екенін, нағыз барымташының күшін асырып қана малды айдап әкететінін тарихи шығармалардан, көркем әдебиеттен молынан кездестіруге болады. Жылқыны айдап кеткендер барымташылар емес, кәдімгі ұрылар болғандықтан, мал ұрлады, жылқы ұрлады деп сөйлеу әдебіне сай дұрыс қолданылса дейміз.
Тағы бір мән беретін мәселе, сөйлеу тілінде немесе жазылымда бұрыс қолданылып жүрген сөздер мен сөз тіркестері өте көп. Олардың басым көпшілігін орыс тілінен тікелей аударылған калькалар құрайды. Калька – тіл мәдениетіне көлеңкесін түсіретін жағымсыз құбылыстың бірі. Соңғы кезде ресми қолданыстағы қазақ тілі кальканың тіліне айналып бара жатқаны – ащы шындық.
Тілдердің грамматикалық, стилистикалық ерекшелігі бар екенін ескеріп келгенде белгілі бір мағынаны не ұғымның атауын беру үшін калькаға байланып қалуға болмайды. Алысқа ұзамай-ақ «домбырада ойнайды», «гитарада ойнайды» қолданыстарын алайық. Екеуі де орыс тілінен тікелей аударылған калькалар. Музыкалық аспапта ойнамайды, тартады. Сөз білетін қазақ дұрысында домбыра тартады деп қолданар еді.
Тоқ етерін айтқанда, қазақша сөйлесе немесе жазса болды деген жалпақшешейліктен арылмасақ, талапты қатаң қоймасақ, тілбұзарлық жалғаса бермек. Оның алдын алу үшін не істеу керек? Көтерілген мәселеге байланысты ізденген адамға көмек беретін әдебиеттер мен арналар да бар екенін ескерте кетейік. Осы олқылықтың алдын алмаққа тіл жанашыры Назгүл Қожабек «Калькасыз қазақ тілі» телеграмм арнасын ашып қойды. Бірнеше автор бірігіп «Сөзтүзер» атты қате қолданыстар сөздігін әзірлеп, көпшілікке ұсынды. Тілге жанашырлықпен қарайтындар ізденеді, қатесін түзеуге тырысады деген ойдамыз. Тілге келгенде немқұрайдылық жүрмейді. Айтқанымызға, жазғанымызға талғаммен қарайық, ағайын!
Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі