АймақҚарағанды

Тіл тағдыры – баршаға ортақ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған Қазақстан халқының тілдері күні Достық үйінде «Тіл – рухани қазына» атты дөңгелек үстел өтті. Оған аймақтағы тіл жанашырлары, мұғалімдер мен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бастаған өңір басшылығының өкілдері қатысты. Жиында мемлекеттік тіл төңірегінде келелі мәселелер көтеріліп, атқарылған шаралар қорытындыланды, атқарылар шаралардың жоспары таныстырылды. Шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Дөңгелек үстел басталмас бұрын «Тіл үйретуде цифрлы технологиялардың мүмкіндігі» атты шағын көрме жиын қатысушыларының назарына ұсынылды. Мамандар қонақтарға тіл үйретуде қолданысқа енген тың әдістер хақында айтып берді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма оқулықтардың электрондық нұсқаларын көбейтіп жатыр екен. Бұл – заман талабы дейді жауаптылар.

Дөңгелек үстелде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей модератор болды. Ол еліміздегі тіл мәселесі мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқанын айрықша атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, тілдерді дамытуға қамқорлық біздің елімізде мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның қабылдануы мемлекеттік тілді дамыту және қолдау үшін де, еліміздің халқы сөйлейтін басқа да тілдерді үйренуге жағдай жасау үшін де маңызды болды. Бұл шара да тегін өтіп отырған жоқ. Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін! – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Өткен жылы елдегі тілдік жағдайды жақсартуға және жергілікті деңгейде өзекті мәселелерді шешуге бағытталған елдегі тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғанын атап өткен жөн.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Салтанат Әбеуованың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 90%-ды құраған. Биыл көрсеткішті 91,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр екен. Ал, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 68%-ға дейін жеткізілмек. Бүгінгі таңда аймағымызда оқыту курстары жоғары сұранысқа ие дейді мамандар. Мәселен, алты оқу орталығында сегіз курс ашылған. Онда төрт мыңға жуық тыңдаушы мемлекеттік тілде оқиды. Екі мың адам ағылшынша, елуі орысша, тағы бір елуі түрік тілін үйренуде. Жылдан-жылға мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндердің саны артып келе жатқаны қуантады дейді басқарма өкілдері. Мысалы, бүгінгі таңда қазақ тілі курстарында екі мыңға жуық адам білім алып жүр екен.

– Қызмет көрсету сапасын жақсарту және өңір тұрғындары арасында қызмет көрсетудің түрлі салаларында мемлекеттік тілді қолдану дағдысын қалыптастыру үшін биыл Қарағандыда оқыту ірі сауда үйлерінде өтіп жатыр. Оқу орталығының базасында, сондай-ақ, жұмыс берушілердің, немесе, қызметкерлердің сұранысы бойынша әртүрлі мекемелерде жүзеге асырылады. Дәл осындай жұмыстар Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран, Приозерск қалаларында және Абай, Осакаров аудандарында ұйымдастырылған, – деді Салтанат Әбеуова.

Дөңгелек үстел соңында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше үлес қосқан 14 маман салтанатты түрде марапатталды. Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, өңір басшысы және облыстың тілдерді дамыту басқармасы бастамашы болды.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button