Тіл төңірегінде мәселе көп
Тіл төңірегінде әлі де шешілмеген мәселе көп. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету мен кәсіпкерлікте сын-пікірге негіз болуда. Осы орайда тіл жанашырларынан құралған қоғам белсенділері тіл саясатына қатысты мәселелерді талқылады. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру талқыға түсті.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын аймақтағы тіл мәселесіне кеңінен тоқталды. Қоғам белсенділерінің қолдауымен Айтбай Жұмағұл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы болып тағайындалды.
Қоғам белсенділерінің қазақ тіліне жанашырлығы көңіл қуантады. Десек те, тіл мәселесін негізге алып, әлеуметтік желіде әртүрлі кикілжіңге, әлеуметтік шиеленіске жол ашып беруге жол жоқ. Қоғам белсенділерінің пікірінше, тұтынушы азаматтар мен оларға қызмет көрсетуші тараптың екіжақты мәдениетті диалогын қалыптастыру – басты мақсат.
Биыл «Тіл саясатын іске асырудың заңнамалық 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданғаны белгілі. Тұжырымдама елдегі тілдік ахуалды жақсартып, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді деген болжам бар.
– Тұжырымдамаға сәйкес облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңірлерге жолданды. Сонымен қатар, қоғам белсенділерімен бірлесіп, бірқатар тың бастамалар мен жаңа жобалар қолға алынды. Мәселен, ел көп назар аударатын сала – ономастика бағытында біршама жұмыстар жүргізілді.
«Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасына сәйкес облыста 97 құрамдас бөліктің, 8 елді мекеннің (Осакаров – 7, Бұқар жырау – 1) атауы өзгертілді. Сонымен қатар, 18 білім беру мекемесінің атауын ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда қала мен аудан әкімдіктерінің ұсынысымен 245 құрамдас бөлік пен 17 елді мекеннің атауын өзгерту жоспарда.
– Бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Мысалы, кейінгі жылдары Қарағанды, Теміртау қаласындағы көше атауын өзгерту жұмыстары бәсеңдеп қалды. Саран мен Шахтинск қаласында қайта атау жұмыстары енді басталуда. Жалпы, қоғам тарапынан әр саладағы азаматтардың мемлекеттік тілді білмеу фактілері жиі сынға алынады. Бәрі негізсіз емес. Жеке кәсіпкерлерді айтпағанда, мемлекеттік мекемелер әлі толық мемлекеттік тілге көше алмай отыр, оны мойындауымыз керек. Әсіресе, қаржы, техника салаларында қазақ тілі ақсап тұр. Оған мониторинг жұмыстары және қоғам белсенділерінің сын-пікірі көзді жеткізе түседі, – дейді Салтанат Әбеуова.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, облыстағы 2016-2019 жылдар аралығында шығарылған «Сарыарқа – 2» оқу-әдістеме кешенінің мазмұны ескірді. Сондықтан, заман талабына сәйкес «Сарыарқа – 3» 5 деңгейлік оқу-әдістемелік кешені мен оның арнайы сайтын кезең-кезеңмен даярлау қажет.
Басқарма тапсырысы бойынша жыл басынан бері «Абзал», «ЦУМ» сауда үйлері мен жастар коворкинг орталықтарында, сонымен қатар, тіл оқыту орталығында сауда орындарының қызметкерлері және жеке тұлғалар оқытылуда. Осындай жұмыс Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран, Приозерск қалаларында және Абай, Осакаров аудандарында жүргізіліп отыр. Тіл туралы айтылғанда, ең бірінші көтерілетін мәселе – көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл жағдайы. Кейінгі уақытта тек көшедегі емес, кәсіпкерлік нысан ішіндегі көрнекі ақпараттар да назарға жиі ілігуде.
Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz