Тіл үшін күрес – ең ұлы күрес
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы…» Тірлік үшін күрес үздіксіз жүреді. Саналы ұлт сол жолда жанын пида етеді. Ана тілі үшін күрестің қандай болатынын басқасы басқа, қазақ жақсы біледі. Қайран бабалар, шоқ пен оқтың бәрінен аманатқа қиянат жасамай аман өтті. Аманатты егемен ұрпаққа табыстады. Жас буынға да оңай соғып тұрған жоқ. Жат тілдің сіңіп кеткенін айтпағанда, күрт үдеген әлемдік ақпарат ағынының өзі әуреге салып тұр. Экрандар мен смартфондарда жарқ-жұрқ етеді. Сақ-сақ күліп, жас өреннің көзін алай-дүлей жаһанға арбайды. Даурыққан жарнама заманы. Мұның бәрі әлбетте ана тілге деген махаббат пен құрметке әсер етпей қоймайды.
Орта ғасырларда және соған дейінгі замандарда қан-қасап қырғыннан жоғалған ұлттар жетерлік. Кейінгіде жер шарының жұрты сәл де болсын, гуманистке айналып, тұтас ұлтқа ашық түрде геноцид жасаудан біршама алшақтады. Бірақ, геноцид басқаша сипат алды. Небір құйтырқы айла тауып, тілдерге соғыс ашуда. Сол соғыста жеңіліс тапқан жұрттар бар. Ал, тіл дегеніңіз – ұлттың өзі емес пе?! Жер шарының тең жартысын өз тілінде сайратқан державалар сайран салуда. Біздіңше, бұл – өте күрделі күрес. Жаһандану дәуіріндегі Қазақстан ана тілін өз тұғырынан түсірмеу үшін аянбауда. Заманның дегенімен қазақ жерінен мекен тапқан халықтар да осы күнде өз ана тілінде емін-еркін сөйлеп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақ осы қамқорлығымен һәм кеңдігімен әлемге сүйкімді болып отыр. Ләйім солай болғай! Тіл үшін күрес қалай жүреді? Соның жарқын үлгісін Арқа жұрты көрсетіп отыр десек, артық айтқанымыз емес. Өңірімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында берері көп ауқымды жобалар, шаруалар атқарылып жатыр.
Көресіні қала көшелеріндегі жарнамалардың сауатсыз мәтінінен көріп келеміз. Оқып тұрып ішіңде қыжыл пайда болатыны жасырын емес. Калька түгілі орфографиялық қателерді қойша өргізетін болыпты кәсіпкерлер. Мұның бәрі мемлекеттік тілдің мәртебесіне тікелей нұқсан келтіретіні сөзсіз. Осы мәселеге облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма назар аударып, 2020 жылдан бастап «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» деп аталатын ауқымды акцияны қолға алды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Бибігүл Дауылбаева акцияның мақсаты мен міндеті хақында айтты. Жобаға нақты осы мекеме жауапты екен.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сондай-ақ оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында көше бойында, сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда орналастырылған көрнекі ақпараттар пен жарнамаларға ерекше мән беріп келеміз. Көрнекі ақпараттардың адам санасына әсер ететінін ескерсек, оның тілі де, сауаттылығы да заңнама талаптарына сай рәсімделуі де маңызды екенін түсінуге болады. 6 наурызда жұмыс тобы мүшелерінің, ерікті жастардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шара барысында заңнама талаптары түсіндіріліп, жұмыс алгоритмі бекітілді. Жоба аясында жұмыс тобының жетекшілері мен 20 еріктілер 5 бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Әлеуметтік жобаның мақсаты – Қарағанды қаласында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарының тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ осы заңнама нормаларын түсіндіру, тегін аударма бойынша әдістемелік көмек көрсету, қаланың тілдік келбетін біріздендіру, жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерді анықтау, – деді Бибігүл Дауылбаева.
Тіл мәртебесінің сақшысына айналған жұмыс тобына белгілі тіл жанашырлары, журналистер және еріктілер еніпті. Олар қателерді анықтап қана қоймай, көрнекі ақпарат мәтіндерін сауатты жазу және дұрыс аудару бойынша әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын да жүргізеді.
Жоба мынадай алгоритмдер бойынша іске асырылып жатыр екен. Біріншісі – «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясын ұйымдастыру арқылы шамамен 3000 шағын және орта кәсіпкерлік нысан иелеріне заңнама талаптарын түсіндіру, екіншіден – жоба аясында «Жедел желі» қызметі арқылы ақпарат, хабарландыру, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері заңнама талаптарына сәйкес ретке келтіріледі. Тегін аударма қызметі көрсетіліп, кәсіпкерлермен кері байланыс орнатылады. Үшіншіден – қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде заңнама талаптары баяндалған бейнероликтер, паук-банерлер орналастыру арқылы ақпараттық насихат жұмыстары жүргізіледі.
Жоба аясында 2020 жылы бір ғана Қарағандының өзінде 3000 нысан қамтылыпты. 2021 жылы Қарағанды мен Теміртауды қосқанда 2000 нысанға жұмыс тобы ат басын тіреген. 2022 жылы Қарағанды мен Саранда 3000, 2023 жылы Қарағандының өзінде 3488 нысан қамтылған. Жоба жетекшілерінің сөзінше Қарағандыдағы көрсеткішті биыл үш мыңға жеткізу жоспарда бар.
Арнайы құрылған жедел желінің мамандары жүгінген кәсіпкерлерге мыңнан астам мәтін аударып берген.
Жұмыс тобы Қарағанды қаласы бойынша 1112 кемшілікті анықтаған. Жауапты мамандардың ресми дерегіне сүйенсек, қателердің 70 пайыздан астамы түзетілген.
Ұлттың болмысы, дүниетанымы, салт-дәстүрі, тіпті, мінезі ана тілімен айшықталады. Біздіңше, жаңа ғасырда қазақ баласының дүниетанымы өзгенікінен озық. Себебі, жаңа буын қанға сіңген қасиетінен ажырамай, көптеген диаспора өкілдерімен ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Бұл әлбетте, білім мен таным көкжиегін кеңітеді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»