Тіл – ұлттық төлқұжатымыз
Әлемдегі халықтың бәрі Адам ғалайссәләмнан тарады. Яғни, түбіміз бір. Сондықтан да, ұлтына, ұлысына қарамай, барлық халықты адам баласы дейміз. Бабамыз – Адам, анамыз – Хауаана. Келе-келе халық ұлтқа бөлінді. Алла тағала әр ұлтқа ұлттық төлқұжаты – тілін берді. Бұл әр ұлттың өзінің ұлттық ерекшелігі. Мұны ешбір күш өзгерте алмайды.
Дүние жүзінде түрлері бір-бірінен айнымайтын ұлттар көп. Оларды түріне қарап қай ұлт екенін айыра алмайсың, тек, тілінен ғана қай ұлт екенін білуге болады. Мысалы, қазаққа ұқсас ұлттар бар. Олар, якут, кәріс, қытай және басқалары. Міне, бұларды түріне қарап қазақтан айыру қиын, тек, тілінен ғана танисың.
Кешегі «Қызыл империяның» тұсында қазақты Алла тағала берген төлқұжатынан – тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айыру саясатын жүргізді. Сөйтіп, біздің ана тіліміз өз жерімізде, өз елімізде өгей баланың күнін кешіп, тіпті, жойылып кетуге таяп қалды. Бірыңғай орыстандыру саясатын жүргізді. Баламызға орысша ат қойдық. Өзді-өзіміз орысша сөйлестік. Жеріміздің атауын орысша атадық. Бұлай етуге де мәжбүр болдық. Балаларымызды орысша оқыттық. Өйткені, орыс тілін білмесе қызметке алынбайтын болды. Барлық іс-қағаздар орысша жүргізілді.
Алла жар болып, еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болдық. ҚР Тұңғыш Президенті, кемеңгер Елбасы Н.Назарбаевтың дана басшылығы, салмақты саясатының, алысты болжайтын көрегендігінің нәтижесінде, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бәрін қалпына келтіріп, өшкенімізді жағып, өлгенімізді қайта тірілтіп жатырмыз. Ұлы даланы мекен еткен ұлтымыздың мәртебесін асқақтатып, ширек ғасыр ішінде бүкіл әлемге танытты.
ҚР Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық…» деп атап көрсетті. Бұл – мезгілі жеткен, ең маңызды іс екені белгілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ана тіліміз – ұлттың жаны.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Басқа тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр ақын айтқандай, өз тіліміздің мәртебесін асқақтату – басты борышымыз. Бұл бағытта латын әліпбиіне көшу өте маңызды шара.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
ҰЛЫТАУ ауданы.