Бас тақырып

The New York Times және Нұр-Сұлтанның ғажабы

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қалыптастырған жаңа астана секілді бірде-бір қала, астана жылдам бой көтерген жоқ» дейді «Нью-Йорк Таймс» газетінің репортері Стивен Ли МАЙЕРС. Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайы туралы жазғанда. 2006 жылдың 13 қазанында «Нью-Йорк Таймс» газетінің бетінде. «Пирамидамен толықтырылған Қазақстанның футуристік астанасы» («Kazakhstan’s Futuristic Capital, Complete With Pyramid») аталған мақалада. Небары 22 айда салынған бұ сарай ғана емес, астана да әлемді сүйсіндірген өзге де сәулет өнерінің тоғысқанын да айтыпты. «Әлемнің басқа елдері де кезінде астана салған. Бірақ, оның ешбірі дәл Астанадай емес», – депті. «Сырт көз – сыншы» ғой. Нұр-Сұлтанның ғажабын тілі, түрі, діні, ділі бөтен, құрлығы жат бөгде сөз қылғанда, оның бекер еместігіне бұқараңыз да бүгінде қолын қойып, куәлік етсе керек еді…

Паналайтын бір талы жоқ тақыр далада астана пайда болды. Оған өзімізден гөрі шетелдіктер таң-тамаша. Қазақстанның шет ел баспасөзінің бетінде жариялануы да сол кезде жиілеп тұрды. Біз парақтап шыққан, әлемдік баспасөзде түкірігі жерге түспейтін «Нью-Йорк Таймстың» өзі көп қозғайды.

Ел тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта әлсін-әлсін, кейінде дүркін-дүркін Қазақстан туралы репортерлерінің жазуы ойлантады. Бұл ненің белгісі? Яғни, елдің саяси сахнадағы салмағын парықтаса керек-ті. Әсіресе, астананың «ғұмырбаяны» былайғы жұртқа өте қызық екен. Стивен Ли Майерс мақаласында көптеген елдердің астана салғанын атайды. Сөйте тұра, оның ешбіріне астана – Нұр-Сұлтанды тең көрмейді. Оның айтуынша, астанада ұлттық, ешкімге ұқсамайтын бірегейлік бар. Осылайша, «Өмір қағидаты» доктринасындағы метаболизм, жаңару, симбиоз бен прагматизмнің шынайы бейнесіне айналыпты.

«Өзге елдер футуристік астаналарын жекелеген аванпосттарда салды. Әсіресе, Бразилия. Ал, басқалардың астаналары трансформацияны өткерді. Оның қатарында, Дубай, Мәскеу де бар. Әйткенмен, олардың бірде-бірі қарыштап, көкке ұмтылған Астанадай емес. Мұнда ұлттық астананы, бірегей астананы жасауға ұмтылыс бар. Оның баршасын жалғыз ғана адам, яғни, Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастыра алды…» депті.

Нұр-Сұлтанның астанаға айналуына сырт түгілі кезінде өзіміздің зиялы қауымның да күмәнмен қарағаны рас-ты. Ол хақында Елбасының естеліктерінде бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдан астананы көшіру туралы Парламентке ұсыныс тастағанда қарсылықтың туындағанын жазған. Сол сәтте кей депутаттар «бұған 40 жыл керек» деген болжам айтқан. Парламент әзер дауыс берген.

«Парламент әзер дегенде дауыс берді. «Жарайды, дауыс берейік. Бүгін оның туған күні ғой. Бұл 40 жылдан кейін іске асады. Ол кезде біз жоқ боламыз» десіп дауыс берді. 1997 жылы, 3 жылдан соң бәрі тыңға кеткендей пойызбен Ақмолаға бет алды», – деді Елбасы.

Астананың әлемді жалт қаратуы үшін 40 жыл керек болмады. Небары 15-20 жылды қажет етті. Парламент қателесті. Оны бүгін көріп отырмыз.

Несін айтайық, астана көп елге үлгі. Өзіміз бағалай алмайтын шығармыз. Алайда, әлем елдерінің бағасы – асқар таудың биіктігі алыстан көрінетінін айғақтайды.

Бұдан бұрын Ресейдің сарапшылары астананы Мәскеуден ауыстыру туралы ұсыныс жасағаны мәлім. Оған негіз – Алматыдан астананы көшіру еді.

Астананы Мәскеуден елдің келешегі зор бөлігіне, мысалы, Қиыр Шығысқа көшіруді талқылаған. Бұл идеяны ұстанушылардың айтуынша, Азия-Тынық мұхит аймағы бүгінде – аса күшті геоэкономикалық орталық, демек оған жақын орналасу қажет. Жоба авторлары «Астананы көшіру – Елбасының табысты шешімі» деген. Экономикалық, әлеуметтік серпін берген жоба ретінде бағалайды. Дамудың жаңа деңгейіне шығарған маңызды саяси және экономикалық құрал деп біледі. Әрі жаңа заманауи талаптарға жауап деседі.

Әлем жұрты осылай дегенде, асқар таудың етегіндегі біз не дей аламыз?!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button