Тестілеуге әзірлік тиянақты
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақтыланған мақсат-міндеттер аясында білім саласына өзгерістер енгізіліп, тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Еліміздің білім саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, ілім-білімнің басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу – инновациялық дамудың негізгі көзі. Сондықтан, біздің билік білім беру саласына ерекше мән беріп, білім берудің жаңа реформасын енгізді. Көпшілік тарапынан қолдау тауып, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Айқын мақсатты жүзеге асыру үшін ҰБТ-ның қолданыстағы форматы жетілдірілді.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2016-2017 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өткізіледі. ҰБТ рәсімін мектепте қорытынды аттестаттауға және жоғары оқу орнына түсу емтихандарына бөлу – жас буынның одан әрі оқуға деген қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, ағылшын тілін меңгергендігін, сондай-ақ, базалық құзыреттілігін (функционалдық сауаттылық) айқындауға бағытталған. Жылдың басынан бері облысымыздағы білім ұялары ҰБТ-ның жаңа форматына сай жұмыстарын бастаған. Жыл бойы мектеп бітіруші түлектерге, ата-аналарға жаңа форматтағы ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бағдарламаның мақсат-міндеттерін негізге алып, әр пән бойынша жүйелі жоспарлар жасалған. Түлектердің қорытынды аттестаттау емтиханына – 5 пәннен, оның ішінде, 4 міндетті және оқыту бейіні ескеріле отырып, 1 таңдау пәні бойынша дайындықтар жүргізілген. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына түсу емтиханына орай, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, таңдаған мамандығы бойынша 2 пәннен бір жауапты, бірнеше жауапты сұрақтарға дайындықтар жүргізілген.
Қазақ тілі пәні бойынша қорытынды аттестаттау емтиханында эссе жазу жұмыстары да кеңінен пысықталған.
ҰБТ-да жеңілдіктер қарастырылған. Тестіге жұмсалатын уақыт мерзімі 3 сағат 30 минуттан бастап 3 сағат 50 минутқа дейін ұзартылған. Уақыт өлшеміне байланысты тест сұрақтарының саны артпаған көрінеді. Оқуға қабылдау балы – бұрынғыдай 50 балл.
Айта кетейік, 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп базаларында емтихандар өткізіледі. Емтихан материалдары ҚР БҒМ тарапынан осы жылдың 27 мамырына дейін жеткізілетін болады. Түлектер қосымша ақпаратты және емтихан пәндері бойынша тест нұсқалары мен жаттығу тапсырмаларының, эссе тақырыптарының тізімін үлгі ретінде testcenter.kz сайтынан ала алады.
Биыл облыста 7 мың түлек мектеп бітіреді.
Нұрдос КӘРІМ