Білім

«Террикон алқабы» – Қарағанды мақтанышы

Қарағандының «Террикон алқабы» – зияткер жастардың ерекше ортасы. Ол жерді тамашалаған адамның кеткісі жоқ. Алқаптың білім беру форматы өзгеше болғандықтан, білікті жастар әлемнің түпкір-түпкіріне қанат қағуда. «Террикон алқабының» негізін қалаушы қарағандылық Александр Дорошенконың АҚШ-қа сапары аясындағы «гугл» компаниясындағы жұмысы сәтті аяқталғаны аймақ үшін үлкен қуаныш.

Суреттер «Террикон алқабынан» алынды

Қазақстандық жоба ойлап табушылардың АҚШ-қа сапары Массачусетс технологиялық институтының жасанды интеллект зертханасының ғылыми қызметкері Санжар Кеттебековтің бастамасымен жүзеге асты. Сапарда Ticketon әзірлеушісі – Леша Ли, қазіргі «Сергек» бақылау жүйесінің тең иесі – Қайрат Ахметов, Киевте Delfast электр велосипедтерін шығаратын стартаптың негізін қалаған алматылық Даниил Тонкопий болды. Қазіргі таңда кәсіпкер жігіттердің басым көпшілігі АҚШ-та қалса, басқалары Алматы, Астанада жүргенінен хабардармыз. Алайда, аймақтың IT хабының бастамашысы Александр туған жерінде қалуды жөн көрді. Мақсаты – кеншілер шаһарына білікті 10 000 ІТ маман тарту.

– Мен үшін әлемде Қарағандыға тең келер қала жоқ. Талантты, белсенді, іскер адамдар бір қалада жиналған уақытта бұл күшті «кейс» болары сөзсіз. Цифрлық технологияға жақын жандар үшін жағымды кеңістік әрі тартымды нүкте жасау – маңызды. Біздің қалада Лондон, Нью-Йорк және Мәскеудегі коворкингтер мен акселераторлардан кем емес орта болса деймін.

Кейде «Террикон алқабына» алғаш келгендер «Мен Қарағандыда емес секілдімін» дейді. Осының өзі бізге үлкен күш береді. Қазіргі таңда үйлер, ғимараттарға қабырға суреттерін салып, Урбанизм орталығын дамытудамыз. Қаланы шаңнан тазартып, заманауи эстетика сыйлаймыз. Жастар осылайша қалаға жаңа леп беруде, – дейді Александр.

«Террикон алқабының» негізін қалаушының айтуынша, 30-жылдары Қарағанды облысына қазіргі Ресей, Украина, Беларусь және Ресей территорияларынан иеліктен айырылған шаруалар жаппай көшірілді. Оның атасы мен әжесі де Қарағандыға жіберілген.

– Балалық шағым 1990 жылдармен сәйкес келді. Ол уақыттарда қалада өндіріс қысқарып, тоқтаған. Зауыттар сатылып, күрделі технологиялық жабдықтар сынықтар қатарына шығарылды. Барлығы әлі күнге көз алдымда. Қазіргі таңда қаржыны сауатты жұмсап, білімге бағыттауымыз керек, – дейді Александр.

Білікті жастың сөзіне сүйенсек, өңірде 10 мың IT маманды оқытып шығару – бірнеше жаңа ірі зауыттар салғанмен тең. Қазір аймақта 3 мыңға жуық IT-компаниялардың қызметкерлері бар. Қарағанды бағдарламашылары үшін үлкен серпіліс қолданыстағы EPAM компаниясының кеңеюімен байланысты болуы мүмкін. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Бұл модель сондай-ақ, ірі аутсорсингтік «IT-фабрикаларды» дамытуға бастайды.

Бағдарламашы IT-компаниялардың қазіргі таңдағы басты мәселесі – университеттегі білім беру мәселесі екенін айтады. Тәжірибелі мұғалімдерді алаңға біріктіруге тырысқанмен, оқу орындары ашық диалогқа дайын емес көрінеді.

«Мысалы Қарағанды техникалық университеті әлі де өз бағдарламалары мен тәсілдерін қайта қарауы керек. Ескі бағдарламалау тәсілдерінен бөлек, нарыққа сәйкес келетініне көшкен жөн. Бағдарламашыларды оқытып шығарсақ, біразы Астанаға, Алматыға кетеді дегенімізбен, көбісі Қарағандыда қалады» дейді ол. Сондықтан «Террикон мектебі» әзірге пилоттық жоба ретінде іске қосылған. 27-30 аптаға созылатын Python, PHP, Android қосымшаларын Kotlin бойынша әзірлеу курстарынан іс жүзінде 100-ге жуық білімді жасөспірім дайын болады деген сөз.

«Террикон алқабындағылардың» айтуынша, жобалар нәтижесін көрсетіп, қалада айтарлықтай өзгерістер орын алуы үшін 10 жыл қажет. Дегенмен, жігерлі жігіттердің соңғы екі жылда кеншілер шаһарында көптеген маңызды өзгерістер жасағанын мойындаған жөн. Бағдарламашылар «Террикон алқабы» Қарағандының визиттік картасына айналғанына бек сенімді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button